Сырдарияда қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты
Бүгін Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшының орынбасары Құралай Омарова қызылша ауруының белгілері мен оның алдын алу жөнінде аудандық қоғамдық даму бөлімінің баспасөз орталығында арнайы брифинг өткізді.
Брифинг барысында қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу барысында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшының орынбасары Құралай Омарова айтып берді. «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі аталған басқарманың ресми парақшасы арқылы көпшілікке брифинг көрсетілді.
– Бүгінгі таңда Сырдария ауданы бойынша қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қызылша ауруының 45 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың 17-ші қаңтарына дейін 3 жағдай тіркелді. Қызылшамен сырқаттанушылыққа талдау жасайтын болсақ, қызылша диагнозына күдіктілікпен алынған науқастар саны – 48, 100 мың халыққа шаққанда аурушаңдық 126,2 деңгейді көрсетеді. Оның ішінде зертханалық жолмен нақтыланғаны – 12 (31,5%). Тіркелген 48 жағдайдың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 37, 100 мың халыққа шаққанда 321,1 деңгейде аурушаңдық көрсеткішін көрсетіп отыр. 1 жасқа дейінгі балалар арасында – 11жағдай, 5 жасқа дейінгі балалар арасында – 24, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында - 2 жағдай. Ересектер арасында тіркелгені – 9, оның ішінде жүкті әйел-1. Тіркелгендердің 75,5пайызы, яғни 36 жағдайында қызылша ауруына қарсы екпе алмағандар болса, 22,9 пайызының 11 жағдайында екпе алуға уақыты келмеген 1 жасқа дейінгі балалар. 6 жағдайында екпесі туралы деректері жоқ, 17 (35,4%) жағдайында мүлдем екпе алмағандар және 2 (4,1%) жағдайы түбегейлі екпеге қарсылық білдіргендер арасында болуда. Бұл жерде тағы да айта кетерлік дерек қызылша ауруына қарсы иммундық статустың әлсірегендігін көрсетеді. Қызылша ауруын емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу тегін және екі рет жүргізіледі. Біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген (ҚҚП) қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады. Ауруды емдеуден гөрі алдын алу әрқашан оңай, – дейді Қ.Омарова.
Қызылша ауруының алдын алу барысында мекеме қызметкерлері арасында және білім беру ұйымдары, балабақшаларда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, семинар ұйымдастырылуда.