Елдің келешегі бүгінгі баланың қолында
1 маусым – балаларды қорғау күні. Яғни, жаздың алғашқы күнінде халықаралық тұрғыда жасөспірімдер мен нәрестелердің құқығы жөнінде сөз етіліп, мейрам есебіндемемлекет тарапынан ауқымды шаралар жүзеге асады. Аталған мереке сонау 1950 жылдан бүгінге дейін тамырын үзбей атап өтіліп келеді.
Балалық шақ-қоғамдық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, тұлға болып қалыптасатын белгілі кезең. Кәмелетке толмайынша кез-келген жасөспірім, кез-келген нәресте отбасының қорғауында болғаны шарт. Дегенмен, бұл дегеніміз мемлекеттің бала тәрбиесіне араласпауына, құқықтық заңнамалық тұрғыда қарастырылмауына себеп емес. Келешекте еліне патриот, жеке индивид атану үшін ең алдымен ұлттық тәрбие, моральдық құндылықтар жөнінде мектеп тарапынан базалық ілім қарастырылуы қажет-ақ. Алайда, тек қана ұлттық тәрбиені бойына сіңірген баланың келешекте алысқа ұзауы екі талай. Себебі, заманның даму үдерісінде консервативтік көзқарасты артта қалдырып, халықаралық белестерді бағындыруы үшін креативті идея мен сананың бостандығы жетіспейді. Сондықтан, баланың тұлға болып өскенін қаласақ, жетістікке жетсін десек осы мәселені қауым болып қарастырғанымыз жөн. Соңғы жаңалықтарға куә болсаң, баланың құқығы жөнді қозғалып жатыр-ау дегенге күмәнмен қарамасқа болмайды. Ата-ананың тарапынан орын алған қатыгездік, жасөспірімдер арасында жиі орын алатын буллинг, әлеуметтік желідегі кибербуллинг, аборт жасағыштардың белең алуы секілді жаға ұстатарлық жәйттар шынымен жанды қынжылтады. Аталған мәселелерді БАҚ мен өзге де медиалардың талқыға салып жатырғаны шамалы. Кәмелеттің табалдырығын аттамас бұрын, емтиханнан сүрініп өз-өзіне қол жұмсағандарда жоқ емес. Күн өткен сайын көбеймесе, азаймақ емес.
Бүгінгі жас буын-болашақтың кепілі, ұлттың қорғанысы. Осы бастан жасөспірімдерге агрессивті тәрбие беріп, Кеңес үкіметі кезіндегі консервативті саналарына сіңіре беретін болсақ, жастарымыздың жаппай дегредацияға ұшырамауына кім кепіл? Ұлымыз бен қызымыз ұлтқа қызмет етсін, көк туымызды аяққа таптатпай тұғырлы болғанын қаласақ алдымен тәрбиені жөнге салғанымыз абзал. Арзан дүниелердің орнына білім мен ғылымға назар аударып, өскелең ұрпаққа өнеге етсек қана ұлт болашағы жөнінде алаңдамауға болады. Сондықтан, ұят болады, бұл қазаққа сай емес дей беруді азайтып, идеямен жұмыс жасауға мүмкіндік бергеніміз абзал.
– Мен көп балалы анамын. Өз балаларым үшін бәріне дайынмын. Әкесі екеуміз балаларымыздың болашағы үшін, әр керектері үшін әрекет етеміз. Қазіргі ата-аналар өздерінің жауапкершліктерін сезінбей, бала тәрбиесінде көп қателіктер жіберіп жатады. Біз сол қателіктерді ескеріп өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беруге тиіспіз, – дейді Жадыра Жалғасбекқызы.
Мерей ЖАЛҒАСБЕК,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенттері
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенттері