Білікті мамандар сала жұмысын жандандырады
Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығы қарсаңында және 24 маусым – «Судьялар мен сот қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесіне орай аудандық сот саласының білікті мамандары жайлы ақпаратпен бөліскенді жөн көрдім.
Мемлекеттік қызметтің жұмыс сапасы халықтың пікіріне, көзқарасына қарап бағаланады. Сондықтан қай сала болсын өз қызметін халықтың талап-тілегіне сай ұйымдастырады. Қолға алынатын бастамаларында, дайындалған жоспарларында ең алдымен тұтынушы сұранысын ескереді. Яғни, қызмет халыққа қолайлы, қолжетімді, тиімді болып қоймай, сонымен қатар қаржы, уақыт жағынан әуре-сарсаңға салмайтындай ыңғайлы жүргізілуі шарт. Сот саласындағы реформаларда дәл осы талаптардың басты орында тұратыны белгілі. Жалпы, соттың жаңашылдықтың жаршысы, заманауи өзгерістердің көшбасшысы екені ешкімге құпия емес. Әсіресе, жаңа технология жетістіктерін сот тәжірибесіне пайдалануда оң өзгерістердің орын алғанын көпшілік көріп, біліп отыр.
«Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғандықтан сот беделін көтеру, сот жұмысының сапасын арттыру бағытында қолға алынған оң бастамалардан сот қызметкерлері де шет қалмайды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, саладағы іс-шаралардың табысты болуы ұжымның бірлігіне, ынтымағына, ауызбіршілігіне тікелей байланысты. Өйткені, жұмыс дұрыс жүргізілуі үшін салаға білікті, кәсіби шебер, өз саласын жетік меңгерген, өз жұмысын жан-тәнімен жақсы көретін мамандар топтастырылуы керек. Ортақ тәртіпті сақтаудың, әдеп нормаларына қайшы келетін қадамдардан бойды аулақ салудың да сала имиджін өзгертуде ықпалы басым. Осы қасиеттерге сай аудандық соттың жетекші маманы Олжас Оразбайұлы Дүйсеновті айта аламын. Аудандық сотқа келгеніне 1 жыл болса да облыстық соттың және мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Атап айтар болсақ, облыстық соттың ұйымдастыруымен өткізілген «Тәрбие – ұлттың қазығы» атты шығармашылық байқауда жүлделі екінші орын және «Мемлекеттік кызметші күні» мерекесіне орай облыс әкімінің жүлдесіне арналған XXVII дәстүрлі спартакиадасына тоғызқұмалақ ойынына қатысып, командалық екінші орын алып, аудандық соттың мәртебесін көтерді. Алдағы уақытта да әлі де мемлекеттік қызметшілердің атына сызат түсірмей, талай жетістіктерге жетеді деп сенемін.
Сонымен қатар адамдармен сыпайы сұхбаттасу, сауалдарына орнықты жауап беру, көпшілікпен жақсы қарым-қатынас орната білудің де мамандар үшін маңызы зор. Себебі сот саласы – халыққа қызмет көрсетуші, халықпен тікелей байланыстағы қызмет екенін ескерсек, біздерге тек кәсіби маман болу жеткіліксіз, бұған қосымша халықпен араласу, қатынас жасай білу мәдениетін қалыптастыру кезек күттірмейді. Кейде бір қызметкердің дөрекі сөзі, шалт қимылы бір ортада еңбек етіп жатқан бүкіл ұжымның жұмысын жоққа шығаруы мүмкін. Осының өзі сот қызметкерлеріне шыдамдылық пен байсалдылық қажеттігін көрсетеді.
Сот саласына азаматтар жайдан-жай келмейді. Құқығы тапталып, шыдамы таусылып, шарасыздық жанын ауыртқаннан кейін ғана сотқа жүгінеді. Мұндай қадамға азаматтар сотқа сенгендіктен, сот көмектеседі деп үміттенгендіктен барады. Шарасыз жандардың ашуға бейім, сөз көтере бермейтіні белгілі. Сондықтан сот қызметкерлерінің азаматтарды ықыласпен тыңдап, сабырға шақыруының өзі сотта жеңіске жеткендей әсер етуі мүмкін. Көпшіліктің ризашылығын алу, алғысына бөлену салаға қатысты оң пікірдің қалыптасуына негіз қалайды. Ал бедел бір күнде қалыптаспайды. Халықтың ықыласына ие болуға, саланың беделін жоғарылатуға күндер емес, жылдар кетеді. Осыншама еңбекпен жеткен жетістікті жоққа шығармау үшін әр қызметкер өз ісін адал атқарып, теріс әрекеттерден тыйылуы керек.
Білімділік, біліктілік, жоғары моральдық-этикалық бейне, адамгершілік әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында үйлескен жағдайда мемлекеттік қызметшінің «жоғары имиджі» жасалады. Осындай имидж мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге тікелей жол болып табылады.
Меңдігүл Асан,
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің бас маманы