Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауа райының қолайсыздығынан көлік қозғалысы шектелді

Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауа райының қолайсыздығынан көлік қозғалысы шектелді

Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауа райының қолайсыздығынан автомобиль жолдарының бірқатар бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аймақта ауа райы күрт нашарлады. Қар аралас жаңбыр жаууда. Көру мүмкіндігі төмен.

«Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы мәліметіне сәйкес, 2 ақпанда Астана уақытымен 5.40-тан бастап республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1357-1806 шақырым аралығына барлық көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Ол Арал ауданы орталығынан Қызылорда қаласына дейінгі аралықты қамтиды», - деп жазылған хабарламада.

Сол сияқты, Түркістан облысында да жауын-шашын салдарынан бірқатар жолдар жабылуда. Кешеден бері жауын-шашын көп болып, тұман түсуіне байланысты полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдарда сақ болуды ескертеді. Себебі мұндай ауа райында көлік құралын басқару қиындап, жол көлік оқиғаларының болу ықтималдығы артады. Сондықтан жауын салдарынан жол үстінде болатын көктайғақта жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет.

Осыған орай полиция қызметкерлері Созақ ауданы арқылы өтетін «Ұланбел-Созақ-Екпінді», Бәйдібек ауданы бойынша «Шаян-Шолаққорған» тасжолдары уақытша жабылғанын хабарлады.
Одан бөлек облыстың Арыс, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Төлеби, Созақ, Сауран аудандарында ауа райы күрт өзгеріп, қар аралас жауын-шашын толастамай тұр.

Сондықтан полицейлер ең алдымен жол қозғалысы ережелерін мұқият сақтап, жылдамдықты арттырмай, қашықтықты, жол белгілерінің талаптарын орындаңыздар деп кеңес береді.

Сондай-ақ аса қажеттілік болмаса жолға шықпауға шақырады.
02 ақпан 2023 ж. 391 0