Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДЫҢ СҰЛУ СЫМБАТЫ

СЫРДЫҢ СҰЛУ СЫМБАТЫ


Мемлекет басшысы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында заманауи, дамып келе жатқан Қазақстанның келбетін танытуға, кейінгі буынның үлгі алуына мүмкіндік жасау үшін «100 жаңа есім» жобасын ұсынған еді. Еліміздің түкпір-түкпірінде қолынан іс келетін, сол ісін дөңгелетіп, елге пайдасын тигізіп жүр­ген, дара қабілетімен, дарынымен танылған, көпші­лікке көмегін аямайтын­ қайырымды жастарды жүз­діктің қатарына қосу қажеттілігін айтты. Соған сай, қазақстандық жастардан «100 жаңа есім» таңдалып, маңызды жоба іске асты. Оның қатарына киелі Сыр елінен 4 адам енді. Олардың бірі – Сымбат Әбдрахманова.
Жалынды жігерімен, таудай талабымен бір ғана емес, бірнеше саланы еңсеріп жүрген Сырдың сұлу Сымбаты – өңірдегі айрықша жобалармен айналысып жүрген жас маман. Айрықша дейтініміз, ол ешқандай артық шығынсыз балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдерді құ­растырып келеді. Мұның тілінің мүкістігі бар балаларға көмегі көп. Атап айтқанда, «Дыбыс­тарды машықтандыру», «Көңілді түстер» секілді мультфилімдер бала тілінің дамуына, ой-өрісінің жетілуіне септігін тигізуде. Бұдан бөлек, жігерлі жас аудармашылықпен айналысады. Ол 2007-2009 жылдары Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарған. 2009-2011 жылдары «ілеспе аудармашы» мамандығы бойынша магистратурада білімін шыңдаған.
Жасөспірімдер психологиясын зерттеу – Сым­бат Нұр­тазақызының машықты ісі. Әсіре­се, бүгінде қоғам дерті болып тұрған суицид мә­се­­лесін тереңінен қаузап, оның алдын алу бағытында айтулы жобаларды жүзеге асыруда. Мә­селен, «Логоритмика» әдістемелік құралы, сон­дай-ақ «Компьютерлік психодиагностика» ат­ты жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған жобасы, «Кә­мелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) жобасы осыған айғақ. Оған қоса, психолог маман 2016 жылы Испанияның Овьедо қаласында өткізілген 16-шы «Суицид және суицидалды әрекет» тақырыбында өткен симпозиумда «Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтердің алдын-алу: Қызылорда облысының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесін әлем сарапшыларымен бөлісті. Міне, осындай ілкімді істерді жасап, қоғамға пайдасын тигізіп келе жатқан жас жүзден жүйрік шығып, «100 жаңа есім» жобасының қатарына енді.
Сымбат Әбдрахманова – бүгінде жастар үлгі тұтар жандардың бірі. Соған орай, қазіргі таң­да жалынды жас маман жастармен кездесіп, тың жобаларды жүзеге асырудың жолдарын түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісуде. Осы мақ­сатта, жақында ол Асқар ауылына келіп, №135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектептің жоға­ры сынып оқушыларымен кездесті. Кездесуге ұлағатты ұстаздар қатысты.
«Сырдың сұлу Сымбаты» деген тақырыптағы кездесуде тың жобалардың авторы жастарға жетістікке жету жолын түсіндірді. Ол үшін ең алдымен, армандау қажеттігін айтты. Ал арман болса, мақсат айқын болмақ. Оны іске асыру үшін жоспар да құрылады. Жоспар болса, әрекет жасалады. Содан арман орындалып, көптеген жетістіктерге жетуге мүмкіндік туады.
– Кішкентай кезімде журналист болуды армандадым. Ол арманым жүзеге асуға жақын. Мектеп қабырғасында сурет сала алмайтынмын. Қазір арнайы маманнан үйреніп, сурет салуға бейімделдім. Декреттік демалыс­та болғандықтан көптеген кітаптар оқимын. Кітап адамды тәр­биелейді, жан-жақты ойлауға мүмкіндік береді, – деген жас маман бір саламен ғана шектелмей, басқа салада қолдан келер жұмыспен айналысу керектігін жеткізді. Яғни, қызықты жобаларды қолға алып, көптеген тың идеяларды жүзеге асыруға болатынын тілге тиек етті. Және де әркез жан-жағындағыларға көмек қолын созып, оқушыларды жақсылық жасай білуге шақырды. Жақсылық жасаған жан түбінде шарапатын кө­ре­­тінін айтты.
Кездесуде С.Әбдрахманова «100 жаңа есім» жобасына қалай енгендігін де айтып өтті. Ал­ғашында, «жобаға қатысасың» дегенде көп көңіл бөлмеген. Аталмыш жобаның бірінші кезеңіне 2000-ға жуық қазақстандық қатысқан. Олардың ішінен 300 жас іріктеліп, 100 жаңа есім дауыс беру арқылы анықталған. Осы іріктелген 300 адамның қатарында болғанда Сымбатқа дауыс бергендер қатары көп болып, аудармашы, психолог жоба жеңімпазы атанды. Және де Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевпен жүздесті. Мұндай шақ ерекше мақтаныш, қайталанбас сәттер екенін айтады Сыр елі мақтанышы.
«100 жаңа есім» қатарына енгеннен кейін С.Әбдрахманова оның жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді. Үлгілі, үрдісті істерді жандандырып, әр басқан қадамға ұқыпты болу ке­ректігін атап өтті. Өйткені, Қазақстандағы үл­гілі жастардың қатарында болу – барлық істе жауаптылық танытуды талап етеді. Оның істері көпке үлгі болуға тиіс. Міне, осындай үдеден шығу үшін жас маман тың идеяларды жүзеге асырып, халыққа еңбек ету қажеттігін атап көрсетті. Жан-жақты білімді болған жан көптеген мемлекеттерді аралап көргендігін де айтты. Мәселен, өзінің талабының, білімінің арқасында бүгінге дейін Испания, Иран, Франция, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдерде болып, өз білімін шыңдаған, шартарапты шарлауға мүмкіндік алған.
Кездесу барысында білікті маман оқушыларға мамандық таңдауда қателеспеуді, көп оқуды, бәсекеге қабілетті болуды, өз-өзіне сенімді болуды, арманға қол жеткізе білуді, қайырымды болуды айтты. Оған қазіргі таңда мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті. Тағлымды шара еркін пі­кір-алмасуға ұласты. Жас талапкерлер өз сұрақтарын қойды. Мектеп оқушысы Ақниет «Сыр­дың сұлу Сымбаты» атты арнау өлеңін оқыды. Кездесуге қатысқан аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Ашықбаев, мектеп ди­рек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары К.Ра­манқұлова, бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Ш.Махатова, кітапханашы Г.Жылқыбай, педагог-психолог Н.Омарова жастар үшін мәні зор кездесу болғандығын айтып, алғыстарын жеткізді, жұмысына сәттілік тіледі. Дарын иесіне мектеп ұжымы атынан құттықтау табыс етілді.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
02 мамыр 2018 ж. 1 092 0