Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесті
Конституция күні қарсаңында Президент арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Аkorda.kz.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізілген ауқымды конституциялық реформалардың нәтижесі туралы айтты. Президенттің айтуынша, Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетті басқару моделін жаңғыртуға негіз болды. Конституциялық реформа барысында құқық қорғау саласына баса мән берілді.
Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарады. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Президент азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алғанын атап өтті. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді.
Мемлекет басшысы азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы жандана түскеніне назар аударды. Өтініштердің саны екі есе артты.
Президент адам құқықтарын қорғау жүйесі өкілдеріне бірқатар міндет жүктеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.
– Барлық түйткілді бағыттар бойынша проактивті түрде жұмыс жүргізу қажет. Азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермеу және алдын ала болжау тетігін жетілдіру керек. Көп жағдайда бұл міндеттің табысты орындалуы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға байланысты. Құқық қорғау институттары өз төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын шоғырландыруға тиіс. Сіздер мен құқық қорғау қауымдастығы арасында ашық диалог дамуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір басымдық – Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру. Президенттің пікірінше, Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, оларды заң жүзінде бекіту маңызды. Сондай-ақ Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Омбудсмен мен арнаулы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет екеніне назар аударды.
– Олардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қатысу әлеуетін арттыру маңызды. Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер омбудсмендердің өкілдерін барлық кеңесші органның жұмысына қатыстыруы қажет. Уәкілдердің басты міндеті – азаматтардың мүддесі мен құқықтарын табанды түрде қорғау және ілгерілету. Бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі балалар мен отбасына төнетін қатерлерді жоюға тиімді ықпал етуге тиіс. Ол үшін осы саладағы уәкіл қоғамдық және мемлекеттік институттарды ұйыстыру мүмкіндіктеріне ие болуы керек. Үкімет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын одан әрі дамыту, оның инфрақұрылымын және жергілікті жерлердегі өкілдіктерінің мәртебесін нығайту мәселелерін пысықтауы қажет. Өкілдіктердің әкімдерге функционалды тұрғыда бағыныштылығын төмендету және Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді тағайындау кезінде Бала құқықтары жөніндегі омбудсменінің рөлін күшейту маңызды. Жақында Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл жұмыста инклюзивтілікті дамытуға баса назар аудару керек. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар жеңілдіктерді пайдаланып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндігіне ие болуы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сот және құқық қорғау органдарының жұмысы туралы айта келіп, жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арыздануға мәжбүр екенін айтты. Президент омбудсмендер мен арнаулы мандатқа ие уәкілдер азаматтардың арыз-шағымдарына байланысты шешім шығаруға тікелей араласуға тиіс екенін атап өтті. Ал мемлекеттік органдарға бұл мәселе бойынша оларға толық қолдау көрсетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін келесі маңызды міндет ретінде атап өтті.
– Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет. Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады. Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады. Ауыл тұрғындары басқа мәселелерге қарағанда, жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді жиі көтереді. Құқықтық насихат бағытындағы сіздердің күш-жігерлеріңіз ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндігі арасындағы алшақтықты дәйекті түрде қысқартуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жолға қойылған уәкілдер жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық орындауға тиіс екенін атап өтті. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам.
Жиында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпова, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов сөз сөйледі.
Сонымен қатар іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Бас прокурор Берік Асылов қатысты.