Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Келешек» жинақтаушы жүйесі таныстырылды

«Келешек» жинақтаушы жүйесі таныстырылды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Республикалық штаб отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған «Келешек» жинақтаушы жүйесі туралы мәселе қаралды. Бұл жүйе 2024 жылы iске қосылмақ. Ата-аналар оған ерiктi түрде қатысып, баласының болашақта білім алуына қаражат жинақтай алады.

Үкімет басшысы жобаның маңыздылығын ерекше атап өтіп, жаңа жүйені іске қосу тетіктерін сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

Штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев берілген тапсырмалар бойынша арнайы мәжіліс өткізді.

«Қазір елімізде демографиялық жағдай жақсарып, халық саны жылдан-жылға артып келеді. Оған қоса, елге көшіп келетін қандастардың қатары да көбейген. Бұндай жағдайда бюджет шығындары да өседі. 2024 жылдан бастап іске қосылатын жинақтаушы жүйе білім беру саласына бөлінген бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді деп күтілуде. «Келешек» жинақтаушы жүйесінің арқасында әр ата-ана өз баласының оқуына қаржы жинап, жоспар құра алады. Баланың есепшотына ата-ана ғана емес, сонымен қатар, мемлекет те ақша салып отырады», - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетке жаңа жүйенің маңыздылығын ата-аналар мен білім алушылар арасында түсіндіріп, ақпараттық насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Өңірлік жоғары оқу орындарының басшылары салалық министрлікпен бірлесіп «Келешек» жинақтаушы жүйесін өңірде сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Облыстық қоғамдық даму басқармасына жүйенің тиімділігін кең көлемде ақпараттандыру міндеті жүктелді.

Бүгінде облыстағы жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36 167 студент бар. Оның 17 122-і гранттық негізде білім алуда. 686 мектепке дейінгі ұйымда 60 345 бала тәрбиеленуде. Биылғы оқу жылында 17 543 бала 1-сыныпқа қабылданса, мектеп бітіретін түлектердің саны 8 285-ті құрайды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
01 қазан 2023 ж. 147 0