Отанның тірегі – отбасы
Жыл сайын 15 мамырда бүкіл әлемде Отбасы күні тойланады. Бұл күн мереке ретінде 1993 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, елімізде де аталып өтіледі. Айтулы датаға орай облысымызда арнайы жоспар бекітіліп, бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақ.
Отбасы – адамның өсіп-өнетін, қанатын қомдап түлеп ұшатын алтын ұясы ғана емес, мемлекеттің іргетасы. Бала мейірім мен адалдықты, адамгершілік пен тектілікті туған топырақта, өскен ұяда бойына сіңіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады» деп атап көрсетті. Ал «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалардың есепшотына қаражат түсе бастайтынын айтты. Бұл тапсырма бүгінде орындалып, халық игілігін көруде. «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп білім мен тәрбие саласындағы негізгі бағыттарды айқындап берді.
Халқымыздың ықылым заманнан бері қастер тұтқан отбасы құндылығы бар. Олар өмірге әкелген, тіршілігіңе нәр берген ата-ана алдындағы парызыңды өтеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жарасымды отбасы құрып, ұлағатты ұрпақ өсіру болып жалғаса береді. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде отбасы құндылығын қадірлеудің, дәріптеудің алтын тіні үзілмей келеді. Осы бағытта өңірімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылып, жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталуда. Неке сарайы, «Анаға тағзым» орталығы, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтары тың бастамаларды қолға алып, аймақ бойынша ұлттық және отбасылық құндылықтарды кеңінен дәріптеуде. Бұл жұмыстар отбасы күні аясында да ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мәлімдеуінше, Отбасы күнін арнайы дата ретінде белгілеу – отбасындағы көптеген проблемаларға елдегі қоғамның назарын аударуды көздейді. Ал БҰҰ сарапшыларының пікірі бойынша бір отбасындағы негізгі құқықтарға көз жұма қарау, ондай проблемаларды елемей, құқықты белден басу – тұтастай адамзаттық сенім бостандығына қауіп төндіре түседі. Сондықтан Отбасы күнін атап өту әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына жол ашады. Өйткені адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да шаңырақта өрбиді. Сол себепті отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Тіпті, Отанның тірегі болған отбасының берекесі – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі десек те болады.
А.ИБРАГИМҰЛЫ