Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Т.Қозыбаев атындағы кадеттер сыныбы ашылды

ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Т.Қозыбаев атындағы кадеттер сыныбы ашылды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Отан қорғаушылар күні қарсаңында №131 Т.Қозыбаев атындағы мектепте полиция бағытындағы кадеттер сыныбының ашылуына қатысты. 

Қоғамдық тәртіпті сақтауда қайсарлықпен қаза тапқан батыр ұлды үнсіздікпен еске алғаннан кейін аудан басшысы ерлік ешқашан ұмытылмайтынын, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында кадеттер сыныбының маңызы зор екеніне тоқталды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, құқық қорғау қызметіне бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу» деп атап өтті. Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін ерекше қадірлейді. Қызмет бабында қайсарлықпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені, өз антына адал болған перзенттерін ел ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі кадеттер сыныбына Талғат Қозыбаевтың есімін берудің өзіндік мәні бар. Жастарға патриотық тәрбие беру, Отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіру, әскери қызметке дағдыландыру аталған сыныпта жүзеге асады. Сол арқылы жастар ел қорғаны болады. Бұл жерден ержүрек, әскери қызметке дағдыланған жас ұрпақ тәрбиеленіп шығады деп сенім білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Оралбек Омаров сөз сөйлеп, Қызылорда облысы полиция департаментінде 1991 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапқан сақшылардың есімін мәңгі ету, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, балаларда құқықтық дүние танымды, жоғары рухани-адамгершілік пен моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында өңірде полиция бағытындағы кадеттер сыныптары ашылып жатқанын жеткізді. Полиция подполковнигі кадеттер сыныбының тәрбиеленушілеріне кадет кәулігін тапсырды.

Сөз кезегінде ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Т.Қозыбаевтың әкесі Есентай Қозыбаев алғысын жеткізді.

Іс-шара барысында Қызылорда облыстық Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы ұрыс тәсілдерін, әскери қару-жарақтарды көрсетті. Сондай-ақ, құрметті меймандар ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Т.Қозыбаев атындағы кадеттер сыныбымен танысты.

Айта кетейік, бейбіт күннің батыры Талғат Есентайұлы небәрі 25 жасында қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ел тыныштығын қорғаудағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және өзі туып өскен О.Мәлібаев ауылындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Жыл сайын батыр ұлды еске алуға арналған казақ күресінен республикалық турнир өткізіліп тұрады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
08 мамыр 2024 ж. 183 0