Әлеуметке ең қажетті нысандардың жай-күйі
Алғаш барған нысан «Бөбек» балабақшасы болды. Балабақшаның ішкі жағдайымен танысып, жылу беру маусымындағы қалыпты температура мен бүлдіршіндердің тамақтану мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда балабақша қоймасында 31 тонна қатты отын бар. Тиісті мекемелермен келісім шарттар жасалған, жылу беру маусымында кемшіліктер болмаған.
Осы ауылдағы №147 мектепке тиісті сала басшыларымен бірге барып, жылу және оқу процестері бойынша негізгі мәселелерді талқылады. Бүгінгі таңда мектеп қоймасында 20 тонна көмір бар, қаңтар айының аяғында 100 тонна көмір әкелуге келісім жасалған.
Шіркейлі ауылында негізгі проблемалық мәселелердің бірі ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу мәселесі еді. 2022 жылы бұл нысанды күрделі жөндеу үшін тиісті мемлекеттік мекемелерге ұсыныс беріліп, нәтижесінде облыстық бюджеттен қолдау тапты. Нысан қазіргі таңда аяқталуға жақын. Тиісті жөндеу жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы, сыртқы абаттандыру жұмыстарын аяқтап, ауыл тұрғындарына сапалы және уақытылы табыстауды тапсырды.
Сонымен қатар, Шіркейлі ауылын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған 1978 жылы желіге қосылған қуаты 1000 кВА 35/10 кВ «Шіркейлі» қосалқы станциясының жай-күйімен танысты. 35/10 кВ «Шіркейлі» қосалқы станциясынан шығатын 10 кВ әуе желілерінің ұзындығы 12,71-шақырым болса, 10/0,4 кВ қосалқы станция саны – 14 дана. 0,4 кВ әуе желілерінің ұзындығы – 21,69 шақырым.
Қазіргі таңда электроқондырғылары мен әуе желілерінің ескіруіне байланысты, ауа-райының қолайсыздығынан ажыратулар орын алып, электроқондырғылардың тозуы – 75 % құрап отыр. Мәселенің күрделі екенін және тұрғындарға сапалы электр қуатын жеткізу мақсатында тиісті ұсыныстарды әзірлеуге сала басшыларына тапсырма берілді.
Айта кетер болсақ, биылғы жылы аудан көлемінде республикалық және облыстық бюджет көздерінен 3,6 млрд.теңгенің жобасы жүзеге асырылатын болады. Оған электр желісін ауыстыру, жол, газ құбырларын тарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, ауыз су мұнараларын жаңарту секілді жұмыстар жүргізіледі.