Биылғы ерекшелік нәтижесін көрсетті
VII шақырылымдағы Парламенттің І сессиясы өз жұмысын бастады. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңартылған депутаттық құрам жұмысына табыс тілеп, алдағы маңызды міндеттерді белгілеп берді.
Бірлескен отырыста Қазақстан Президенті еліміздегі реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру екенін атады. Соның негізінде саяси реформалардың кезекті топтамасын жариялап, көппартиялықты дамытуға және парламентаризмді нығайтуға серпін берді. Атап айтқанда, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу және әкімдерді сайлау аясын кеңейту шараларын іске асыруды айтты. Бұл қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің институционалдық негізін едәуір орнықтыратын болады.
Жалпы, Мәжіліс және мәслихаттардың сайлауында қазақстандықтар саяси партияларға дауыс берді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясы – 71,09 пайыз, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына – 10,95 пайыз, «Қазақстан Халық партиясына» – 9,10 пайыз, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 5,29 пайыз, «Адал» саяси партиясына – 3,57 пайыз дауыс жинады. Осының нәтижесінде VII шақырылған ҚР Парламенті еліміздегі 3 саяси партия және Қазақстан халқы Ассамблеясының кандидаттары депутат болды. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы 76, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 12, Қазақстанның халық партиясы 10 мандат иеленді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 9 депутат сайланды. Олардың ішінде ең жас Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов екенін атап өткен жөн.
Саяси науқанға облыс жұртшылығы да белсенді қатысты. Сайлаудағы дауыс беру қорытындысымен 73,9 пайыз көрсеткішке ие болып, Қызылорда облысы республика бойынша екінші орынды иеленді. Саяси науқанда заңда көрсетілген 7 пайыздық межені еңсерген үш саяси партия Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне мандаттарын алды. Оның ішінде, «Nur Otan» партиясы ұсынған тізімге аймағымыздан Балайым Кесебаева, Ғалым Әмреев, Бахытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, Марат Құсайынов еніп, Мәжіліс депутаты болып сайланды.
Жалпы сайлау қорытындылары бойынша өңірде барлық партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді. Нақты айтсақ, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 152 мандат берілсе, оның 126 мандатын «Nur Otan» партиясы, 15 мандатын «Ауыл» партиясы, 4 мандатын Қазақстан Халықтық партиясы, 5 мандатын «Ақ жол» партиясы және 2 мандатын «Адал» партиясы иеленді.
Облыстық мәслихаттың жаңа депутаттық құрамы VI шақырылымның 12 депутаты және жаңадан сайланған 21 депутатпен жасақталды. Оның ішінде, 8 әйел, 4 белсенді жас бар.
Облыстың жақсы көрсеткішіне сырдариялық сайлаушылардың белсенділігі үлкен үлес қосты. Ауданда сайлауға 3 саяси партия қатысты. Сайлаушылар тізіміне енген 22827 азаматтың 18903 дауыс беруге атсалысып, көрсеткіш 82,81 пайызды құрады. Осы бойынша аудан облыста алдыңғы қатардан көрінді.
Аудандағы сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы 79,73 пайыз, «Ауыл» партиясы 17,98 пайыз, «Адал» партиясы 2,29 пайыз дауыс жинады. Осының нәтижесінде, аудандық мәслихат депутатығына «Nur Otan» партиясынан 10 мандат, «Ауыл» партиясынан 2 мандат ие болды. VIІ шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаттық құрамы жаңадан сайланған 5 депутатпен толықты. Оның ішінде, 3 әйел, 1 белсенді жас бар.
Жалпы, бұл жолғы сайлаудағы партиялық тізім бойынша дауыс беру және әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілу тәжірибесі Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға айтарлықтай өзгеріс әкелді. Халық қалаулыларының құрамы жаңарып, жасарып, ендігі уақытта мемлекетті, облыс пен ауданды дамытуда жарқын бастамалар жүзеге асады деген сенімдеміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ