Жаңа құрам жұмысын бастады
Сырдария аудандық мәслихатының VIII шақырылымының алғашқы сессиясы өтіп, депутаттар мандат алып, қызметіне кірісті. Сессияға аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Сәрменбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, кент және ауыл әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, бір мандаттық аумақтық округ бойынша сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыс етті.
– Біз үлкен саяси маңызды науқанды жоғары деңгейде қорытындылап, жаңа кезеңге қадам басып жатырмыз. Баршаңызды ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаты депутаттары сайлауының қорытындылануымен құттықтаймын. Бұл жолғы сайлау ерекше форматта өтті. Президенттің тапсырмасымен заңға нақты өзгерістер енгізіліп, саяси дода ашық бәсекеге толы форматта өткізілді. Барлық кандидатқа тең құқық пен мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, аудандық мәслихаттың 12 мандатының 11-ін «Amanat» партиясынан, 1-еуін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған азаматтар иеленді, – деді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.
Сессияда депутаттардың бірауыздан қолдауымен аудандық мәслихат төрағасы болып Ержан Әжікенов сайланды. Сондай-ақ «Amanat» партиясының фракциясы тіркеліп, Е.Жақып жетекшілік ететін болды. Мұнан бөлек аудандық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың атауы мен құрамы бекітілді. Екі комиссияның біріне Д.Ералиев, екіншісіне А.Есназар төрағалыққа бекітілді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Сәрменбаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– 19 наурыз күнгі сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан аудандық сайлау комиссиясына, аудан әкімдігіне, кент және ауылдық округі әкімдеріне, мекеме, бөлім басшыларына, жергілікті БАҚ өкілдеріне алғыс айтқым келеді. Біз сайлаудың заңды және ашық демократиялы түрде өткеніне куә болдық. Үгіт-насихат кезеңінде де барлық кандидатқа тең мүмкіндік берілді. Соның негізінде сайлауға аудан халқы белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Енді бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сессияда аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов әріптестерін құттықтап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Біз алдағы уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына бар ынта-жігерімізбен, күш-қайратымызбен атсалысуымыз қажет. Бізден мұны уақыт да, қоғам да талап етіп отыр. Ал бұл істе депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдармен, аудан әкімдігімен, бөлімдермен, кент және ауылдық округі әкімдіктерімен тығыз байланыста болып, ауданымыздың, тұрғындардың игілігі үшін тиімді шешімдердің қабылдануына жұмыс істейтін болады. Аудандық мәслихаттың жаңа құрамына келетін болсақ, өткен шақырылымдағы депутаттық корпус 50 пайызға жаңартылды. Жаңа есімдер мен жастарға мүмкіндік беріліп, қолдау көрсетілді. Бүгін мандат иеленіп жатқан депутат әріптестеріміз алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына, сондай-ақ партияның және өздерінің сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген жоспарлы жұмыстарды, үгіт-насихат кезеңінде сайлаушылардан түскен өтініштер мен талап-тілектерді орындауға жұмыстанады деп сенемін. Бұл ретте депутаттар жергілікті атқарушы органмен, ардагерлермен, қоғамдық кеңеспен, қауымдастық мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдармен қойын-қолтық жұмыс істеп, тығыз әріптестік байланыста болып, тұрғындар үдесінен шығуы қажет. Ол үшін бізде қалыптасқан жүйе де, бірлік пен өзара іс-қимыл алгоритмі де бар. Мәслихат төрағасы ретінде депутаттық корпустың үйлесімді жұмыс істейтініне, бірлік пен берекелі істердің басы-қасында болатынына, елдің мүддесін, облысымыз бен ауданымыздың абыройын бәрінен биік қоятынына сенемін, – деп қорытындылады аудандық мәслихат төрағасы.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ