Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қарызсыз қоғам» жобасымен ауданда 740 адам оқытылады

«Қарызсыз қоғам» жобасымен ауданда 740 адам оқытылады

Өткен жылы елімізде пилоттық жоба негізінде іске асқан «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізіледі. Өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналған жоба алдымен 8 өңірде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында ұйымдастырылды. Бұл өңірлерден 65 мың тұрғын жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өткен. Биылғы жылы Қызылорда облысы бойынша 8 мың адам оқытылады деп күтілуде.

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жоба туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, жоба ауқымын кеңейтетін Жол картасын және барлық қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысын жолға қоятын Ережені дайындады. Аталған кеңселер ел азаматтарына қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру жұмыстарын үйлестіреді.

Апта басында кент мәдениет үйінде Қызылорда облысы бойынша құрылған кеңсенің қаржы жөніндегі сарапшысы Балдырған Мәмен кент тұрғындарына алғашқы оқыту курсын бастап кетті. Оқыту басталмас бұрын «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып пен аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығы туралы айтты.

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған жобаның барлық өңірде іске асуы бекер емес. Қазіргі кезде қаржылық сауттылықтың жоқтығынан қаншама адам несиеге батып, тығырықтан шыға алмай отыр. Әсіресе соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артқан. Нақты айтқанда 8,4 млн халықтың басында 18 трлн теңге несиесі бар. Оның ішінде 1 млн 700 адам несие төлеуді кешіктірген. Сондықтан халықты тығырықтан шығарудың жолы ретінде Президент ел Үкіметіне тапсырма беріп, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жобаны іске асыру керектігін айтты. Осы ретте өз жұмысын бастаған қаржы сарапшылары тұрғындарға қарапайым тілмен отбасы бюджетін жоспарлау туралы түсінік беріп, оңды-солды несие алудың салдары мен қаржыны басқараудың қарапайым тәсілі туралы кеңінен түсінік береді.

– Сырдария ауданында басталған оқыту курсына алдыңғы лекпен 50 тыңдаушы қатысады деп жоспарлануда. Жалпы биылғы жылы аудан бойынша 740 адамды оқытатын боламыз. Курс барысында тұрғындардың өмір сүру дағдысын қиындатып жіберген қаржы тапшылығынан шығу жолы туралы және қар­жылық сауаттылықты арттырудағы ізденісім жайында маман ретінде әңгімелеп, пікір алысатын боламыз, – дейді қаржы жөніндегі сарапшы Балдырған Нұртуғанқызы.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 ақпан 2024 ж. 150 0