МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРГЕ КЕДЕРГІ ЖОҚ
Бүгінде әлем халқының 10%-ға жуығын мүгедектер құрайды. Анығырақ айтсақ, дүниежүзінде мүмкіндігі шектеулі 650 миллион адам бар. Өкінішке орай, біздің елде де мүгедектер саны арта түскен. Республика бойынша 500 мыңға жуық адамның мүмкіндігі шектелген.
Аудан көрсеткішіне көз жүгіртсек, өткен жылы ересек адамдардың 1217-нің мүгедектігі бар. Бұл цифр 2017 жылмен салыстырғанда сәл де болса азайған. Ал алғаш рет мүгедектікке шыққандар былтыр 64 науқасқа жеткен. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 адамға азайған. Балалар арасындағы мүгедектік бойынша да 7 балаға кемігенін айтады жауапты мамандар. Өткен жылы ауданда 38 бала әртүрлі ауру бойынша мүгедектікке шыққан.
Жалпы аурушаңдық бойынша бірінші орында жүрек қан тамырлары ауруы мен қатерлі ісік тұр. Сонан соң жарақат салдары, жүйке, тыныс алу, сүйек, буын аурулары, бүйрек, көз аурулары т.б. ауруларына шалдыққандардың мүмкіндігі шектелген. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге сәйкес 2018 жылы жүрек қан тамырлары, жүйке жүйесі мен көз ауруларының көрсеткіші төмендегені байқалса, керісінше қатерлі ісікке байланысты мүгедек атанғандар едәуір өскен.
Бұл туралы дәрігерлік консультациялық комиссиясының төрайымы Тәжігүл Раманқұл былайша түсінік береді: – Мүгедектік – медициналық және әлеуметтік проблема. Мүгедек ұғымы ересектер мен балаларда әрқалай түсіндіріледі. Яғни, ересектерде түрлі аурулар мен жарақат алу салдарынан еңбекке қабілеттілігі төмендесе, не жоғалса, балаларда оқыту мен тәрбиелеуге кедергі келтіретін шектеулер жатады. Бұл шектеулерге — бойының өспей қалуы, ақыл-есінің дамымауы, танымдық ойын-сауықтық әрекеттер жасай алмауы жатады.
Дегенмен, қазіргі медицина дамыған шақта түрлі туа бітті генетикалық ауруы бар балалардың миына, жұлынына, жүрегіне, дене буындарына ота жасауға болады. Жалпы мүгедектік науқас адамның денсаулығына тұрақты түрде функционалдық ауытқулар мен кемшіліктер байқалған жағдайда ғана белгіленеді. Яғни, науқас мүгедектік топ алу үшін жергілікті жерде кем дегенде 4 айдан кем емес уақытта емдеу-оңалту шараларын алуы тиіс. Содан кейін ғана емдеу мекемесінің жолдамасымен медициналық-әлеуметтік сараптамаға келуі керек. Алайда, науқастардың басым көпшілігі осы талаптарды орындамай, өзіне мүгедектік топ белгіленуін талап етеді.
Ақ пен қара кезек келетін өмірдегі жағдай адамның өмірін түрлі арнаға әкеп соқтырады. Жарақат алып немесе өзге де жағдайлармен денсаулығына және басқа да себептерге байланысты еңбек қабілеті шектелетін жағдай да кездеседі. Мұндай жағдайда жоғарыда айтылғандай азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Сараптама олардың мүгедектік тобын анықтайды. Мүгедектік және еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі 6 айға және 1 немесе 2 жылға, анатомиялық кемістіктер болған жағдайда мерзімсіз уақытқа белгіленеді. Ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге «мүгедек бала» санаты бойынша мүгедектік 6 айға, 1,2,5 жылға және 16 жасқа толғанға дейін деп белгіленеді. Мерзімсіз мүгедектік деген бар. Яғни өмірлік мүгедектікке шығу. Өмірлік мүгедектік – ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған кезде, емдеу-оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда, ал 1 топтағы мүгедектік – кемінде 4 жыл, 2 және 3 топтағы мүгедектік – кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін ғана белгіленеді. Сондай-ақ зейнеткерлік жастағы адамдарға оңалту болжамы қолайсыз болған кезде мерзімі шектеусіз мүгедектікке шығуға мүмкіндік қарастырылған, – дейді дәрігер Тәжігүл Жорабекқызы.
Сонымен қатар жауапты мамандардың маңызды міндеттерінің бірі-мүгедектердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы мен оңалту шараларының ойдағыдай жүзеге асуын қадағалау. Бұл тұрғыда мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті көмек көрсетілуде. Гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіліп, ем-дом алу үшін санаторийға баруға, басқа да құралжабдықтар алуға жағдай жасалған.
Б.ЖАНӘЛІ