Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздіктің бірегей жетістігі

Тәуелсіздіктің бірегей жетістігі

Ел тірегі еңселі Елордамыздың ­көк­ке құлаш сермеп, орталыққа айналуы – Тәуел­сіздігіміздің жар­қын көрінісі. Ас­та­­на қаласы – қазір­гі таңда тұр­ғын­да­рының саны миллионнан асатын ірі мегаполистердің бірі. Сарыарқа тө­рінде бой көтер­ген шаһар күн өткен сайын жанданып, жасарып, үздіксіз дамып келеді.

Әр жылдың 6 шілдесі Қазақстанда Елорда күні атап өтіледі. Айтпақшы, 2006 жылға дейін елорда күні 10 маусымда тойланған. Кейінірек Парламент депутаттары заңға тисті түзетулер енгізіп, мемлекеттік мерекені 6 шілдеге ауыс­тырған. 1991 жылы ел егемендікке қол жет­кізгеннен кейін ел астанасын оңтүстіктен ор­талыққа қа­рай көшіру мәселесі күн тәртібіне енгізілген. Ел­ба­сы­ның тапсырмасымен елдің жаңа астанасы деп жариялауға жан-жақты оңтайлы қаланы таңдау үшін көп жұмыс атқарылғаны анық. Арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың геог­рафиялық орнынан бас­тап климаты, жер жағдайы барлығы саралана келіп елорданы Сарыарқа төріне ауыстыру туралы шешім шы­ға­рылады. Сол сәтте Нұрсұлтан Назарбаев «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қа­былданатын болады. Отанымыздың жүрегі ен­ді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деп үл­кен сенім артты.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың «Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың астананы көшіру туралы бірегей ше­шімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды» деуі елдіктің маңызын еселей түс­кені айқын.

Бас шаһардың төл мерекесі биыл 25 рет аталып өтіледі. Осы уақыт аралығында елордамыз өзінің кейпін ғана өзгертіп қоймады, атауы да бірнеше мәрте ауыстырылды. 1998 жылы астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысып, қаланың аты «Астана» болып бекітілді.

Ел Президенті Жарлыққа қол қойған уақыт 1997 жыл болса, сол жылы Ақмола қаласы ресми түрде «Елорда» деп жарияланды. Ал 1998 жылы 6 шілде күні қалаға жаңа атау беру жөнінде Жарлық қабылданды. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ау­қымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз – Астана! Бірақ, әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилиа. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады» деп жазады өз еңбегінде. Одан кейін 2019 жылы Парламенттің қолдауымен Қасым-Жомарт Тоқаев қала атауын өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл елордамыздың жаңа бір белесі болып тарихта қалды. Кейін көпшіліктің қолдауымен қала атауы тағы өзгертіліп, Астана атауымен қайта қауышты. Тарихи маңызы бар шешім 2022 жылы қабылданып, ел Президенті Жар­лыққа қол қойды. «Астана» атауының өзін­дік мәні мен мағынасы зор. Себебі бұл сөз «алып тайқазан» мағынасына саяды. Ал қазан ұғымының қазақ танымында аса киелі, елді бірлікке, бір оралыққа жинау деген мағынасы бар. Бұл туралы аңыз әң­гіме де кездеседі. Астана қаласы әлемнің ең жас астанасы болғанымен, Еуразия кеңістігінің орталығы саналады. Сондай-ақ тек әкімшілік орталық қана емес, өндірісі өрлеп, экономикасы еселенген орталық.

Елордамыз талай ақынның жырына, әншінің әніне арқау болған. Сұлу қала ақын­ның шабытын шырқау шыңға жеткізбей қоймасы анық. Көпшілік біле бермес, елордамыз туралы алғаш жазылған ән – ақын Амангелді Жұмабектің сөзіне жазылған Ескермес Иманбайдың «Ақмола – бас қа­лам» әні. Бұл ән кезінде елорданың халық­аралық тұсаукесерінде шырқалыпты. Ақ­мола қаласы астана болып жарияланған тұста қала жайлы үздік ән байқауы жарияланып, сонда осы ән жеңіске жеткен. Десек те, әннің ғұмыры ұзаққа бармаған сы­ңайлы. Жаңа әндер дүниеге келгеннен кейін шығарма ұмыт болып қалғанымен, тарихта елорда туралы алғашқы ән болып қалары анық.

Ресми астананың болуы да сенімділікті арттырып, ел егемендігінен хабар бере­тіндей. Әлемде талай қызық бар, елу мыңға жетер-жетпес халқы бар Андорра, Лихтенштейн, Сан-Марино, Монако сияқты шағын елдердің астанасы болғанда, 8,5 миллион халық тұратын Швейцарияның бұл күнге дейін ресми астанасы жоқ екенін біреу білсе, бірі білмес. Тәуелсіздігін сонау 1499 жылы жариялаған Швейцарияда ешқашан ресми астана болмаған. 1848 жылға дейін астана «көшпелі» болды: билік бірде Цюрихке, бірде Люцернге, бірде Баденге «кө­шіп» жүрді. Ал ХІХ ғасырдың ортасында Пар­ламент Берн қаласын «тұрақты» астана ретінде бекітті. Бірақ 131 мың халқы бар қаланың астаналық мәртебесі заң жүзінде бекітілген жоқ.

Ал біздің елордамызға биыл – жиырма бес жыл. Тарих толқынына көз жүгіртсек, бергі жиырма бес жылдың арғы жағында талай тарих жатыр. Сарыарқа төсінде қар­қынды құрылыс дүмпуімен бой көтерген жас шаһар халықаралық озық қалалардың үл­гісімен үздіксіз дамып келеді. Елордаға әр жылда қыдырып бара қалсаңыз, қаланың жыл жылжыған сайын жаңарып, жасарып, дамып келе жатқанына көз жеткізесіз. Бүгінде Сарыарқа төрінен орын алған бас қаламыздың келешегі кемел, болашағы жарқын деп сеніммен айта аламыз. Елорда – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің айнасы, арманы мен тілегінің кө-рінісі. Бас қала – жалынды жастардың ордасы. Жарқын болашаққа апарар жол да осы қаладан бастау алып жататындай көрінеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 шілде 2023 ж. 235 0