Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиада жүлдегері Марина Вольнова туған жер төсінде

Олимпиада жүлдегері Марина Вольнова туған жер төсінде


Қасиетті Қазалы топырағында туып, күллі әлемге Қазақ елінің атын шығарған боксшы Марина Вольнова туған жерге табан тіреді. Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарында қола жүлдеге ие болған ол бүгінде қазақ жігітіне жар атанып, бақытты отбасының түтінін түтетіп отыр.
Сәрсенбі күні батыр қыз отбасымен бірге Қазалы жұртшылығымен кездесті. Қызылорда облыстық жастар саясаты басқарамасының қолдауымен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырған басқосу «Спорт - денсаулық кепілі» деп аталды.
Мәдениет орталығына жиналған көпшіліктің қошеметімен даңқты жерлесіміз, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қатысушысы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері Марина Вольнова мен аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов сахна төріне шақырылды. Құтты орынға жайғасқан соң, Әлімжан Мұратбайұлы олимпиада жүлдегерімен емен-жарқын сұхбаттасты. Әңгіме арасында Марина спорт деген әлемге қалай келгенідігі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
- Алдымен, туған жерге келіп, Сіздермен кездесіп отырғаным үшін қатты қуанып отырмын. Менің қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Құрметтеріңіз үшін мың алғыс.


Ал, менің спортқа келуімнің өзі қызық болды. Осы залда алдыңғы қатарда отырған Қазалы балалар-жасөспірімдер спорт мекттебінің директоры Жұмабек Құлбаев ағамыздың арқасында алғашында дзюдомен айналыса бастадым. Көрсеткіштерім де жаман емес болатын. Алайда, бір жарыста жарақат алып қалып, дзюдомен қош айтысуыма тура келді. Алайда, Жұмабек ағайдың айтуымен бокс үйірмесіне қатыса бастадым. Ол кезде өзге қалаларда өзімді қорғау үшін керек болар, бір септігі тиіп қалар деп шұғылданып жүрдім. Бірақ, өзімнің бокстың әліппесін үйреткен Бақытбек Құлбаевқа жолыққанда ойымды түбегейлі өзгерттім. Бокстасудың қыр-сырын меңгерген соң бапкерім Бақытбек ағайдың айтуымен Астана қаласына аттанып кеттім. Одан кейінгі бағындырған белестерім өздеріңізге белгілі, - деп ағынан жарылды.
 
Мұнан бөлек Марина жас спортшыларға өз тәжірибесімен бөлісіп, өмірі мен спорт жолына қатысты өзге де сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, ол Елбасымен кездесу барысында берген уәдесіне байланысты келесі Олимпиада ойындарына қатысатын ойы бар екендігін жеткізді. "Қазақтың келіні ретінде ел демаграфиясына кішкентай болса да үлес қостым. Бүгінде жұбайым Қажымұқан екеуміз 2 бала тәрбиелеп отырмыз. 4 жылдан бері бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жақын арада жаттығу жұмыстарына кірісетін боламын".
Шараға қатысқан облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас аймағымызда ұйымдастырылып жатқан рухани жаңғыру, қоғамдық сананы жаңғырту шараларының маңыздылығына тоқталды. Марина білім алған М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің мұғалімі, алғашқы ұстазы Любовь Медведева ұстаздарының ыстық ықыласын жеткізсе, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосынов түрлі түсті теледидарды сыйлық ретінде тарту етті.
Келелі кездесуді қорытындылаған Марина жастарға өз ақыл-кеңесін берді. Өмірде де, спортта да белгілі бір белесті бағындыру үшін алға мақсат қойып, сол арманға жету жолында тынбай еңбектену керектігін тілге тиек етті.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов спортшыға құрмет көрсетіп, аудан әкімінің құттықтауы мен сый-сияпатын жеткізді.
Айта кетейік, Марина Вольнова олимпиада ойындарының қола жүлдесінен бөлек, Қазақстан Республикасының 4 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, Барбодос елінде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Бұл күндері Маринадай мақтанышымыздың даңқты жолын Бақытбек Құлбаевтың Ақерке Бақытжанқызы мен Дәметкен Келімбет сынды талантты шәкірттері жалғастырып келеді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
26 сәуір 2018 ж. 1 166 0