«Самара-Шымкент-Тереңөзек» автожолы жөнделеді
Газетіміздің 14 қаңтар күні жарыққа шыққан №4 санында биыл аудан бойынша автомобиль жолдарына барлығы 27,6 шақырым асфальт жабындылары төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жазған едік. Оның ішінде, аудан орталығы мен елді мекендердегі жолдар осы жылы жақсаратынын атап көрсеттік. Бұдан бөлек, биыл облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Тереңөзек» жолы да жөнделетін болады. Бұл – тұрғындар үшін жақсы жаңалық.
«Самара-Шымкент-Тереңөзек» автожолы деп отырғанымыз – дарияның солтүстігіндегі ауылдарды аудан орталығымен байланыстыратын жол. Шаған мен Тереңөзек арасы болған соң көпшілік мұны «Шаған жолы» деп те атап кеткен. Сырдария өзеніне ғасыр құрылысы саналған көпір түскен соң бұл жолмен Тереңөзекке келетіндер, одан бөлек басқа аудандардан қатынайтындар қатарында шек жоқ. Сондықтан бұл автожол облыстық маңызға ие.
Негізінен, бұрыннан төселген асфальт жабындысы 5-6 жыл бұрын қайта жөнделген еді. Дегенмен жол бойында күріштік атыз болып, онда жаз бойы судың болуы жолға айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Одан бөлек, маусымдық кезеңдерде ауыр техникалардың жиі қатынауы жол сапасын төмендеткен. Қазіргі таңда осы жолдың орта тұсы ойдым-ойдым болып, автокөліктер жүрісіне кедергі болуда.
Аталған автожолға байланысты аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың бастамасымен ұсыныс беріліп, аймақ басшысының қолдауымен биылға қаржы мәселесі шешімін тапты.
– Облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автомобиль жолының 0-12 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары осы жылы жүргізіледі. Бұған республикалық бюджеттен 687,6 млн теңге қаржы бөлінді. Жолды жөндеуге тапсырыс беруші – Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталып қойды. Соған байланысты жол құрылысы жұмыстары биылғы мамыр айында басталады деп жоспарлануда, – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары.
Жалпы, техникалық сипаттамасына сәйкес, жолдың қатты бұзылған бөліктерінің топырағы ауыстырылады және жаңадан жол жабындылары төселмек. Жөнделетін жолдың ұзындығы 12 шақырымды қамтыса, ені 7 метр болады. Міне, осы сипаттама негізінде екі аралықтағы жол сапалы қайта жөндеуден өтсе, барлығы үшін қолайлы болмақ. Халықтың да тілегі сол – тегіс жолда кедергі болмаса игі.
Е.БЕРКІНБАЕВ