Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағандық еңбеккерлермен кездесті

Шағандық еңбеккерлермен кездесті

Апта ағымында аудан әкімі ­Берік Сәрменбаев аудандағы іргелі шаруашылық – «Шаған Жер» ЖШС-нің қызметкерлерімен кездесіп, шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесуде аудан басшысы аудандағы ең үлкен ауыл – Шағандағы еңбекқор шаруалардың күріш егудегі тәжірибесі мол және ел қамбасына ақ күрішті құюдағы еңбектері ерекше екенін атап өтті. Дәл қазіргі уақытта күріштің бап-күтімін жасап жүрген диқандарға алтын күзде мерейлерінің тасуына тілектестігін жеткізді.

Серіктестіктегі атқарылып жатқан жұмыстарды шаруашылық директоры Жеңісбек Сыздықов айтты. Биыл серіктестік 3035 гектар алқапқа Сыр салысын еккен. Одан бөлек, 293 гектар бидай және 180 гектар жерге мақсары орналастырған. Сонымен қатар серіктестік жұмысының аясында жұ­мыстарды әртараптандыруға көңіл бөлінуде. Жуық арада макарон өнімдерін шығаратын цех жұмысын іске қосу жоспарланған. Жыл са­йын ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің ар­қасында жаңа техникалар алынуда. Бұл сала жұмысын жеңілдетуге және уақытты үнемдеуге мүмкіндік жасауда. Осылайша, іргелі серіктестікте еңбек көрігі қызған.

Аудан әкімімен кездесуде шаруалар қазіргі таңда күрішке қажетті суды дер кезінде жеткізіліп тұрғанын айтты. Ел аза­маттарының нәтижелі жұмысының арқасында су насостары алынып,  мұ­ның шаруашылық жұмысына үлкен қолдау бол­ға­нын жеткізді. Сондай-ақ егінге қатысты бірқатар ұсыныстарын атап көрсетті.
Аудан басшысы дала дүбірін еңбекпен көм­керген шаруалардың алдағы жұмыс­тарына сәт­тілік тіледі.


Е.БЕРКІНБАЕВ
15 шілде 2023 ж. 359 0