Көлікті газға ауыстыру шараларына шектеу қойылуы мүмкін
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көлікті газға ауыстырумен айналысатын әуесқойлардың жұмысына шектеу қойылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Сұйытылған мұнай газы сұйытылған көмірсутек газына жататын білесіздер. Бұл адам үшін қауіпсіздігі 4-класқа жататын қосылыс деген сөз. Ауамен араласқан кезде жарылып, өрт туындататын заттың бірі болып есептеледі. Яғни, осы өнімді қолданушыларға мұны да ескеру керек. Біз бірқатар шара қабылдауды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде сұйытылған мұнай газының экспортына тыйым салдық. Қазір көлік иелеріне машинасын газға ауыстырмауға кеңес береміз деп айтып жүрміз. Кейін осындай әуесқой тәсілмен көлікті газға ауыстыру амалдарын толық тыйым салуға дейін баратын шектеу шараларын қабылдауымыз мүмкін», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр сұйытылған газды жанармай ретінде пайдаланғаннан да мұнай-химия өндірісінде шикізат ретінде қолдану әлдеқайда тиімді екенін еске салды.
Фото: Kazinform