Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңғалдырған театрлар байқауы

Таңғалдырған театрлар байқауы

Ерғали Оразымбетов. Бұл есім өнер мен мәдениет саласынан хабары бар әрбір азамат үшін құрметті, қадірлі. Дара дарын иесінің Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуы­на қосқан өлшеусіз үлесі аймақтың тарихындац алтын әріппен жазулы. Жеті жыл бұрын өмірден өткен көрнекті режиссер, Қазақстанның халық әртісі, профессор Ерғали Оразымбетов тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.

Аудандық мәдениет үйі­­нің ұйымдастыруымен Е.Оразымбетовті еске алу мақсатында халықтық ата­ғы бар театрлардың облыстық байқауы ұйым­дастырылды. Мәде­ни іс-шараға облыс көлеміндегі  халықтық атағы бар 6 театр ұжымы қатысты. Ақындар «Таланттардың өлкесі» деп жырға қосқан Тереңөзекке келген меймандарды аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, қазақы дәстүрмен қарсы алды. Ауданның тарихын таныс­тырып, жетістіктерін паш еткен жастар қонақтарға дәм ұсынып, ауылдың алты ауызын айтып, төрге оздырды. Бұл күні өнер ұжымдары аудан тарихынан сыр шертетін «Ең­бек Даңқы» музейінде де болып, 95 жылдық тарихы бар Сырдарияның бағындырған белестерін көз­бен көріп, тарихи жә­ді­­герлермен де таныс­ты.

Ал облыстық байқауды аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Төрәли­ев пен белгілі саз­­­гер, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайрат­кері Р.Тайманов құттық­тау сөз­бен ашып, естелік­тері­мен бөлісті.

«Ерғали Оразымбетов­тің еңбегі де, есімі де ешқашан ұмытылмайды. Ол дүйім ел мақтан тұтатын белгілі өнер жанашыры еді. Режиссер ретін­де зор абыройға ие бола­тын» деді Жеңісбек Үсенұлы. Ал Рамазан Тайманов саналы ғұмырын сах­на­ға арнаған біртуар аза­маттың жұрт біле бер­мейтін қырларын айтып, бірге қызмет еткен жылдары жөнінде естен кетпес естеліктерінен сыр шертті.

«Пролог» деген ұғым­ды сахнаға енгізген, ең алғаш рет ұйымдастырған режиссер Ерғали ағамыз еді. Ерекеңнің сол қолтаңбасы өз өміршеңдігін көрсетті. Әлі күнге қандай да бір іс-шара ұйымдастырылса, міндетті түрде басында пролог қойылады. Ал оның төл авторы – біздің Ерғали Оразымбетов еді», деді Рамазан Тайманов.

«Ұлттық өнерді ұлықтаған...» атты халық театрларының облыстық байқауында Қ.Қазантаев атындағы Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасын сахналады. Ал Ш.Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры М.Сәрсекенің «Тендерге­ түскен келіншек» драмасын көпшілік назарына ұсынды. Ғ.Жанұзақов атындағы Айдарлы ауылдық клуб үйі жанындағы халық театры бұл жолы О.Бөкейдің «Атау кере» драмасын сахнаға алып шықты. Түске дейін үш ауданның қойылымын көріп, өнерін тамашалаған жұртшылық түстен кейін облыстық байқаудың жалғасын көруге көптеп жиналды. Шиелі аудандық халық театры байқауға Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасымен, М.Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры М.Қолғанаттың «Түнек психологиялық драмасымен келіпті. Сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы «Бірлік» халық театры А.Ахметтің «Таныс бейтаныс тағдырлар» психологиялық драмасын сахналады. Осылайша таңертең басталған облыстық байқау өз мәресіне жетіп, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық  музыкалық драма театрының  режиссері, ҚР Мәдениет саласының үздігі К.Жанмұратова бастаған Отбасы орталығы басшысының орынбасары, театр сыншысы Ұ.Қылышбаева және ақын А.Ибрагимұлы байқау жеңімпаздарын анықтап, марапаттау салтанаты өткізілді.

Байқау қорытындысы бойынша Айдарлы халық театры бас жүлде мен 150 000 теңгелік қаржылай сыйақыға ие болды. Ал Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры Ерғали Оразымбетов атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Сәйкесінше І орын Шиелі аудандық халық театрына берілсе, М.Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры мен Ш.Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры жүлделі II орын берілді. Ал Жаңақорған ауданынан келген «Бірлік» халық театры ІІІ орынға лайықты деп танылды.

Айта кету керек, байқау барысында іс-шара қатысушыларына арналып ас беріліп, Е.Оразымбетовтің рухына Құран бағышталды. Аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаев іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша әріптестеріне шынайы ризашылығын білдіріп, халықтық атағы бар театр ұжымдарына шығармашылық сәттілік тіледі.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
09 желтоқсан 2023 ж. 220 0