Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыс тұрғындарымен кездесіп, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселенің бірі – Арал теңізін сақтап қалу бағытындағы негізгі шаралар туралы сөз қозғады. Одан бөлек, орман шаруашылығындағы жұмыстар, балық экспортын арттыру, жануарлар дүниесін қорғау, тұрмыстық қалдықтарды реттеу жайында айтылды. Жиыннан соң министр тұрғындардың мәселелеріне байланысты жеке қабылдау өткізді.

Одан әрі Ерлан Нұралыұлы БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, Қызылорда облысындағы жұмыс сапары туралы толығырақ баяндап берді.

– Бүгінгі халықпен кездесуде баршамызды толғандырған экологиялық мәселелер жан-жақты талқыланды. Әсіресе қатты тұрмыстық қалдықтар мен «Байқоңыр» аумағындағы құрылыс қалдықтары экологияға едәуір зиян тигізуде. Осыған байланысты мемлекетаралық комиссия отырысында «2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы» әзірленген. Бүгінде осы жоба шеңберінде 12 мың текше метрден астам қалдық жойылды. Алдағы уақытта Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп, ауқымды инвестициялық жоба әзірленетін болады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Аралдың құрғаған табанындағы 1 млн 100 гектар жерді көгалдандыру жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Осы бағдарлама бойынша балықты қолдан өсіруге арнайы субсидия қарастырылған. Бұл жұмыстардың нақты орындалуы министрліктің тікелей бақылауында, - деді.

Өз кезегінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, сапарын қорытындылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 қараша 2023 ж. 248 0