Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеудесін оққа тосқан сарбаздар

Кеудесін оққа тосқан сарбаздар

Жақында Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейде «Соғыстың соңғы көктемі» тақырыбында танымдық кеш өтті. Мән-мағынасы жоғары кешке аудандық білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Үсенов, облыстық «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров, ауған соғысының ардагерлері Жұмағұл Омаров, Рысбек Жақанов, Алтынбек Бекпан және мектеп ұжымы қатысты.

Тағылымы мол кеш барысында мектеп-лицей оқушыла­ры арнайы көрініс қойып, ауған соғы­сы жылдарындағы тарихи кезеңді анық көрсете білді. Өз кезегінде «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров сөз алып, соғыс жылдарын­дағы оқиғаларымен бөлісті.

– Ауған соғысына Сыр өңірінен 827 адам қа­тысты. Оның ішінде 18 сарбаз қаза тапса, 30 адам жарақат алған. Арамызда отты жылдарды көзімен көрген шағандық біршама майдангер бар. Жыл са­йын Ауған соғысының ардагеріне құрмет көрсету күн тәртібінен түспеу керек. Талай зұлматты күнді бастан өткерген әрбір ардақты азаматтың есімін ұлықтап, ерлігін ұмытпаған жөн. Олардың жасаған ерлігі жас ұрпаққа үлгі. Бүгін Шаған ауылында ерекше кештің куәсі болып отырмыз. Біздің замандастарымыз зор ілтипатқа бөленіп жатқаны қуантады, – деді Ә.Жаров.

Кештің шырайын аша түскен жергілікті өнер­паздар әннен шашу шашты. Кеш қонақтары Жұма­ғұл Омаров, Рысбек Жақанов, Алтынбек Бекпан жиналған жұртшылыққа соғыс жылдарындағы қиын­шылықты тізбектеп айтып берді. Жат елде ба­тыр­лық танытып, кеудесін оққа тосқан жандарға арнайы құрмет көрсетілді. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Үсенов бірқатар ауған соғысының ардагеріне арнайы алғыс хат тапсырды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
21 ақпан 2023 ж. 278 0