Еңбеккерлер еңбегі еленді
Ақиық ақын туған Асқар ауылында еңбеккерлердің маңдай тер еңбектері еленді. Ерте көктемнен алтын күзге дейін жұмыстың көрігін қыздырған «Берекет» шаруа қожалығының қызметкерлеріне салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, қажырлы еңбектеріне лайықты құрмет көрсетілді. Еңбек адамдары мерейге бөленген іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, «Берекет» шаруа қожалығының төрағасы Азамат Сқақов және ауыл тұрғындары мен шаруашылық еңбеккерлері қатысты.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев сөз сөйлеп, егінжай ерлерін қандай қиындық болса да берекелі жылды табысты қорытындылағандарымен құттықтады.
– Іргелі аудан өткен жылы «Үздік аудан» атанды. Бұл барлық көрсеткіш бойынша ауданда жұмыс қарқыны жоғары екенін көрсетті. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында аудан жыл сайын зор табысқа жетіп келеді. Оған осы өңірдегі барлық шаруашылық құрылымдарының қосып келе жатқан үлесі бар. «Берекет» шаруа қожалығының еңбеккерлері де ала жаздай адал еңбек етіп, ел қамбасын алтын дәнге толтырды. Соның нәтижесінде ел несібесі молайды, еңбеккерлердің берекесі артты. Сондықтан егінжай ерлеріне құрметіміз ерекше. Шаруа қожалық жұмысына табыс тілеймін, – деді Талғат Мейрамханұлы.
«Берекет» шаруа қожалығының төрағасы А.Сқақов та егін науқанында уақытпен санаспай, бірлесе еңбек еткен шаруашылық қызметкерлеріне алғыс айтты. Шаруашылық төрағасы өткен жылғы егін науқанында 300 гектар жерге Сыр дақылы егіліп, одан мол өнім алынғанын атап көрсетті. Бұл жұмыстардың барлығы еңбеккерлердің қажырлы жұмысы екенін айтып, биыл да ел қамбасын астыққа толтыру бағытында нақты жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Құттықтаудан кейін еңбек озаттары арнайы «Алғыспен» марапатталды. Олардың қатарында Дінислам Айтбайұлы, Арыстан Бегманов, Ертуған Жаңабаев, Нұртаза Сейтбай, Бекзат Төреханов, Бекзат Қошқаров, Олжас Маханбетов, Алмас Жәркеев, Ғабдолла Қалдығараев, Руслан Жылқыбаев, Жәнібек Жылқыбаев, Серікбол Сыздықов, Мұрат Донбаев, Дулат Жарасбаевтар арнайы марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар берілді. Ал шаруашылықтың озат механизаторы Жақсыбай Жарасбаев қажырлы еңбегі үшін автокөлік мінді.
Іс-шарада еңбек ардагерлері Көпболсын Жақып және Роза Төлепова сөз сөйлеп, жыл қорытындысымен озат атанған еңбек адамдарын құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ ел несібесінің артуына әркез тілекші екендіктерін жеткізді.
Еңбеккерлердің мерейлі шағында эстрада жұлдыздары, Сыр өңіріне белгілі әншілер Үкітай Ерниязов пен Әл-Фараби Бекарысұлы және жас әнші Гүлнұр Басымбаева әннен шашу шашты. Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен шаруа адамдарының көңіл-күйін көтеріп, мереке думанға ұласты.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ