Мемлекеттік қызметші моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға міндетті
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының нормаларында адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға; өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалану талаптары айқындалған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
2022 жылы азаматтар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтамауы әрекеттеріне қатысты Департаментке шағым келтірген болатын.
Осыған орай, Департамент тарапынан жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, тексеру нәтижелерімен мемлекеттік қызметшілер тарапынан «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының нормалары бұзылғандығы анықталған.
Өз кезегінде, Департамент тарапынан заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындарына тәртіптік мәселесін қарау туралы анықталған заң бұзушылықты жою туралы ұйғарымдар енгізілген.
Анықталған заң бұзушылықты жою туралы ұйғарымдардың нәтижелерімен заң бұзушылықтарға жол берген әр түрлі санаттағы тұлғалар әртүрлі тәртіптік жазаларға тартылды.
Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Яғни, әрбір мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заң нормаларымен айқындалған талаптарды сақтауға міндетті.
Н.Алиев,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаменттің мемлекеттік
қызмет саласындағы бақылау
басқармасының бас маманы