Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясы өтті

Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясы өтті

Сессияға облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, қала әкімі Асылбек Шәменов, облыстық полиция департаментінің басшысы Махсудхан Аблазимов, облыстық әкімдік қызметкерлері, мәслихат аппаратының басшысы, орталық атқарушы мемлекеттік органның облыстық бөлімшелерінің басшылары, тиісті басқарма басшылары, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының және сайлау комиссиясының төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

 «Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аймағымыздың дамуы жайында өткен брифингте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Аймақ экономикасының оң тенденциясын қалыптастырып, дамуына үлес қосқан облыстық мәслихаттың жұмысымен де тікелей байланысты екенін айтып өтті. Облыс бюджеті жылдың басында 537 млрд теңгені көрсетсе, бүгінде көрсеткіш 593 млрд теңгеге жеткен. Кеше өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттық корпус тарапынан барлығы 16,5 млрд теңгені құрайтын 62 сауал келіп түсті. Әрбір сауал егжей-тегжейлі талданып, облыстық бюджеттің мүмкіншілігіне қарай бірқатар мәселеге қаржы бөлінді. Ең алдымен кезек күттірмейтін халықтың игілігіне жұмсалатын қажетті әлеуметтік салаларды жетілдіруге, кәсіпкерлікті қолдау, ішкі істер органдары саласына бағытталып отыр» -деді облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов.

Күн тәртібіндегі Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 шешіміне «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгеріс енгізу туралы» Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбарәков хабарлама жасап, үнемделген қаржы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында облыстық мәслихат депутаттары тарапынан көтерілген мәселелер бойынша бағытталғандығын жеткізді. 

Осы ретте, депутат Нұриддин Әмитовтың сауалына сәйкес, Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына 10 дана компьютер жиынтығын сатып алуға, депутат Е. Искендердің ұсынысына байланысты 2023 жылға шағын және орта бизнес субъектілерінің несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, депутат Мұрат Нәлібаевтың сұрағына сәйкес Қызылорда қаласында шағын және орта бизнестің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, депутат Аида Абибуллаеваның ұсынысы бойынша Абай атындағы 3 тілде оқытатын орта мектебіне ағымдағы жөндеуге, Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі ауласының қоршауын ағымдағы жөндеуге, Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім инновация» лицей-интернатының ауласын қоршау үшін ағымдағы жөндеуге, Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында салынған Қызылорда қаласы сол жақ жағалау мекен жайында орналасқан 320 орындық және СПМК-70 тұрғын ауданы, Бәйтерек көшесі №83 ғимарат мекен жайында орналасқан 320 орындық балабақша ғимараттарын жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралды. 

Сондай-ақ, депутат Қ. Ерназаровтың сауалына сәйкес, Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлердің қасбетін күрделі жөндеуден өткізуге, «Қызылорда қаласында ТК-8-ден ТК-9-ға дейін магистралдық жылу желілерін реконструкциялау» жобасын қоса қаржыландыруға, Арал ауданының Арал ауданаралық ауруханасының перзентханасының, туберкулезге қарсы бөлімінің, Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясының қазандығы ғимаратын реконструкциялауға, депутат Мұхтар Ниязовтың сауалына сәйкес, «Анаға тағзым» орталығының ашылуына орай, қосымша 27 штат бірліктерін ұстап тұру шығындарына, депутат Аманжол Оңғарбаевтың ұсынысы бойынша Кіші Арал теңізіндегі Арал қаяз балығының санын қалпына келтіру үшін оның генофондын сақтау жұмыстарын жүргізуге, депутат Ж.Ембергеновтың сауалы бойынша Сырдария ауданы Жетікөл ауылдық округін сумен қамтамасыз етілуін жақсарту мақсатында «Жыңғылды» көл каналын тазартуға, депутат Әмірбек Шаймағанбетовтің ұсынысына сәйкес Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округінде «Аққыр» каналына су шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы бағытталды. 

Депутат Ж.Нұрымбетовтің депутаттық сауалына сәйкес, «Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауынан автовокзал құрылысы» жобасына жер-кадастрлық жоспарын әзірлеуге, «Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесін орташа жөндеу» жобасына және Қызылорда қаласындағы 11 көшені (Бөкейхан, Сүлейменов, Бектұрғанов, Қонаев, Демесінов, Қазантаев, Әйтеке би, Мұратбаев, Шүкіров, Назарбаев, Бахадүр көшелері) орташа жөндеуден өткізуге, сонымен бірге, «Күзгі үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру үшін техникалар сатып алуға қаржы бөлінді.
 
Облыстық мәслихат депутаттары осы өзгерістерге байланысты облыстық бюджетті барлығы 10,6 млрд. теңгеге нақтылау жүргізу бойынша шешімді бірауыздан қабылдады. 

Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбарәков тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында көтерілген, бюджет нақтылауына енгізілмеген қалған депутаттардың кейбір мәселелері мен ұсыныстары алдағы уақытта зерттеліп, қаржысы есептеліп, бюджеттік өтінім нақтыланатындығын айтып өтті. 

Сессия соңында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов облыстық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік маңызы бар бағытқа бюджеттен қаржы бөлінгенімен жұмыстың атқарылуына кедергі келтіретін техникалық жағдайлардың болатынында ескеріп қойған жөн екендігін және мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін халықты жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы облыстық мәслихаттың назарында, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында тұр. Сондықтан, айтылған ұсынысқа сәйкес жұмыстардың әкімшілік тарапынан мерзімінде орындалуын қатаң бақылауда болатындығын жеткізді.
14 маусым 2023 ж. 241 0