ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ
Ел Президенті Н.Назарбаев былтырғы жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық кодты аса сақтау маңызды деп айтқан болатын. Ендеше, жаңғыру жолында құндылықтарымыз қайта түлеп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, діліміз, дініміз жаңа сипатқа еніп, ел бірлігімен ұштасып, келешек ұрпақты тәрбиелейтін рухани бастамаға айналады. Жастар тәрбиесінің қайнар көзі ұлттық кодымыздың өзегі екені хақ.
«Ата-ана үмітін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деген тағылымды сөздің байыбына барып жүрміз бе? Әрбір ата-ана бауыр еті баласына тәрбие беріп, жақсы болып өсуіне ықпал жасайды. Көзінің қарашығындай көрген перзентін кім жамандыққа қисын. Отбасында ақылдарын айтып, үлкен өмірге жол сілтеп отырады. Дегенмен батысқа еліктеген жастарымыздың бүгінгі беталысы, болмысы, тәлім-тәрбиесі қоғамды алаңдатып отырғаны да шындық. Осы орайда жақында кент мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ата-анам – асқар тауым» тақырыбында пікір алмасу ток-шоуы өткізілді.
Отбасы шағын мемлекет десек, ондағы өмір сүруші жандар бір басшыға бағынады. Бұл жердегі басшының рөлін отбасының тіреуі саналатын әкелеріміз атқарады. Ендігі жерде отағасы саналатын азаматтардың пайым-парасаты жоғары болуы керек. Өйткені, баланың өзіне үлгі ететін басты тұлғасы – асқар тау әкесі. Әке тағылымын біліп өскен жеткіншек еш уақытта жаман болмайды. Қайта өмірдің ара-жігін айырып, нағыз адам ретінде қалыптасатыны хақ. Бұл орайда ток-шоу жүргізушісі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жиналғандарға халық арасында жүрген мына әңгімені айтып берді. Белгілі бір ауданда шағын отбасы болыпты. Үйінде әкесі, анасы және үлкен қызы мен кенже ұлы бар. Бірлігі жарасқан отбасының мүшелеріне барлығы қызыға қарайды екен. Бірде олар бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында саяхаттауға шығады. Саяхаттау барысында тауға шығып, естелік суретке түсуді жоспарлайды. Сонда әкесі артынан еріп келе жатқан баласына «Ұлым, байқап жүр, құлап жарақаттанып қалма» дейді қамқорлық танытып. Сол кезде баласы: «Әке, мен сіз жүрген жолмен жүріп келемін. Егер, сіз құламасаңыз, мен де құламаймын» – деп жауап береді. Бұл оқиғадан байқағанымыз әке артынан ерген баланың қамқорлықты сезініп, өзінің жол бастаушысына анық сенгендігін аңғартады. Осындай қамқор әкелер көбейсе, толық емес отбасылар қатары жойылып, демографиялық ахуал тұрақты болатыны сөзсіз. Ер азаматтармен бірге аналарымыз да ұрпағына дұрыс тәрбие беруге ұмтылатыны анық. Жарының қас-қабағынан кез-келген дүниені аңғарып, бала мен әке арасындағы дәнекер көпір болады. Қызына сырын жеткізе отырып, ақылын ұғындырады. Ертеңгі күні барған жерінде үлгілі отанасы атануды нықтап тапсырады.
Ток-шоу барысында баланың жауапкершілігіне тікелей ата-анамен қатар білім саласы қызметкерлері де тәулік бойы жауапты екендігі айтылды. Ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі туралы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйла Сағымбаева өз пікірін айтты. – Отбасы тәрбиесі мен тәрбиенің сегіз бағытының бір бөлшегі. Қашанда мұғалім мен ата-ана бала мәселесіне қатысты тығыз қарым-қатынаста. Түйткілді мәселе туындаған жағдайда екі тарап бірлесіп шешуге тырысады. Сонымен қатар толық емес отбасы жағдайында тәрбиеленетін балалар арнайы психолог мамандар көмегіне жүгінеді. Педагогикалық ұжым алдымен оқушының тәрбиесіне ден қойып, жақсартуға тырысады. Үй жағдайында ата-аналар балаларын қадағалауды күшейту керектегін жеткізді. Ал, тәрбие жұмыстарының сәтті, нәтижелі болуы үшін біз неге мән беруіміз керек? Қандай басым бағыттарды қаперге алуымыз қажет? деген сұрақтар төңірегінде №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лиза Ауминова өз ойын ортаға салды. – Тәрбие үлкен ауқымды құрал. Бүгінгі таңда тәрбие саласындағы мәселелер көңіл аудартарлық. Қай уақытта болмасын жастар кемшілікке бой алдырмас бұрын келешегі жайында ойлауы қажет. Сондай-ақ, ұстаздардың тәулік бойына мектептен тыс уақытта да баланың амандығына жауап беретіндігін сөз етті. Өз кезегінде №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Друмова ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс қандай ұстанымға негізделуі керек? деген мәселе бойынша әңгіме қозғады. Осы күні ата-аналар мектепте болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамайды. Үнемі ұстазбен байланыс орнатып, әлсін-әлсін хабарласып отырады. Десекте, кейбір ата-аналар мұғалімдердің бойынан кемшілік іздеп тұратыны да жасырын емес.
№210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің оқушысы Әлішер Маратұлы жастардың жүрген ортасына байланысты қалыптасатындығы жөнінде және отбасы құндылығы мәселесіне тоқталды. Өзі секілді замандастарының бүгінгі болмысын ашып айтты. Сырт көзге үлгі боларлық қасиеттерді таразылай келе жастарды ата-ананы қадірлеуге шақырды. Ал, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы А.Сейтенова жастардың әлеуметтік желілерге әуестігін, сол жерден сан алуан ақпаратпен танысып, өзі секілді қатарластарының виртуалды әлемде уақыттарын босқа өткізетіндігін қынжыла әңгімеледі. Ғаламтор құрығына түскендер психологиялық дертке шалдыққандар деп мамандар тұжырым жасайды. Күн сайын әлеуметтік желілердің парақшасында отбасылық кикілжіңдер, алауыздық, бейәдеп дүниелер көптеп кездеседі. Теріс діни ағымдарға шақыратын топтар, жыныстық мәселелер төңірігінде лас әңгімелер қатары шоғырланады. Бұны оқып, көріп өскен бала жамандық атаулыға бейім келеді. Күні-түні телефоннан бас алмайтын қазіргі ата-аналар баланы мейірім шуағына бөлеудің орнына, телефондағы қызық дүниелерден бас алмайтыны да рас.
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Мадияр Аңшаев жоғарыда аталған мәселелер жөнінде өз ойын жеткізді. Тәрбиенің қайнар көзі отбасында жатыр. Ата-анаға сыйластықты арттыруда жастардың санасынан жаман әдеттерді шығару керектігін тілге тиек етті. Ашық микрофон айдарында көрермендер өзекті мәселелерге қатысты мағыналы мысалдар келтірді. «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Шанайқызы еркін форматта өткізілген ток-шоудың маңыздылығына тоқталып, зерделі ойларға басымдық беріп, ата-ана, отбасы, тәрбие, балалар, білім саласы төңірегінде әсерлі әңгімелер айтып, тәжірибесімен бөлісті.
Асылында, «Адам ұрпағымен мың жасайды» дей келе жастарды жамандықтан аулақ болуға, ата-ананы сыйлауға, сапалы білім мен тәрбие көзін игеруге шақырамыз. Сонда ғана сені өмірге әкелген ата-ананың еңсесі тік жүреді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ