Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елінің елордаға тартуы

Сыр елінің елордаға тартуы

16-17 қыркүйек күндері Астана қаласында Қызылорда облысының тауарөндірушілерінің қаты­суымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Молшылық мерекесін елорда­лықтар әдеттегідей асыға күтіп, Сыр елінің тамаша тартуын зор қуанышпен қабыл алды. Арқа төсіндегі ағайын Сырдың сайын даласынан жеткен мол әрі сапалы өнімге арзан бағада қол жеткізіп, қыстық азықтарын қамдап алды.

Бұл жолғы жәрмеңке Астана қаласының 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қы­зыл­­орда облысының тауарөндірушілерінің қаты­­суы­мен өткен ауыл шаруашылығы жәр­меңкесі таңер­теңгі сағат 08.00-де басталды. Арқа төрін­дегі қала тұрғын­дарына 85 жылдық тарихы бар Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауын-қарбызы, сондай-ақ дәмі бал татитын ұлт­тық сусындары жеткізілді.

Жәрмеңкеде аймақта өндірі­летін отандық өнім­дерді қолдау мақ­сатында арнайы көр­ме ұйым­дастырылуда. Сонымен қатар, елор­далықтарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды.

– Жәрмеңкеде 60-қа жуық Сырбойылық тауарөндірушілер мен диқандар жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннаға жуық өнім­ді елордалық тұрғындарға ұсынды. Атап айт­қанда, 130 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері, 30 тоннадай көкөніс пен жеміс-жидектер, 230 тон­на бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 10 тон­надай сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық сөк, тал­қан және кондитер өнімдері жеткізілді, – де­ді облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев журналис­терге берген сұхбатында.

Айта кетейік, бас қаладағы жәрмеңкеге Сыр­­дария ауданының шаруалары 25 тонна күріш, 30 тонна қауын, 200 литр қымыз бен шұбат, 5 тонна асқабақ өнімдерін жеткізді. Ерекшелігі сол, барлық өнім саудаланып, шар­уалар қуанышқа кенеліп, ауданға жақсы көңіл-күймен қайтты.

– Жыл сайын Сыр елі ұйымдастыратын жәр­меңкені асыға күтеміз. Себебі, таза әрі сапалы өнімдер саудаланады. Биыл да Сыр маржаны күріштен тау тұрғызған өңір диқандары бізге ерекше қуаныш сыйлады. Астанада тұратын тереңөзектіктер алдын ала жарияланған хабарландыруды естіп, жәрмеңкеге отбасымызбен келдік. Өңірдің дамуынан сыр шертетін көрмемен де таныстық. Сондай-ақ, концерттік бағдарламаны тама­шаладық. Жәрмеңке өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Жерлестерімізге айтар ал­ғы­сымыз шексіз. Туған өлкеміз қарыштап дами берсін, – деп сәлем жолдады әлеуметтік желі арқылы ауданымыздың тумасы Ескендір Бердәулетов.

Расында да берекелі күз айындағы Сыр елінің тартуы елордалықтар үшін керемет сый болды. Қыс ерте түсетін өңір халқы арзан, сапалы өнімге қарық болып, бір марқайып қалды. Енді осындай жәрмеңке қала орталығы мен аудандарда ұйымдастырылатын болады.

Ақтөре Ибрагимұлы
19 қыркүйек 2023 ж. 296 0