Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі күн – ертеңгі тарих

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих

Бүгінгі өткен әрбір күн ертеңгі тарихқа айналары хақ. Бұрындары ата-бабаларымыз бір күні өте шықса, «өлшеулі сағатым қысқарды» деп қапаланады екен. Уақыт тоқтаусыз өте берері сөзсіз. Ал дәл бүгінгі күн қандай оқиғалармен тарихта қалғанын білгіңіз келеді ме?

Қазір аса қатты қолданыста болмағанымен, бір кездері тұтынушысы ең көп әлеуметтік желі саналған «ВКонтакте» әлеуметтік желісін білетін боларсыз. Иә, Павел Дуров негізін қалаған әлеуметтік желі 2006 жылдың 10 қазан күні пайда болған. Бір-екі жылда-ақ негізгі бәсекелестерін басып озған әлеуметтік желі 2009 жылы Ресейдегі желі лидеріне айналғанын айта кеткеніміз де орынды. Бүгінде халықтың сұранысы өзгергенімен, желі әлі күнге өз тұтынушыларына қызмет көрсетіп тұр.

Сонымен қатар бұл күн дүниежүзілік психикалық денсаулық күні деп белгіленген. Яғни, бүкіләлемдік жүйке саулығы күні. Аталмыш бастама 2002 жылдан бастау алған. Бұл күні, әсіресе, Ресейдің көптеген аймағындағы психиатриялық мекемелерде ашық есік күні, баспасөз конференциялары өтеді.

Әрірекке көз жүгіртер болсақ, 1965 жылдың осы күні бильярд шары патенттелген екен. Ал 1933 жылы АҚШ дүкендерінде әлемдегі алғашқы кір жуғыш ұнтақ сатылымға шыға бастаған. Сонымен қатар 1956 жылдың 10 қазанында алғашқы «ГАЗ-М «Волга» алғашқы сериялық автокөлігі зауыттан шыққан.

Осыдан 61 жыл бұрын осы күні Өскемен титан-магний комбинаты ең алғашқы өнімін шығарған. Ал 1993 жылы НТВ телекомпаниясы өз жұмысын бастапты. Телеканалдың ең алғашқы бағдарламасы «Итоги» ақпараттық шолуы болған екен. 23 жыл бұрын Астанада Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы келісімшартқа қол қойды.

Және 2019 жылдан бастап 10 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні мерекесі ретінде аталып өтеді.

Айта кетейік, 10 қазан – Григориан күнтізбесіндегі 283-күн. Жылдың соңына дейін небәрі 82 күн қалды. Ендеше, биылға жоспарлаған, атқарылуы тиіс шаруаларыңыз бен жоспарларыңыздың тізімін тағы бір қарап шығатын уақыт келді.

Үш ай күз мезгілінің қақ ортасына жуықтап қалғанымызбен, ауа райы халыққа қарасып тұр. Күні бүгінге дейін жаздың жайдары күніндей болған ауа райы ендігі суыта бастамақ. Осы ретте, көпшілікке әр күніңізді әсемдеп, «өмір сүруді» және жылы киінуді ұмытпаңыз демекпіз.

«Тт ақпарат»

Фото: ашық дереккөзден
10 қазан 2023 ж. 282 0