Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтің мәселесін әлеуметтік желі көтерген 5 оқиға

Әлеуметтің мәселесін әлеуметтік желі көтерген 5 оқиға

Билік пен халық арасы
 
Әлеуметтік желі – адамдардың қарым-қатынас жасап, бір-бірімен тілдесетін, виртуалды әлемде жүздесетін айдыны. Алайда Қазақстандағы әлеуметтік желінің, соның ішінде Facebook-тің алаңы мүлде басқа. Еркін сөз, мәселе көтеру және оның шешімін табуға таптырмас құралға айналды. Мұны халықтан бұрын қоғам белсенділері жақсы түсінді. Уақыт өте келе халық та ат салысып, ақыры билік елмен санасатын деңгейге жетті.
Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы елімізде соңғы 1 жыл ішінде көтерілген мәселелердің ішінде, аталған әлеуметтік желі арқылы шешімін тапқан 5 оқиғаға шолу жасады.

Сайрагүл Сауытбайдың мәселесі
2018 жылдың 24 мамыр күні Youtubе желісінде «Қазақ әйелін Қытайға күштеп қайтарғалы жатыр!» деген видео тарады. Видео жарыққа шығысымен қазақ БАҚ өкілдері жаза бастады. Алайда, дәл осы істің мәніне барып, оның қоғамдық әрі мемлекеттік деңгейдегі мәселе екенін анық көрсетіп берген журналист әрі қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы еді.
Facebook әлеуметтік желісінде үздіксіз жазбалар, видеолар салып, тікелей эфирге шығып отырған Сәуле ханымның әрекетінің арқасында еліміздегі заң өкілдері де жұмыла кірісті. Атап айтқан кезде заңгер Абзал Құспан мырзаның тікелей қатысуымен мәселе шешімін тапты.
Сайрагүл Сауытбай атамекенге шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ұсталып, қайтадан қытайға жіберілетін болды. Бір қазақтың басына түскен қиындықты өз Отанында отырып бүкіл қазақ шеше алмаса деген ұранмен барша жұрт болып, әлеуметтік желі болып шуласып кеткен болатын.

Мұз үстінде тайып кеткен ғұмыр: Денис Тен қазасы
Бүкіл Қазақстанның мақтанышы болған халықаралық дәрежедегі байқаулардың және олимпиада ойындарының жеңімпазы, жүлдегері, мұз үстінде өнер көрсетуден алдына жан салмаған Денис Теннен айдың күні аманда айрылып қалдық.
Көлігінің айнасын ұрлауға түскен қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Денис Тен оқиғасы БАҚ арасында ақпарат ретінде көрініс бергенімен, әлеуметтік желі белсенділері бұл мәселені жылып жауып қоймайтынын анық көрсетті.
Жан-жақтан жазылған посттар, үндеулер мен хаттардың арқасында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мырзаның өзі мінберге шығып сөз сөйлеп, халық алдында жауап беруге тура келді.
Елдің Facebook әлеуметтік желісінде көтерген мәселесі қапыда кеткен Денис Теннің өлімі ғана емес, ел ішіндегі заңсыз әрекеттердің көбейіп кетуі және шешімін таппаған қоғамдық мәселелер болды. Жеңімпаздың өлімі өзінің артында жатқан бірнеше проблеманың жүгін көтеріп кетті. Бұл жолы да халық пен билік арасында тікелей байланыс орнады. Билік үздіксіз әрекетке көшті, халық күн сайын талап етті.

Қарағанды оқиғасы
2019 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Қарағанды қаласындағы «Дервний Рим» мейрамханасында 23 жастағы жап-жас қазақ жігітінің өлімі ең алдымен Whatsapp желісінде тарап, арты үлкен дауға ұласты.
Facebook әлеуметтік желісінде көтерілген мәселенің арты ұлтараздық қақтығысқтың отын тұтатып жіберуге шақ қалды. Билік бұл ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, даудың басы шыққан Қарағандыдағы оқиға бұлай біткен жоқ. Әлеуметтік желі арқылы дауға ұласқан оқиғаның арты халықтың биліктен жауап беруін талап етуімен бейбіт митингке ұласып кетті.

 Түркістандағы жасөспірімдер
Аптығы басылмаған аптаның басында-ақ Facebook желісі тағы бір оқиғаның беті ашып көрсетті. «Жастар жылы» деп шуласып жатқан елдің жастары, анығы бесіктен белі шықпаған мектеп оқушылары бір-біріне әлімжітік жасап, тізеге бүккізіп, ұрып-соғып жатқандары бейнеленген видео тарады.
Тұтанып кеткен оттың арты ақыры тағы да халықтың және қоғам белсенділерінің талқысына түсті. Түркістан жерінде орына алған бұл оқиға, еліміздегі мектеп оқушыларының (аудандардағы) қандай деңгейде білім алып, қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқаны айқын көрсетіп берді. Әлі де болса да 90-жылдардағы «қара қол» деген атақтан арыла алмай жүрген ұрпақтың бүгінгі жетістігі ғылым мен техника емес, бір-біріне күш көрсетумен суреттелді.
Аталған мәселеге көз жұмып қарай алмаған әлеуметтік желі белсенділерінің арқасында мектеп директорлары сөгіс алып жазаланса, ата-аналары ел алдында көз жастарын көл қылып кешіріп сұрады.

 27 жастағы көпбалалы ана
 «Жастар жылының ашылуы» салтанатты шарасында сөз сөйлеп, елбасы алдында жағдайын емес, елдің демографиясын сөз қылған 27 жастағы көпбалалы Жазира Тұрғынова мәселесін де көтерген осы әлеуметті желі.
7 баланың анасы Жазира ханымның шындығында баспанасы жоқтығы жұрт ішінде тез тарап, талқыланып кетті. Халықтың шамына тигені,  жағдайы жоқ адамнан «супер келіншек» жасап көрсеткен ұйымдастырушылардың олқылығы болды.
Қайта-қайта көтерілген мәселеге Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бей-жай қараған жоқ. Ақыры пәтер кілтін табыстап, халықтың көңілін бір көтеріп қойды.
Еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан оқиғаларды біріміз көреміз, біріміз байқамаймыз. Ал әлеуметтік желі осы оқиғалардың ашық әрі нақты жүзеге асуына ат салысып келеді. Бүгінде еліміздегі Facebook әлеуметтік желісі ашық әрі сөз бостандығының алаңына айналып кетті. Ең бастысы шулап жатқан немесе жазылып жатқан посттардың шешімін тауып, елдің берекесін сақтау.

https://kyzylorda-news.kz/

03 наурыз 2019 ж. 616 0