Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұсау кесу – төл ырым

Тұсау кесу – төл ырым

Қазақтың ерекше салт-дәстүрінің бірі – тұсау кесер. Баланың бесіктен шығып, қаз-қаз басып алғашқы қадамын жасауымен тұспа тұс келетін бұл жоралғы сәбидің алғашқы қадамы құтты болсын, жеңіл жүріп кетсін деген ырымға негізделген. Сондай-ақ баланың тұсауын кім кессе, жолы, жүрісі соған ұқсайды деп ырымдаған.

Тұсау кесу дәстүрі кім көрінгенге сеніп тапсырылатын шаруа емес. Ата-ана баласының жолы ақ, өмірі өнегеге толы болуын арман етеді. Сол жолда мінезі көркем, жолы жақсы адамдарға ырымдап тұсау кестіріп жатады. Тұсау кесу рәсімі екі жақтың келісімімен жүргізіледі. Осы кезге дейін бір ғана емес, бірнеше баланың тұсауын кескен кейіпкерлерді іздестіріп көрген едік.

– Осы уақытқа дейін төрт баланың тұсауын кестім, – дейді Перизат Тұманова. Әдетте, ата-аналар Перизаттай мінезі көркем, адал адам болып өссін деп ниет ететін көрінеді. Және әр тұсау кесуі өзінше қызықтарға толы болған кейіпкеріміз бұл туралы бізге әңгімелеп берді.

– Алғаш тұсау кесуім бұдан бірнеше жыл бұрын болды. «Әкесі құрдастың баласы құрдас» дегендей, анамның құрбысының қызы Айзере есімді кішкентайдың тұсауын кесуімді сұрады. Алғашқыда әрине қалай болар екен деген қорқыныш болды. Көрген-білгенімізбен, үлкендердің ақыл-кеңесі­мен ырымын жасадық. Қызымыз қа­зір, шүкір, Н.Назарбаев атындағы мектеп­тің үз­дік оқу­шысы, – дейді Перизат.

Екінші ретте нағашы жағынан Нұр­ислам деген жігіттің тұсауын кескен ке­йіп­­ке­ріміз­­дің үшінші тұсау кесуі тіп­ті қызық болған екен. Әдеттегідей алдын ала дайын­дықпен емес, тіпті ұсыныс туған-туыс, дос-жараннан да түспеген.

– Аяқ астынан Шымкентке жолға шықтық. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, пойызда танымайтын адамдармен де жақын туған-туыстай араласып, әңгімелесіп кететін кездер болады ғой. Сон­дай бір жақсы көршілермен сапарлас болдым. Әдеттегідей үлкен кісілерге шайын, тамағын дайындап көмектесіп, одан қалса кішкентай балаларын ойнатып жүргенмін. Бір уақытта үлкен кісілер баласы­ның тұсауын маған кестіргісі келетінін айтты. Қапелімде не істерімді білмей, пойыздағы саудагерлерден ойын­шық, киімін алып беріп, жоралғымды жасап, пойызда танысқан кішкентай балақай­дың тұсауын кескенім бар. Қазақ хал­қы ырым-жоралғыны қалт жібермейтін халық қой. Ол кісілер де сол жерде сыйын жасап, ерекше есте қалатын сапар болған еді, – дейді кейіпкеріміз.

Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет ететін Перизат Тұманованы бір ауданның тумасы болғандықтан былайын­ша жақсы танимыз. Көркем мінезді, бия­зы ару көпшілдігімен, инабаттылығымен көпке сыйлы. Қазақы салт пен дәстүрді де жетік білетін ол төртінші мәрте Нұрайым есімді бөбектің тұсауын кескенін айтады. «Нұрайым – менің жақсы араласатын достарымның қызы. Балапанды туған кезінде шілде суына түсіріп, қырқынан шығару құрметі де маған бұйырған еді» дейді кейіпкеріміз.

– Тұсау кесу туралы көп іздендім. Үлкендерден кеңес алдым. Әдетте баланың тұсауын ала жіппен кесемін. Және пышақпен кесуді жөн санаймын. Себебі қазақта «қайшының жүзі екеу, пышақтың жүзі біреу» деп келетін сенім бар. Осы ретте бала болашақта екіжүзді болмасын, пышақтай өткір болсын деп ырымдаймын. Сондай-ақ алдына қарай кесу де маңызды. Жолы ашық, болашағы жарқын болсын деген ниетте. Және тұсау кескен пышақты отырғандардың арасынан тұрмыс құрмаған қыздарға ырымдап сатамын. Ол да қазақтың наным-сеніміне негізделген ырым, – дейді Перизат.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

06 ақпан 2024 ж. 308 0