Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қосымша жер ашылғанын қалаймыз» дейді бау-бақша егуші азаматтар

«Қосымша жер ашылғанын қалаймыз» дейді бау-бақша егуші азаматтар

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қарапайым халыққа жасаған көп жақсылығының бірі жаңадан жер ашып, бау-бақша егуге мүмкіндік жасағаны десек ешкім талас тудыра алмайды. Аймақ басшысының тапсырмасымен ашылған егістік жерлерге халық бау-бақша өнімдерін егіп, қыстық азықтарын қамдауда. Артылғанын сатып, адал еңбегімен нәпақасын айырып жатқандар да көп.

Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Терең­өзек кентінің тұрғындарымен кездесті. Сол кездесуде Тереңөзек кентінің қоғамдастық жиы­нының төрағасы Бағдат Жақсылықұлы пікір білдіріп, ұсыныс айтты. Ол бау-бақша өнімдерін егуге арналған жердің көлемі алдағы жылы тағы да ұлғайтылса, қоршау жұмыстары жүргізілсе, ауданда егін егуге ынталы азаматтардың саны артатынын жеткізді.

– Қазір бір жұмысқа қарап, қол қусырып отыратын уақыт емес. Осы ретте, аймақ басшысының қолдауымен қала мен барлық аудандарда жаңа жер ашылып, оған су жеткізіліп, бау-бақша егуімізге жағдай жасалды. Мәселен, биыл осы іске қызығушылық танытып, егін еккен отбасылар көп болды. Енді сол азаматтар тағы да жер көлемі ұлғайтылғанын қалайды. Осыған қолдау көрсетулеріңізді сұраймын, – деді Бағдат Жақсылықұлы.

Ұсыныстың орынды екенін айтқан аудан басшысы міндетті түрде қолдау көрсетілетінін айтып, тиісті бөлімге нақты тапсырма берді. Соған сәйкес аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөліміне хабарласып, атқарылған жұмыстардың мән-жайымен танысып, алдағы жоспарларын сұрап білдік. Бөлім басшысының міндетін атқарушы Бағлан Мейрамбекұлы аудан әкімінің тапсырмасына және тұрғындардың ұсынысына сәйкес қазір нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, алдағы жылы бау-бақша егу үшін ашылатын жер көлемі ұлғайтылатынын мәлімдеді.

– Биылғы жылы ауданымызда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шаруа­шылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан 359 гектар қосымша жерлер ашылды. Ол жерлер 1105 отбасыға бөлініп берілді. Оның 200 гектарына картоп, 51 гектарына көкөніс, 108 гектарына бақша дақылдары егілді. Сонымен қатар, 359 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдарының 200 (55,7 %) гектары жиналды. Бүгінгі күнге 84 гектар картоптан 1008 тонна, 45 гектар көкөністен 868 тонна, 71 гектар бақшадан 1384 тонна өнім жиналды. Алдағы жылы биыл ашылған 359 гектар қосымша жердің көлемін тұрғындардың сұранысына сәйкес ұлғайтамыз. Оған мүмкіндік бар. Бұл бағытта аудан тұрғындарымен бірлесе жұмыс істеп, егін егуге ынталы азаматтардың тізімін қалыптастырамыз. Бұл жұмыстар егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін нақтыланып, қосымша мәлімет жарияланатын болады, – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Негізі, Б.Жақсылықұлының айту­ынша жер ашу жұмыстары демеушілік есебінен емес, нақты қаржы көздерінен жүргізілгені дұрыс. Өйткені, биыл кент әкімі Е.Бахтияров пен аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Н.Жұмабеков қоршау жұмыстарын жүргізуге көп қаражат керек екенін айтыпты.

– Жаңадан жер ашып, бау-бақша өнімдерін егушілерге қолдау көрсету жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Меніңше, бұл жоба өз тиімділігін толықтай көрсетті. Ауданымызда да нақты жұмыстар жүргізілді. Бірақ, жергілікті әкімдік әр шаруашылыққа өтініш айтып, ұсыныспен шығып, техника сұрап, жер ашып берді. Кент бойынша 35 отбасы егін ектік. Оның ішінде көпбалалы, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Келесі жылы кенттен шамамен 4 гектардай жер ашылса, жақсы болар еді. Біз алдағы жылы 9 разъездің тұсынан егін ексек деп ойлаймыз. Ол жақтың жері тың. Сол жерге су апарылса және мал кірмейтіндей етіп, қоршалса, біздің де еңбегіміз еш кетпейді деп ойлаймыз. Бұл жұмыстарға аудан басшысы нақты қолдау көрсететінін айтты, үмітіміз мол, – дейді Бағдат Жақсылықұлы.

Қазір бау-бақша өнімдерін еккен азаматтар Жер-Анадан несібелерін жинастыруда. Бұйыр­са, қазан айы­ның орта шебінде бәрі болып қалады. Берекелі шақтың мол ырысқа кенелтеріне үмітпен қа­рай­тын тұрғындар келесі жылы да белсене еңбек етуге ынталы. Сон­дықтан аудан әкімдігінің, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің қолдау көр­сетуі құптарлық іс. Бұл бір жағынан облыс әкімінің бақылауында тұрған тапсырма. Ендеше, қосымша жер ашылады, тұрғындар биылғыдан да жоғары өнімге қол жеткізеді деп сенеміз.
А.ИБРАГИМҰЛЫ
19 қыркүйек 2023 ж. 315 0