Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Аkorda.kz.

Кәсіпорын құрылыс материалдарын шығарумен және түрлі мақсатта қолданылатын нысандар салумен айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын цехтарын аралап, зауыт өнімдерімен танысты. Мұнда бетон, іргетас блоктары, кірпіш секілді құрылыс материалдары өндіріледі. Таяуда зауытта төмен қысымды полиэтиленнен диаметрі үлкен құбырлар шығаратын өндірістік желі іске қосылды. Өнім шаруашылық-ауызсу және техникалық сумен жабдықтау құбырларын салуда кеңінен қолданылады.


Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бүгінде өндіріс инфрақұрылымына 20 миллиард теңге шамасында инвестиция құйылған. Сонымен қатар зауыт мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша әлеуметтік тұрғын үйлер салуға қатысады. Кәсіпорын жаңа өндірістерді іске қосып, көппәтерлі түрғын үйлерді пайдалануға беруді. Соның ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында жылына 100 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Зауыт ұжымымен әңгімелесу барысында Президент отандық құрылыс индустриясын дамытудың маңызды екенін атап өтті.

«Cіздер экономикамыздың лайықты секторына айналдыңыздар. Осы сала мемлекет тарапынан қолдауға ие болуына мүдделімін. Әлбетте, біз адал серіктес ретінде қолдау білдіреміз. Тағы да қайталап айтамын. Шағын және орта бизнестегі ахуал бүкіл экономикамыздың дамуына елеулі түрде ықпал етеді. Сондықтан сіздер менің ұдайымда назарымда боласыздар», – деді Мемлекет басшысы.


Фото: t.me/aqorda_resmi
09 тамыз 2023 ж. 222 0