Неке бұрынғыдай АХАТ бөлімшелерінде тіркеле береді
Қазақстанда неке бұрынғыдай АХАТ бөлімшелерінде тіркелетін болды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикердің сөзінше, некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, сондай-ақ шешімдер шығаруды АХАТ органдары атқарады.
«Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеден бастап АХАТ функциялары Мемлекеттік корпорацияға беріледі. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Оларды аудандық және қалалық АХАТ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Айтуынша, АХАТ функциясын ХҚО-ларға берудің басты себебі – цифрландыруға көшу процесін жүзеге асыру.
«Некеге тұрған адамдар өз қалауы бойынша салтанатты жағдайда тіркеуші органдардың арнайы жабдықталған орындарында немесе арнайы тағайындалған мемлекеттік неке сарайларында тіркеле алады. Куәлік берудің нақты уақыты мен осы рәсімді салтанатты жағдайда өткізу шарты өтініш берген кезде алдын ала келісілетінін атап өтеміз. Некені салтанатты жағдайда тіркеу міндетті рәсім болып табылмайды және тараптардың қалауы бойынша жүзеге асырылады», - деді ол.
Сонымен қатар, АХАТ қызметтерін тек қана тіркеуші органның қызметкерлері көрсетеді. ХҚКО операторларын қоса алғанда, Мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайды. Жеке өмір, жеке отбасылық өмірі мен отбасылық құпиясы заңның қорғауында болады.
«Айтпақшы, қызмет көрсету стандарттары, оларды қарау тәртібі мен мерзімдері өзгеріссіз қалады. Бұдан басқа, мемлекеттік корпорацияда АХАТ қызметкерлеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін қосымша штаттық бірліктер қарастырылған», - деп түсіндірді ол.