Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы: қаржылық сауаттылықты дағдыға айналдыру керек
Өткен аптада қаржылық сауаттылық туралы тұрғындарға арнайы курс өткізген сарапшымен газет тілшісі сұхбаттасып, «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы егжей-тегжей әңгімелескен еді. Оқырмандар назарына сұхбатты ұсынамыз.
– Балдырған Нұртуғанқызы, жобаның негізгі мақсаты қандай?
– Жобаның атауы «Қарызсыз қоғам» деп аталады. Негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауатын, біліктілігін жетілдіру. Осы саладағы білімін дамытуға қолдау көрсету. Жоба «Аmanat» партиясының бастамасымен былтыр пилоттық жоба ретінде басталған. Биыл еліміздің барлық өңірінде 5 ақпаннан бастап басталды. Былтыр 65 мың адам оқытылса, алдағы 3 жылда 750 мың қазақстандықты оқыту көзделіп отыр. Соның ішінде биыл 8000 қызылордалық жоба аясында тегін оқытылады. Курстық бағдарлама 5 күнге созылады. Одан бөлек жеке консультациялар беріледі. Несиеге, қаржылық жағдайына байланысты, қандай да мәселесі бар, мәселен, несиеге кіріп кетіп, шыға алмай жүрген өзге де проблемасы бар азаматтарға заңгерлеріміз көмектеседі. Олардың мәселесін құрамында банктің жергілікті филиалдардың өкілдері, қаржы саласындағы мемлекеттік ұйымдардың өкілдері бар жобалық кеңсе тікелей қарап, шешуге жұмыс істейтін болады.
– Қаржылық сарапшы ретінде айтыңызшы, жобаның туындауына не себеп болды?
– Мұндай жобаның туындауына үлкен себеп бар. Ең алдымен айтпағым, мемлекет ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің көрсетіп отырған есептеріне қарап, жағдайдың күрделеніп бара жатқанын түсінді.
Бір ғана мысал, былтырғы жылдың есебі бойынша қазақстандықтар 18 трлн теңге несие алған. Соның ішінде 1,4 трлн теңге 90 күннен кешіктіріліп төленіп жатқан несиелердің қатарына жатқан. 8 млн 400 мың адам несие алса, соның 1 млн 700 мың адам несиесін кешіктіріп төлеушілердің қатарында болған. Сондықтан да бұл жағдайға талдау жасай келіп, несиенің көбейіп кетуі қазақстандықтардың қаржы саласындағы біліктілігінің, білімінің аздығынан туындап отырған мәселе деп шешті. «Қарызсыз қоғам» жобасын «Аmanat» партиясы бастамашы ретінде көтерді. Президент қолдады. Жолдауда атап көрсетіп, Үкіметпен бірге жобаны іске асыруды тапсырды.
Енді қаржы мәселесі төңірегінде тұрғындармен сөйлескенде көбі «айлығымыз шайлығымызға жетпейді» дейді. «Айлығымыздың басым бөлігі азық-түлікке кетеді» деп жатады. Иә, баға өсіп жатыр, оған қоса инфляция бар. Дегенмен азық-түлік алғанда қалауымыз бен қажеттілігімізге қарап алуымыз керек. Затты алған кезімізде бұл біздің қажеттілігіміз бе, әлде қалауымыз ба деген сұрақ қойып, шешім қабылдаған дұрыс. Себебі несие алғандардың жағдайын талдаған кезде бастапқыда мәселе қалауынан туындаған, яғни телефон, жиһаз секілді т.б. Дәл сол кезде қаржылық жағдайына баға бермей несие алған азаматтар кейіннен сол несиені жабу үшін келесі несиені алып, оны жабу үшін тағы несие алуға мәжбүр болған. Яғни жағдай бақылаудан шығып кеткен. Сондықтан әрбір адамның қаржы саласында біліктілігі, білімі, түсінігі болғаны жөн. Бұл ұялатын нәрсе емес. Бұл кәдімгі автокөлікті, тілді үйрену секілді дағды, қабілет. Яғни оны оқу, үйрену және әдетке айналдыру арқылы қалыптастыруға болады.
– Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміз не?
– Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қаржыны дұрыс тиімді басқару, яғни тапқан табысыңыз, үйге кірген кірісіңізді қарызға кірмей, негізгі мақсаттарға бөліп, тиімді пайдалана алу.
– Қаржылық сауаттылықтың бастауы неде?
– Ең бірінші – кез келген азамат кірісі мен шығысын білуі керек. Яғни өзіңіз қанша табасыз, соған кірісіңіз сәйкес келе ме, оны қайда жұмсап жатқаныңыз маңызды. Шығысыңыз кірісіңізден көп емес пе? Егер көп болатын болса, сізге ойлану керек. Ары қарай не істеуге болады, бұл жағдайдан шығу үшін не істеуге болады? Себебі сізде проблема туындауы мүмкін. Жалпы банктен несие алу, несиені жабу үшін келесі несие алу қаржылық сауаттың болмауынан. Яғни қаржыңызды дұрыс басқара алмағаннан мәселе туындайды. Кредит алу арқылы сіз кедейленесіз.
– Қаржылық қорды қалай қалыптастырған жөн?
– Ең бірінші кіріс пен шығысты есептеуден, сондай-ақ табысыңыз түскен сәттен сол қаржыңыздың белгілі бір бөлігін 5 немесе 10 пайыз болар, негізінен қаржы саласындағы сарапшылар 10 пайыз бен 30 пайыз арасында дейді, соны жинап, депозитке жинау арқылы қалыптастырудан тұрады. Әр отбасы үшін резервтік қосымша қор болғаны дұрыс. Оның ең төменгі мөлшері 3 айдың табысының көлемінде болуы керек. Ал жақсы жағдайда 6-12 айға дейінгі табысыңызды жинақтасаңыз, онда сізде қандайда бір көлденеңнен немесе оқыстан болатын жағдай кезде алаңдамауға, өмір сапаңыздың түсіп кетпеуіне себепші болады.
– «Кредит алу – кедейлену», – дедіңіз, сол кредит алмаудың жолы қандай?
– Кредит алмаудың жолы – ең бірінші, кез келген мәселеге қатысты жоспарыңыз болуы керек. Яғни, кредитті біз қандай жағдайда аламыз? Тауарлы кредит туралы айтсақ, көп ретте эмоционалдық сатып алуға жатады. Ұялы телефон, үйге қажетті заттар секілді. Қажеттілігіңіз бен қалауыңызды дұрыс бақыламаудың, дұрыс қадағаламаудың нәтижесінде шығады. Алып тұрған затыңыз сіздің қажетіңіз бе, әлде қалауыңыз ба? Сол дүниесіз сіз өмір сүре аласыз ба, әлде өмір сүре алмайсыз ба? Сол жағын ескеріп барып, ойлану керек. Кредит дегеніміз бұл құрал, яғни, қолданатын құрал. Сондықтан сол құралды қалай пайдалану адамға байланысты. Егер сіз қаржылық жоспарыңызды жасап, мақсатыңызды түзеп, алдын ала дайындалатын болсаңыз, онда сіз кредит емес, сол алған заттарыңызды ақша жинау арқылы алуға мүмкіндігіңіз бар еді. Жалпы кредитті қандай жағдайда алады. Біріншіден, той, баланың оқуы, қосымша оқу орталықтарына оқытуға, т.б. керек жабдықтарға. Ол затты алмас бұрын сол баланың белгілі жасқа келіп ұзатылатынын немесе үйленетінін білеміз. Ендеше сол кезге неге алдын ала дайындалмасқа. Көп жағдайда біздің мәселеміз осындайда туындайды. Біздің кемшілігіміз, күте алмаймыз. Барлық нәрсені қазір алғымыз келеді. Біздің ойды 20 жылдан кейін не болады, Құдай біледі деген ой мазалайды. Сондықтан ақша жинай алмаймыз. Ал сол мақсатты қаржылық сауаттылыққа негіздеп барлығын алдын ала жоспарлап, аз аздан болсын қаржы жинасақ, несие немесе қарызға алу деген болмас еді.
– Балаға ата-ананың қаржылық сауаттылықты үйретудің ең қарапайым жолын айтсаңыз?
– Оның ең қарапайым жолы ата-ана баласына ақша беріп үйрену керек. Мектеп жасына жеткен баланың өзінің жеке қаржысы болғаны дұрыс. Бір айға есептеп, жол пұлы, түскі асы дегендей барлығын өзі жұмсап үйрену керек. Сіздің бір айға берген ақшаңызды бір күнде жаратуы мүмкін. Бірақ сол арқылы ол келесі айдың аяғына дейін ақша алмайтын болса, түсінеді. Берген ақшаңыздың бір айға арналғанын және оны бөліп-бөліп жұмсау керектігін біледі. Бала қаржы жағынан қателік жасайтын болса оны кінәлап, ұрсудан гөрі, оған көбірек түсіндіріп, мысалдар арқылы көзін жеткізген дұрыс. Және ерте жастан ақшаның бағасы, құны болатынын, әр заттың, әр сұраныстың өзіне сай бағасы соған сәйкес алатын реті болатынын, барлығын ашық айтып түсіндіруіміз керек. Сол кезде балада ақшаға қатысты дұрыс түсінік қалыптаса бастайды.
– Бір айлықпен күн көретіндер қаржы қорын қалыптастыра ала ма?
– Әрине, қалыптастыруға болады. Өздеріңізге белгілі, жоспарлы емес, нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Біз тұтынушымыз. Сондықтан бір айлықпен күн көру аздық етеді. Егер шығысыңыз кірісіңізден көп болатын болса, онда қосымша табыс көздерін қарастыру керек. Қолыңыздан қандай дүние келеді, соған сәйкес қосымша еңбек ету, қосымша міндеттеме, қызметтер алу жағын ойлау керек. Егер отбасыға қатысты болса, отбасының қай мүшесінің қолынан қандай қызмет түрлері келеді, соны ақшаға айналдыру көздерін қарастыру қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ