Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы
Жыл көлемінде Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің 19 отырысы өткізіліп, 77 мәселе қаралды. Оның бәрі жергілікті басылымда кеңінен ақпараттандырылды. Кеше аудандық қоғамдық кеңестің 2023 жылғы қорытынды отырысы өткізіліп, күн тәртібінде негізгі төрт мәселе жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Еспенбетов жиынды ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді жиналған көпшілікке таныстырды.
2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов баяндама жасады. Сонымен қатар әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы Сырдария аудандық мәслихатының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 54 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім жобасын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаев таныстырып өтті. Ал игерілмеген жерлерді және нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейітов баяндама жасады. Соңғы мәселе – Сырдария ауданы бойынша салық базасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар мен қабылданған шараларға арналды. Бұл туралы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Д.Айбусинов хабарлама жасап, атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Жиын барысында Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелері төрт мәселеге қатысты сала басшыларына сауалдарын жолдап, тұщымды жауап ала білді.
– Бұл биылғы жылдың қорытынды отырысы болғанымен біз келесі жылы атқарылатын жұмыстардың жобасын қазірден пысықтауымыз қажет. Жақын күндері жылдық жоспардың жобасы әзірленеді. Біздің басты мақсатымыз – халық пен билік арасына «алтын көпір» болу, ортақ маңызы бар мәселелердің шешілуіне атсалысу. Осы бағыттағы жұмысымыз келер жылы жанданады деп сенемін, – деді қоғамдық кеңес төрағасы.
М.Еспенбетов кеңес мүшелерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, алдағы жылдан үлкен үміт күтетінін алға тартты.
Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің жыл бойы атқарған жұмысы өте ауқымды саналады. Себебі сан түрлі мәселемен бетпе-бет келген кеңес мүшелері елдің көкейіндегі түйткілді жайттарды басты назарға алды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ