Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Белсенді жас, тәжірибелі механизатор

Белсенді жас, тәжірибелі механизатор

Жастар саясатын дамытуда елімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ауыл жастарын қолдау іс-шаралары қолданысқа енгізіліп келеді. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы саласында жас та болса еңбек ететін білікті мамандардың жұмыс өнімділігін арттыруға қабілеті зор екенін айта кетейік. Мәселен, «Шаған-Жер» ЖШС-нің механизаторы Айбек Уәлиев іргелі шаруашылықтың тәжірибелі маманына айналып үлгірген. Ол – «Республика күні» ұлттық мерекесінде «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен» наградталды.

Жақында Мемлекет басшысы Сыр еліне сапары барысында Нағи Ілиясов ауылына барғаны дүйім жұртқа белгілі. Еңбек адамдарымен кездесу барысында шағандық жас механизатор Айбек Болатбекұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл шаруашылығы саласында атқа­рылып жатқан жүйелі жұмысты баяндаған болатын. Өз кезегінде Мемлекет басшысы ауылда әрбір жастың еңбек етуіне жағдай жасау керектігін тілге тиек етті.

– Ауылда жастардың жұмыс іс­теу­іне, өмір сүруіне қолайлы жағ­дай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі бол­уы қажет. Сондықтан өзге облыс­тар да ауылдарды осылай дамытады деп ой­лаймын,– деген еді Мемлекет басшысы.

Негізінен, Айбек Уәлиев талай еңбек ерлерін тудырған Шаған ауылының тумасы. Сыр саласынан тау тұрғызған шаруалардың ізбасары жаны қалаған қызметтің қыр-сырына қаныққан. Ол – серік­тес­тіктің құрамында механиза­тор ретінде техникалардың уақы­тылы жүруіне, май-суының ауысуына жауапты. Сонымен қатар егін жинау науқанында «Сase 23-88» комбайынының жүргізушісіне көмекші болса, ерте көктемде «Хтз-150» тракторын тізгіндейді.

– Айбек секілді жас мамандарды ерекше қолдап, біліктілігін арттыруға барынша ықпал жасауымыз керек. Жас маман ең алғаш осыдан 4 жыл бұрын жұмысқа орналасқанда аға буын өкілдерінен үйренері көп екенін жақсы білді. Әр жылдары шаруашылықтың үздік нәтиже көрсетуіне өзіндік үлесін қосты. Ел Президентінің алдында жас маманымыз сөз сөйлеу мәртебесіне ие болғанына қуаныштымыз. Жыл қорытындысы бойынша егін шаруашылығы саласында күріш өндірісін дамытуда үздік шаруашылық номинациясы бойынша III дәрежелі дипломмен біздің ұжым марапатталды. Шаруашылық осы жылы 3035 гектар күріштің әр гектарынан 52,0 центнерден өнім жинап, үздік үштікті қорытындылады. Елдің дамуы жолында, ауылды түлетуге барымызды саламыз, – деді «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов.

Жас механизатор отбасында 3 ағайынды. Анасы Қанымкүл Нұралиева да шаруашылықта еңбек етеді. Осыдан 10 жыл бұрын әкесі Болатбек Уалиев бақилыққа аттанғанда Айбек 15 жаста болатын. Бала кезінен әкесінің айтқан ақылын жадына тоқып, орасан жетістікке қол жеткізуге ұмтылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Аграрлық техника және технология» мамандығы бойынша білімін жетілдірген талапты жас анасының үмітін ақтап келеді.

– Мен, «Шаған-Жер» серіктес­тігінде механизатормын. Атам да, әкем де осы шаруашылықта еңбек еткен. Солардың ізінен еріп, туған ауылымда қызмет етемін. Қазіргі жастар ауылдан жыраққа кетіп, табысты сырттан тапқысы келеді. Барлығы бірдей ауылдан кете берсе, бабамыздан қалған берекемізге кім ие болады?! Оның үстіне ауылымызда жастарға барлық жағдай жасалған. Ауыз су 24 сағат ағып тұр. Мектеп, аурухана, балабақша бар. Жұмыс істеймін деген азаматарға қызмет табылады. Кәсіп ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріледі. Жастар бірлігімізді танытып, тату тірлігімізді көрсетсек, ел де, ауылда дамиды. Мемлекет басшысына барша ауылдастарымның атынан алғысымды айтамын. Біз секілді өскелең ұрпақ ауылдың болашағын ойлағаны, ерінбей еңбек еткені дұрыс. Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаевтың ізгілікті жолын жалғауды өзіме міндет санаймын, – дейді Айбек Уәлиев бізбен әңгімесінде.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
04 қараша 2023 ж. 244 0