Жаһандағы гендерлік жағдай: Қазақстанда қандай өзгеріс бар?
Өткен 2022 жылдың шілде айында Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандағы гендерлік жайт туралы кезекті жылдық есебі жарияланды. Ол ағылшын тілінде «The Global Gender Gap Report» деп аталды. Маңызды құжатта келтірілген дерекке сүйенсек, Қазақстан гендерлік теңдік бойынша өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайыз өсім көрсетіп, 71,9 пайыздық индекспен әлем бойынша 65-орынға шыққан. Сіздің ойыңызда да «Дүниежүзілік экономикалық форум гендерлік айырмашылықты қалай есептейді? Қазақстандағы жағдай қандай бағыттарды басшылыққа алып бағаланады?» деген сұрақтар пайда болды ма? Ендеше, сараптамамызға назар салыңыз.
ГЕНДЕРЛІК АЙЫРМАШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ЕСЕБІ
The Global Gender Gap Report – ДЭФ-тің жыл сайынғы әлем елдеріндегі гендерлік теңдік туралы дайындайтын есебі. Онда денсаулық сақтау, білім беру, экономика, саясат сияқты түрлі салалар бойынша гендерлік теңдіктеңсіздік индексі есептеледі. Бұл жылдық есеп әлем елдеріндегі гендерлік теңдіктің даму динамикасын көрсетеді. Сондай-ақ елдегі ерлер мен әйелдердің ара салмағын есепке ала отырып, мемлекет ресурстарының қолданылу деңгейіне сараптама жасайды.
Елдегі ерлер мен әйелдердің арасындағы құқықтың теңдігіне орай белгілі бір балл беріледі. Нәтижелер 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшенеді. 100 баллмен бағаланған елде гендерлік теңдік жүз пайыз орнаған деп айтуға негіз бар. Егер арнайы комиссия белгілі бір елге жүзден төмен балл беруді жөн деп тапса, демек ол елдегі ерлер мен әйелдер арасында гендерлік айырмашылық бар дегенді білдіреді. Сондай-ақ арнайы есепте гендерлік теңсіздікті жоюдың тиімді жолдарын анықтауға арналған салыстырмалы талдау қоса беріледі. Гендерлік теңдікке жетуді көздейтін ДЭФ есебі өзге индекстермен салыстырғанда бұрыннан, 2006 жылдан бері, қолданыста.
ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК САНАТТАРЫ
Көрсетілген пайыздық индекстер гендерлік теңдіктің ағымдағы жай-күйін төрт негізгі санатқа сүйене отырып есепке алады.
Экономикалық белсенділік. Бұл санаттың өзі үш өлшемді қамтиды: әйелдер мен ерлердің еңбекке араласуы арасындағы айырмашылық, олардың тапқан табысының ара салмағы және қос тараптың жоғарғы лауазымды қызметке тағайындала алу көрсеткіші.
Білімге қолжетімділік. Аталған санат негізінде әйелдер мен ер азаматтар арасындағы сауаттылық деңгейі талқыға түседі. Кез келген деңгейдегі білім алу мүмкіндіктері есепке алынады.
Денсаулық сақтау мен өмір сүру деңгейі. Бұл санат қос тараптың денсаулық деңгейі арасындағы айырмашылықты сараптайды. Кей елдерде ұл баланың дүниеге келуі үлкен маңызға ие. Бұндайда қыз балалардың, яғни жалпы есепте әйел адамдардың азаюы орын алуы мүмкін. Аталған санат осы аралықтағы мәселелерді назарға ала отырып, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына да негізгі бағыт бере айқындайды.
Саяси өкілеттіліктер. Бұл санат аты айтып тұрғандай ерлер мен әйелдердің саясатта ықпалды болып, билікке араласа алу қабілеттілігін бағалайды. Президент немесе премьер министр лауазымындағылар мен министрлік пен парламентте қызмет ететін ерлер мен әйелдердің саны да есепке алынады.
ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ. ЖАЛПЫ ТЕНДЕНЦИЯ ТУРАЛЫ
2022 жылғы гендерлік айырмашылықтың жаһандық есебі барлығы 146 елдің дерегін қамтыды. Ол бойынша гендерлік теңдіктің халықаралық ортақ деңгейі 68,1 пайызды көрсеткен. ДЭФ сарапшыларының есебінше, дәл осы қарқынмен жыл сайын көрсеткіштер көлемі артып отыратын болса, жер бетіндегі барлық әйелдер мен ерлер арасында шамамен 132 жылдан кейін теңдік орнайды. Себебі, гендерлік теңдіктің жалпы көлемі алдыңғы жылы 67,9 пайыз болса, 2022 жылы 68,1 пайызға жеткен. Әлем елдеріндегі гендерлік алшақтық мәселесіне 2020 жылы басталып бірнеше жыл түгел халықты әбігерге салған пандемия да әсер етпей қоймағаны ақиқат.
Айта кетейік, әлемдегі бірде-бір елде толықтай жүз пайыз гендерлік теңдік орнамаған. Десек те, 80 пайыздық көрсеткіштен асып, алғашқы ондыққа еніп үлгерген мемлекеттер бар. Олардың ішінде Исландия 90,8 пайызбен көш бастап тұрса, 86 пайызды көрсеткен Финляндия екінші орынға тұрақтаған. Одан кейін Норвегиядағы гендерлік теңдік деңгейі 84,5 пайызды құраса, Жаңа Зеландияда 84,1 пайыз. Швецияда 82,2 пайыз, Руандада 81,1 пайыз, Никарагуада 81 пайыз, Намибияда 80,7 пайыз, Ирландияда 80,4 пайыз деген көрсеткіштер тізілген. Ал Германия алғашқы ондықты 80,1 пайыздық көрсеткішпен қорытындылайды.
ГЕНДЕРЛІК АЛШАҚТЫҚ БОЙЫНША ЕЛДЕГІ АХУАЛ
Биылғы жылы еліміз жоғарыда сөз болған 146 мемлекеттің ішінде 65-орынға тұрақтады. Жалпы индекс көлемі – 71,9 пайыз. Бұл дегеніңіз, 2021 жылмен салыстырғанда, 0,9 пайызға артық дегенді білдіреді.
«The Global Gender Gap Report» сараптамасы 2006 жылдан бастап тұрақты жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақыт аралығындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, аталған бағыт бойынша Қазақстанда соңғы 12 жыл ішінде іс жүзінде еш өзгеріс болмағанға саяды. Жыл сайынғы көрсеткіштер бір-бірімен шамалас. 2006 жылы бұл көрсеткіш біздің елде 69,3 пайыз болған. Ал 2009-2011 жылдары қатарынан 70,3 пайызды көрсеткен. Кейін 2012-2014 жылдары 72,1 пайызға жетсе, 2015 жылы көрсеткіш төмендеп 71,9 пайызға кеміген. 2022 жылға дейінгі жеті жыл ішінде түрлі сандарды көрсеткен гендерлік алшақтық көрсеткіші былтыр 2015 жылғы деңгейге қайта оралып отыр.
Еліміз 2016 жылғы рейтинг бойынша 144 мемлекет ішінен 51-орынды, 2017 жылы 52-орынды, 2018 жылы 149 елдің ішінен 60-орынды, 2020 жылы 153 мемлекет арасында 72-орынды, 2021 жылы 156 ел ішінен 80-орынды иеленген. Ендеше қорытындылай келе, елдегі гендерлік теңдік бойынша жағдайды тұрақты түрде орташа деп бағалай аламыз.
САНАТТАР БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК
Жекелеген категориялар бойынша да жалпы есеп жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, экономикалық белсенділік бойынша Қазақстан 75,6 пайызбен 29-орынға жайғасқан. Бұл ретте Лаос Халықтық Демократиялық Республикасы ең жоғарғы 88,3 пайыз көрсеткішті көрсетсе, ең төменгі ұпай 17,6 пайыз иеленген Ауғанстанға тиесілі. Экономикалық белсенділік бойынша Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің ара қатынасы 2016-2020 жылдары 74 пайыздың айналасында болса, 2021 жылы күрт төмендеп 72,8 пайыз болған.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының 4,3 миллион электронды еңбек келісімшартына жүргізген талдауы елдегі жоғары білікті мамандардың негізгі бөлігін әйел адамдар құрайтынын көрсеткен. Ал басшылық лауазымға көбіне ер кісілер тағайындалған. Сәйкесінше, ер басшылардың орташа жалақысы әйел басшыларға қарағанда 12,4 пайызға жоғары болған. Сондай-ақ белгілі бір сала қызметкерлерін салыстырғанда да ер азаматтар әйелдерге қарағанда 29 пайызға көп жалақы алады екен. Жалпы еңбекке жарамды халықтың орташа жалақысын есепке алғанда, ерлердің табысы жоғары екені анықталған.
Ал азаматтар мен азаматшалардың білім алу деңгейіне орай Қазақстан биыл 100 пайыздық көрсеткішпен 27-орынды иеленген. Жалпы бұндай жоғары көрсеткішті әлем бойынша 28 мемлекет көрсетеді. Білім алу саласы бойынша әйелдер мен ерлер бір-бірінен қалыс қалған емес. Сөзімізді соңғы жылдардағы есеп бойынша көрсеткіштің 100 бен 99,5 пайыздың арасында болуы дәлелдейді.
Келесі категория – денсаулық сақтау мен халықтың өмір сүру жағдайына қатысты. Бұл тұста еліміз 97,7 пайыз көрсеткішпен 44-орынға тұрақтайды. Айта кетейік, дәл осы категорияда Белорусия да бізбен иық тіресіп, бір қатарда тұр. 2016 жылы бұл санат бойынша елдің көрсеткіші 98 пайызды құрап, Қазақстан өзге 37 елмен қатар рейтингте бірінші орынға шыққан еді.
Ал Саяси мүмкіндіктер санаты бойынша Қазақстан небәрі 14,3 пайыз көрсеткішпен 103-орында тұр. 2016 жылы 15,3 пайызбен 77-орынға тұрақтаса, кейінгі жылдары көрсеткіш небәрі 13 пайызды құраған. Басқа категориялар сияқты бұл санат та 2021 жылы қайта өркендеп, 14,1 пайызға жеткен. Жалпы есепке сүйенсек, биылғы көрсеткіш тағы 0,2 пайызға өскен.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Соңғы 2020-2021 жылдардағы гендерлік теңдіктің жаһандық құлдырауы Қазақстанға айтарлықтай әсер ете қоймаған. ДЭФ есебіне сүйенсек, көрсеткіш біршама қалыпты. Соңғы жылдардағы нәтижелер арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. 1908 жылы 15 мыңнан астам әйел АҚШ-тың ең ірі қаласы Нью-Йоркте шеруге шығып, өздеріне сайлау құқығын беруді, жұмыс күнін қысқартуды және еразаматтармен бірдей жалақы төлеуді талап еткен еді. Содан бері арада 114 жыл өтсе де осы үш талаптың үшеуі де толыққанды орындалған жоқ. Әрине, бұрынғы мен бүгінгі әйелдер жағдайын салыстырғанда үлкен айырмашылықты байқамау мүмкін емес. Десе де, әлемнің 34 пайыз елінде әлі күнге дейін гендерлік теңдік туралы заң да қабылданбаған. Демек, әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылар жұмыс көп.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ