Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәһр деген немене?

Мәһр деген немене?

Мешітте имам кісі екі жастың некесін қиып отырып, қалыңдыққа қарата «Мәһрге не сұрайсың?» депті. Әлгі қыз «Көлік берсін» десе, имам «Көйлек дейсің бе?» депті алғашында. Қалыңдық біреудің еркін өскен ерке қызы болса керек, ашуға булығып, «Көйлек емес, көлік, көлік» деп айқайлап жіберіпті. Осыны жақында бір асаба той үстінде айтып, жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылды.

Әзіл-шыны аралас осы оқиғаны естіген бір ағамыз «Мәһр деген немене?» деп сұраулы жүзбен бізге қарады. Сол-ақ екен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-інші курсында оқитын бір інішек «Мәһр деген – күйеужігіттің қалыңдыққа беретін сыйлығы» деді табан астында. Әлгі ағамыз түсінбеген сыңай танытты да: «Оны не үшін береді?» деді. «Білмеймін, әйтеуір береді, беру керек екен» деп қысқа қайырды жас жігіт. Асабаның әңгімесінен кейінгі той үстіндегі екеуара диалогты еріксіз тыңдап отырып, мәһрдің мәні мен маңызы туралы жазуды жөн көрдік.

Алдымен ғаламторға мәһр туралы сұрау салдық. Алдымыздан үлкен талас тудырған тақырыпқа арналған «көлдей» сараптамалар, мақалалар мен ой-пікірлер шыға келді.

Мәһрдің мәнін тек діннен іздейтін жас келіндердің іс-әрекетіне «күйіп кеткен» біреу «Дәрет алуды білмейтін қалыңдықтар дінге сүйеніп, мәһрді талап етуді шығарды» деп жазыпты.

Еріксіз күлдік. Бірақ бұл жай күлкі емес, ойланарлық күлкі еді... Күлеміз-ау... Бірақ осы тақырып шынымен трендте тұр. Тренд дегеннен шығады, бірінен бірі озуды мақсат еткен жастар айды аспанға шығарып, мәһрдің құнын да шарықтатып жіберген. Оған күйеужігіттің шамасы келе ме, жоқ па, онда ешкімнің шаруасы жоқ.

Мәһр күйеужігіттің неке қию салтанатындағы келісім негізінде қалыңдыққа беретін сыйлығы делік. Оған талас жоқ. Бірақ оның не үшін берілетінін білеміз бе? Имамдар мәһр туралы айтпас бұрын, ер мен әйелдің бір-бірінің алдында мұсылмандық ақысы бар екенін білген дұрыс дейді. Ал көп ақының бірі болып саналатын мәһр беру – шариғатта уәжіп амал саналады. Яғни орындалуы дәл парыз амалы секілді талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер. Сондықтан неке қию барысында мәһр туралы айтылып өтуі қажет. Бұл – сүннет. Имамдар сондықтан мәһр туралы айтып, кейін дау тудырмас үшін нақты келісімді дауыстап жария етеді, тіпті берілетін сыйлықтың мөлшерін, берілетін уақытын да шегелеп, нақтылайды. Ал оның түпкі мәні тек сыйлық сыйлауда емес екен.

Ертеде мәһр ретінде берілген зат әйелге күйеуі жоқ жағдайда өзін және балаларын асырауға көмек болған.

Айта кету керек, шариғат талаптарында мәһрдің мөлшері белгіленген. Ханафи мәзһабы бойынша оның ең аз мөлшері – 10 дирхам. Тарихқа сүйенер болсақ, сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам 1 алтын динарға тең болған. Ал 1 динар алтынның салмағы 4,25 граммды құраған. Осы ретте ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жөнінде пәтуа қабылданғанын біреу білсе, біреу білмейді. Десе де Ислам – жеңіл дін, адамдарға ауырлық қылуды жақтамайды. Оның үстіне Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Әйелдердің ең жақсысы – мәһрі аз болғаны» деген хадисі бар. Елімізге белгілі дінтанушы Абдусамат Қасым осы хадисті алға тартып, қалыңдықтардың «пәтер», «көлік» деп мәһрін шарықтатпағаны дұрыс дейді. Сондай-ақ жігіт пен қыз келісе отырып, «қалыңмалды» мәһр деп атауға рұқсат етіледі екен. Мұндай жағдайда ер адамнан мәһр беру парызы алынады.

Ерте заманда әйел-аналар мәһрге алынған затты отбасылық құндылық ретінде тұтынған. Ері алда-жалда соғысқа аттанғанда немесе өмірден өткенде, тіпті басқа да жағдайлар болғанда мәһрге алған сыйлығы арқылы өзін де, отбасын да асыраған ел аналары көп. Сондай-ақ күйеужігітке артық салмақ салып, қымбат зат сұрауды да шариғат құптамайды. Біз мұны бекер айтып отырған жоқпыз. Өйткені қазіргі қалыңдықтар мәһрдің мәнін түсінбей «Айфон 15» немесе қымбат көлік пен бірнеше бөлмелі пәтер сұрауды әдетке айналдырып барады. Бұл да діни сауаттылықтың төмендігінен болар...


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

Фото: kazislam.kz
26 желтоқсан 2023 ж. 292 0