Аймақта ауыл әкімдерінің сайлауы өтті
Қызылорда облысыда 5 ауылдық округте әкім сайлауы өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Олардың қатарында Арал ауданының Атанши, Қазалы ауданының Басықара, Сырдария ауданының Айдарлы, Шиелі ауданының Керделі, Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдары бар. Аталған елдімекендерде сағат 7.00-ден №3, 82, 171, 298, 172, 254, 370 сайлау учаскесі ашылды. Әкім қызметіне ниетті азаматтардың басым бөлігі саяси науқанға өзін-өзі ұсыну тәртібімен түскен.
Сайлауға алғаш болып келген аралдық қарт ана Құттыбеке Разақова Атанши ауылының гүлденуіне әрбір азамат үлес қосуға ниетті екенін, ал сайланатын әкім тұрғындардың талап-тілегін ескеруі тиіс екенін айтты.
Ауылдық округте 246 сайлаушы тіркелсе, Басықарада 706, Айдарлыда 827, Керделіде 1687 сайлаушы бар. Ал, Қызылжарма ауылдық округінде 6297 сайлаушы тіркелген.
Жалпы алғанда, 5 ауылдың әкімі болуға ниетті барлығы 13 кандидат сайлауға түсті. Олардың 10-ы өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға түссе, 3 кандидат партия атынан ұсынылған.
Еске салсақ, Президент тапсырмасы аясында енді аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланады. Жергілікті мәслихат шешімімен 5 қараша күні пилоттық Сырдария, Шиелі ауданы әкімдерінің сайлауы өтеді.