Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының мәдениет күндері «Сұлу Сырдан - Ару Астанаға» атты гала- концертпен қорытындыланды

Қызылорда облысының мәдениет күндері «Сұлу Сырдан - Ару Астанаға» атты гала- концертпен қорытындыланды

Астанадағы "Бейбітшілік және келісім сарайында" Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері «Сұлу Сырдан - Ару Астанаға» атты гала- концертпен қорытындыланды.

Елордалықтар ең алдымен сарай фойесіндегі «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен танысты. Көрмеге аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған. Әсіресе, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, жаңғыртудан өткен "Шірік-Рабат сақ жауынгері"," Сығанақ ханшайымы" мүсіндерін, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа берілген "Алтын домбыраны" және өзге де жәдігерлерді тамашалаушылар легі көпке дейін толастамады.

Сыр өнерінің салтанатын көруге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

Гала-концертте Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек ән шырқады. Сондай-ақ, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл ғана құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, Сыр өңіріндегі жыраулық мектептер өкілдері, тағы да басқа таланттар өнер көрсетті.

Концерт Қызылорданың гимніне айналған Е.Әбдіхалықованың «Сыр елім» әнімен ашылды.

Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Арал ауданының тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйін орындады. Экранда шежірелі өңірде тарихи төрт астананың болғандығын баяндайтын бейнетуынды көрсетілді.

Сыр бойындағы Нұртуған, Жиенбай, Сәрсенбай жырау, Нартай ән-жыр мектептерінің мақам-саздары домбырамен, сырнаймен, қобызбен орындалды. Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Бимбетова, Жиенбай жыр мектебінің өкілдері Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Нұрай Ерталапқызы, Сәрсенбай жыраудың ұрпағы Майра Сәрсенбаева, Нартай ән мектебінің өкілі Ақмарал Ноғайбаева және Марат Сүгірбай, бала жырау Нөсер Айдосұлы Астанаға жыр шашуын арнады.

Түркітілдес елдерге ортақ Қорқыт бабамыздың қобыз сарынын бүгінге жеткізген қылқобызшылар Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындаса, әнші, «Қазақстан дауысы» мега жобасының және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Құралай Мейрамбек жергілікті ақын Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін шырқады.

Астаналық көрермен Өнер мерекесінде тұңғыш рет екі оркестрдің айтысын тамашалады. Кәсіби өнер иелерінен құралған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жақында тұсауы кесілген симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады.

Қазіргі кезде Сыр бойында дәстүрлі өнермен қатар, классикалық музыка жанры да өз биігінен орын алды.

Концерттің классикалық бөлімінде солистер 5 тілде әлемдік туындылар шеруін жасады. Қазақтың ән өнерін әлемдік сахналарда насихаттаған Мағжан Аманжолов, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенова және жерлестеріміз Бибігүл Жанұзақ, Ұлпан Әбдікәрімова, Алмат Изманбетов, Асхат Бөлебай классикалық шығармаларды шарықтатты.

Концерттік бағдарламаға түрлі жанр, заманауи коллаборациялар, этно-модерн стилінде өнер көрсетіп, қазақ күйлерін басқа аспаптармен сүйемелдеп, кеңістігін кеңейткен баянист-аккордеонист, халықаралық байқаулардың лауреаты, Сыр елінің тумасы Ғалымжан Нарымбетов те шақырылды. Ол симфония оркестрінің сүйемелдеуімен француз композиторының туындысын орындады.
Ал "Сыр сандуғаштары" балалар тобы Ринат Гайсиннің «Астана» әнін елордалықтар назарына ұсынды.

Мерекелік гала-концерттің эстрада бөлімінде Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова елордаға арналған әндерді шырқаса, жергілікті өнерпаздар Жалын Жүсіпов, Айсұлу Әбді, Аружан Төреғали, Ерлан Садықов оркестрлер сүйемелдеуімен Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» туындысын асқақтатты.

Астана сахнасындағы Сыр өнерпаздарының концертінде аншлаг болды. Дәстүр мен классиканы, эстраданы ұштастырған, ерекше көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға елордалық көрермен тік тұрып қошемет көрсетті.

Еске салсақ, Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері аясында елордалықтар Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының репертуарындағы Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасын, Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклін тамашалады.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
10 желтоқсан 2023 ж. 263 0