Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқықтық кеңестер берілді

Құқықтық кеңестер берілді

Сырдария ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің ұйымдастыруымен құқықтық оқыту семинары өткізілді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен семинарға дербес бөлімдер мен кент және ауылдық округ әкімдерінің жауапты мамандары қатысты.

Құқықтық оқыту семинарды аудан әкімі аппаратының мем­­­­­­­ле­кеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Е.Зұлқарнаев ашып, күн тәртібіндегі мәселелер туралы айтты. Атап айтқанда, «Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің м.а 2023 жылғы 5 шілдедегі №464 бұйрығын таныстырылып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің талаптары түсіндірілді.

Семинар кеңес барысында бөлім басшысы Е.Зұлқарнаев қатысушыларға күн тәртібіндегі мәселе бойынша толық түсін­дірме жүргізіп, қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарына толықтай жауаптарын алды.

Сонымен қатар, бөлімнің әдіскері Н.Құрақбаева Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2023 жылғы 5 шілдедегі №464 Бұйрығымен бекітілген нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларының талаптарын түсіндіріп өтті.

– Аталған қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нормативті құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба, салыстырмалы кестеде айтарлықтай өзгерістер бар. Жобадағы түсіндірме жазбада: Әзірлеуші мемлекеттік органның атауы, тиісті құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне, Президенттің, Президент Әкімшілігі, Үкімет және Үкімет Аппараты басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмаларына сілтеме жасай отырып, жобаны қабылдау үшін негіздемелер және оны қабылдау қажеттігінің басқа да негіздемелері көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі – тиісті есеп-қисаптар, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі.

Жоба қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-эко­но­микалық, құқықтық және өзге салдар, сондай-ақ жоба ережелерінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпалы, нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімдері болуы тиіс, – деді Н.Құрақбаева.

Жобада қаралатын мәселелер бойынша Президенттің және Үкіметтің бұрын қабылданған актілері және олардың іске асырылу нәтижелері туралы мәліметтер, енгізілетін жоба қабылданған жағдайда заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе қолданыстағы актілерге өзгерістер немесе толықтырулар енгізу талап етілетін-етілмейтінін көрсету) не ондай қажеттіліктің болмауы ескеріледі.

Нормативтік құқықтық актінің жобасын мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы ақпарат (күні, байт саны), әлеуметтік маңызы бар нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбаны уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастыру туралы ақпараттың болуы тиіс.

Нормативтік құқықтық акті жобасының Қазақстан Рес­публикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігі қарастырылған. Сонымен қатар нормативтік құқықтық акті жобасының қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығынының азаюын және ұлғаюын растайтын есеп-қисаптар нәтижелері қамтылуы міндетті.

Бөлім басшысы Е.Зұлқарнаев өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленген жағдайда нақты негіздемелері көрсетілуі тиіс екендігін айтты. Әрбір өзгеріс немесе толықтыру қою қаріппен жазылып, олардың әрқайсысы бойынша жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің нормаларына, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларына сілтеме жасалғаны нақтылануы керектігін түсіндірді.

Семинар қорытындысында жауапты мамандарға алдағы уақытта жаңа Қағида талаптарын қатаң сақтап, жұмыс жасауға және заңбұзушылыққа жол бермеу қажеттігі ескертілді.

«ТТ» ақпарат


26 тамыз 2023 ж. 179 0