Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері қаралды

Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері қаралды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аумақтық департаменттерінің басшылары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, медицина ұйымдарының бас дәрігерлері және сала ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы өңірдің медицина саласындағы оң көрсеткіштерді де, кемшіліктерді де атап көрсетті.

«Өздеріңізге белгілі, былтыр дүниежүзін дүр сілкіндірген пандемиядан кейін медицина ұйымдары қалыпты жұмыс ырғағына көшті. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға, ана өлімі 47,7, сәби өлімі 37,7, туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 7, өлім-жітім көрсеткіші 14,2%-ға төмендеген.

Дегенмен, жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға, қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіші 7,6, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 14,1%-ға өскен. Әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдар шамадан тыс көп екенін атап өткім келеді. Менің жеке қабылдауыма келген азаматтар да денсаулық сақтау ұйымдары басшыларына, медицина қызметкерлеріне қатысты шағым айтады. Бұл дертіне шипа сұрап барған тұрғындардың жағдайына немқұрайлы қараудан, кейбір жағдайларда қолда бар мүмкіншіліктерді пайдаланбай, салғырттық танытудан туындауда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақ басшысы кейбір ұйымдардың өз мүмкіндігі бола тұра, медициналық қызмет түрлерін басқа бірлескен орындаушыларға (соисполнитель) негізсіз жолдағанын қатаң сынға алды. Бұл онсыз да қаржылық қиын жағдайдағы ұйымдардың кредиторлық қарызын одан сайын арттырады.

Мониторинг кезінде анықталғандай, №3 қалалық емхана өзінде УЗИ дәрігері, УЗИ аппараты бола тұра зерттеулердің 20%-ын, лаборант қызметкерлері бола тұра лабораториялық қызметтің 46%-ын бірлескен орындаушыларға жолдаған.

Бұдан кейін халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасы мен қолжетімділігі туралы қандай сөз айтуға болады?

Облыс әкімі басқарма басшысына өз мүмкіншілігін пайдаланбай, жеке медицина ұйымдарына жіберу деректеріне мониторингті әрі қарай жалғастыруды, анықталған жағдайларды құзырлы органдар тексеруіне беруді тапсырды.

Жалпы соңғы кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына көп сын айтылуда. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс алатын жеке ұйымдардың саны көбеюде, бұл бөлінген қаржының ұсақталуына алып келеді.

Бұдан бөлек, өңірлер арасында салыстырмалы түрде алғанда Қызылорда облысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы жүргізетін мониторинг нәтижесімен қысқартылатын қаражат көлемі де көп. Мәселен өткен жылмен салыстырғанда республикалық көрсеткіш 22,9 пайызға азайған болса, біздің облыста керісінше 31,8 пайызға артқан. Жеке медициналық ұйымдардың қызмет сапасы мен санитарлық талаптарға сәйкестігі санитарлық-эпидемиологиялық, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменттері тарапынан қадағаланбайды. Қалада тұрғын үйге арналып салынған коттедждерді жеке медицина ұйым етіп ашып алғандар көбейді. Ғимараттардың санитарлық нормаға сәйкестігіне, лицензия берудегі заңдылықтардың сақталуына қатысты да сұрақтар жетерлік.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков 2022 жылы және 2023 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы баяндама жасады. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Даурен Шарипбаев денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерде анықталған кемшіліктерді айтып өтті.

Жиында алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласын жаңғырту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі кадрлық және қаржылық мәселелер, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауруханалар мен медициналық бекеттердің құрылысын салудағы түйіткілдер де назардан тыс қалмады.

Мәжіліс соңында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, сала ардагері Асылбек Тоғызбаев сөз сөйлеп, аталған мәселелер бойынша пікірін бөлісті.

Жиын қорытындысымен облыс әкімі жауапты басшыларға ҚР Үкіметі анықтаған негізгі бағыттарға, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізудегі жұмысты жандандыруды, қаржыны тиімді пайдалануды, ресурстарды үнемдеуді тапсырды. Мұнан бөлек, аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруды кең көлемде насихаттау жұмыстарын үйлестіру, медицина ұйымдарында енгізілген Байқау кеңестерінің, корпоративті басқару жүйесінің жұмысын ашық, нәтижелі жүргізу және кадрлар біліктілігін үздіксіз жетілдіру, креативті, білікті жастар резервін даярлау бойынша міндет қойылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
27 қыркүйек 2023 ж. 280 0