Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Парыз» сыйлығын иеленді

«Парыз» сыйлығын иеленді

Ел Президентінің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлы­ғын табыстау рәсімі 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.  Мемлекет басшысының қаты­­суымен өткізілген биылғы айтулы іс-шарада Сырдария ауда­нының «Абай-Дәулет» серіктестігі «Парыз» кон­курсының шағын және орта кәсіпорындар ара­­сындағы гран-при жүлдесін иеленді.

Жоғарғы марапатты Прези­дент­ Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай-Дәулет» серік­­тес­­тігінің директоры Мұрат Сәрсенбаевқа табыстады.

Еске салсақ, «Абай Дәулет» ЖШС байқауға «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша өтінім тапсырған болатын. Бүгінде даму қарқыны жоғары көпсалалы ком­панияның негізгі бағыты – күріш, құс және мал өсіру, тамақ өндірісі мен құрылыс материалдарын шығару. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұған дейін 2019 жылы кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары», 2020 жылы «Іскер», 2021 жылы «Алтын сапа» байқауларының лауреаты атанған еді. Осы ретте­ «Абай-Дәулет» серіктестігінің ауданымыз­дың да әлеуметтік-эконо­микалық дамуына айрықша үлес қосып келе жатқанын айтып өткеніміз жөн. Әсі­ресе Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылының дамуына ерекше­ атсалысып, қолдау көрсетуде. Мәселен биыл аудандық «Достық» үйі мен жас­­тар ресурстық орталығын жөн­деу­ден өткізіп берді. Мұнан бөлек қайырымдылық іс-шараларының да ұйытқысы болып жүр. 2020-2023 жылдары компания демеушілік пен қайырымдылыққа, әлеуметтік нысан­­­­дардың құрылысы мен күтіп ұстауына 1,3 млрд теңге жұмсаса, аймақ да­муы­на 2,5 млрд теңге көлемінде инвес­тиция салған.

Аймағымыз үшін жағымды жаңа­лық болып табылатын жетістікті өңір халқы қуанышпен қабылдады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Прези­дентінің «Алтын сапа», «Парыз» сый­лықтарының иегерлері мен өзге де байқаулардың лауреат­тарын Сыр жұртшылығы атынан құттықтады.

– ҚР Президенті Әкімшілігінің жа­нынан құрылған республикалық комиссия қорытындысымен «Парыз»­ кон­курсының шағын және орта кәсіп­орындар арасындағы гран-при жүлдесін «Абай Дәулет» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі иеле­ніп, аймағымыздың мерейін үстем етті. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алған марапат­ құтты болсын! Аталған жүлде бір кәсіпорынның ғана емес, Сыр жұртшылығының жеңісі деп білеміз. Бұл – облыстағы барлық кәсіпкерлік саласының өкілдеріне берілген жоғарғы баға, – деген аймақ басшысы облыстың өркендеуіне, әлеу­меттік-экономикалық дамуына­ атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.

Айта кету керек, «Алтын сапа» сыйлығы байқауының финалына Қызылорда облысынан 4 кәсіпорын өтіп, оның ішінде «Асыл дән ЛТД» және «Alexey Sultan Akhmet» ЖШС «Іскер» арнайы сыйлығының жеңім­пазы атанды. Ал «Алтын орда» серіктестігі «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын беру конкурсының лауреаты болды. Негізі әр жылдары аймақтың 17 кәсіпорны «Парыз» конкурсының лауреаттары­ атанды. Атап айтқанда, 2009 жылы «Торғай-Петролеум» АҚ, 2014 жылы «Қазгермұнай БК» ЖШС гран-при жүлдесін иеленді. Биыл облыс бойынша конкурсқа қатысуға 16 кәсіп­орын өтінім беген. Оның 5-еуі – ірі кәсіпкерлік субъектісі, 11-і – орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
16 желтоқсан 2023 ж. 203 0