Уақыт өзгермейді
«2023 жылғы 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні 00.00-де сағат тілі Астана уақытына ауысады» деген ақпарат әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тез тарады. Ресми органдар жылдам үн қатып, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізбеген соң халық бұл ақпараттың не рас, не жалған екенін білмей әбігер болды.
Ақпараттың анық-қанығын білу үшін редакцияға хабарласқан азаматтар да көп болды. Басқасын айтпағанның өзінде, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаевтың өзі хабарласып, мәселенің мән-жайын білді.
– Соңғы күндері бірнеше азамат осы ақпараттың рас-өтірігін білу үшін хабарласты. Неге ресми түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ол ақпараттандырылмайды, – деді Мұса Алпысбайұлы.
Біз аудан көлемінде қандай да бір баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, аудандық газетке ақпарат ұсынылмағанын жеткіздік. Сосын бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, әлеуметтік желілерде ресми органдардың мәлімдемесі жарияланбағанын айттық. Осыған орай біз аудандық қоғамдық даму бөлімінің мамандарынан бұл ақпараттың жалған екені неге түсіндірілмей жатқанын сұрадық.
– Тұрғындар қалыптасқан уақыт өзгертілсе, арнайы жиындар ұйымдастырылатынын, ресми хабарламалар таратылатынын біледі. Бұл біздің тәжірибемізде бар. Сондықтан 1 желтоқсаннан бастап уақыт өзгертіледі деген ақпаратқа сенудің қажеті жоқ, – деп қысқа қайырды аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов.
Иә қазір заман дамыған, жаңалықтар тез тарап кететін кезең. Тіпті қазір айтылған бір ауыз сөз бір сағатта алты құрлыққа тарап, алты сағаттан кейін ұмытылып кетеді. Ақпараттар легі ауқымды осындай кезеңде жаңалық таратудың өзі зор жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан халықты әбігерге салып, адастырып қоятын адамдар әлеуметтік желіге қандай да бір жаңалық жазарда ойлануы қажет. Бұл мәселе кеше Мәжілісте талқыланған жаңа заң жобасында пысықталды. Енді жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілігі бұрынғыдан да қатаңдатылатын болады.
«Тт» ақпарат