Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізденіс. Сапа. Нәтиже

Ізденіс. Сапа. Нәтиже

Осы аптада Астана қаласында өңірлік мер­зімді басылымдардың жұмысын ілге­рілету және өзара тәжірибе алмасу мақ­сатында форум өтті. Форумда журналис­­тика саласының бүгіні мен болашағы та­қырып арқауы болып, түйткілді мәселе­лер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Сон­дай-ақ атқарылған жұмыстарға баға бе­рі­­­ліп, бірлесе орындалатын жоспарлар нақ­тыланды.

Форумда Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне аймақтардағы бұқа­ралық ақпарат құралдарына қолдау көрсету бағытында бірқатар тапсырма берді.

– Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында елі­міздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қо­ғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсыр­малар беріп, міндеттер қойды. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың мәселелерін, атап айтқанда, оқырмандардың саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік басылымдардың жай-күйін саралай келе, газетті басу, баспасөзге жазылу мәселелеріне кеңінен тоқтал­ды. Министр «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынды.

– «Сыр медиа» серіктестігі газет басу, тарату ісінде жүйелі жұмыс істеп жатыр. Серіктестікке қарасты аудандық газеттер кейбір республикалық басылымдармен де бәсекеге түсе алады. Мысалы, өңірдегі аудандық басылымдар баспасөзде де, сайтта да, әлеуметтік желіде де жедел ақпарат таратуда. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша көмектесіп, қол­дау көрсететін боламыз, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Форумда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сөз сөйледі. Сондай-ақ «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев серіктестік атқарып жатқан жұмыстарды, жобаларды таныстырып, тәжірибесімен бөлісті. Медиа құрылым дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы үйлестіре дамытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар «Сыр медиа» ЖШС аймақтардың ішінде өз баспаханасы бар, «Қазпошта» мекемесінің қызметінен бас тартып, өзінің баспасөзге жазылу, тарату қызметін жолға қойған мекеме ретінде танылғанын айтты. Серіктестік бас директоры облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 5 мың студенттің газетке жазылу қаражатын субсидиялауды қолдайтынын жеткізді.

–  Бұл –  республикада тұңғыш рет көтеріліп отырған бас­тама. Мұны жастарға жасаған қолдау, жанашырлық әрі елдік мүддені ту еткен мерзімді басылымдарға көрсеткен демеу деп түсіну керек. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам, колледждерде 20 мыңның үстінде студент оқиды. Солардың арасынан ықылас танытқан жастарға тегін газетке жазып беру мүмкіндігі қарастырылатын болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Қорытындылай келе форум қатысушылары мерзімді басы­лымдар ізденісті серік етіп, жаңашылдықты меңгергенде ғана ақпарат таратуда сапаның артатынын, нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының шығарма­шылық топ мүшелері де форумнан өзіндік ой түйіп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыратын болады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
28 қаңтар 2023 ж. 280 0