Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Соңғы қоңырау 25 мамырға қайтарыла ма?

Соңғы қоңырау 25 мамырға қайтарыла ма?

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "Қазақстан" телеарнасындағы "Бас тақырып" бағдарламасына берген сұхбатында соңғы қоңырауды 25 мамырға қайтаруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр кез келген идея бала үшін жасалатынын, сапаны көтеру бағытында дұрыс шешім қабылданғанын атап өтті.

"Жалпы бұл әлемде бар тенденция. Бұған дейін 34 оқу апталығы болса, қазір 36 оқу аптасына ұзартылды. Ал әлемде 38-42 аптаға дейін ұзартқан елдер бар", - деді Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, бұл әлемдік тәжірибелерді зерделеп, зерттей келе, балалардың оқу процесіндегі жүктемесін азайту бағытында қабылданған шара. Оны бірден өзгерту қиын.

"Бірақ ата-аналар маған "балалардың демалысын қайтарыңдар" деп қайта-қайта сауал жолдап жатқаннан кейін әріптестеріммен ақылдастым. Әрине биыл жасалған дүниені күрт өзгертуге, тоқтата салуға болмайды. Биыл өзгеріссіз қалады", - деп толықтырды ол.


Бейсембаев оқу процесін орта жолда тоқтатып, шегеру қаржы жағынан да, сапаға да қатты әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Сондықтан біз мақсатты дұрыстап айқындап алуымыз керек. Балалардың білім сапасын арттыру бағытында жұмыс істейік. Егер сапаны жақсартатын болса, жаңашылдықты қабылдауымыз керек. Дейтұрғанмен көпшілік сұрап жатқаннан кейін сарапшыларды шақырып, қоғаммен, әріптестерімізбен тағы да ақылдасып көрейік дегенім рас. Егер "бұл өте маңызды, соңғы қоңырауды 25 мамырға қайтармасақ, сапа нашарлап кетеді" деп жатса, келесі жылы бұл мәселені қарастырып көруге болады. Өзгермейтін дүние жоқ",- деп түйіндеді Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, оқу-ағарту министрлігі оқу жылының ұзақтығы 36 аптаға дейін ұзаруына байланысты соңғы қоңырауды 31 мамырға ауыстырған болатын. Алайда мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болғандықтан, мектептердегі соңғы қоңырау күнін басқа күнге ауыстыруды талап етті. Артынша орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова соңғы қоңырау 1 маусымға ауыстырылғанын мәлімдеді.

"Дәстүр бойынша оқу жылының бірінші күні – 1 қыркүйек, ал биылғы жылдан бастап 31 мамыр оқу жылының соңғы күні болады. 31 мамыр – оқу күні, бұл күні оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес сабақтармен қатар сабақтан тыс іс-шаралар өткізіледі", - деді Кәрімова.

1 маусым жазғы каникулдардың бірінші күні болып саналады.
12 наурыз 2023 ж. 547 0