Аудан прокуроры атқарылған жұмыстарды қорытындылады
Сырдария ауданының прокуроры Асқар Кемалов жергілікті бұқаралық ақпарат құралы – аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының өкілдерімен кездесіп, Сырдария аудандық прокуратурасының 2022 жылы қадағалау аумағында атқарылған жұмыстарының қорытындысын жария етті. Аудан прокуроры алдымен еліміздегі саяси маңызды өзгерістер жөнінде пікір білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құру жолында құқық қорғау органдарының жұмыс бағытын айқындап, нақты міндеттер қойды. Соған орай, тиісті Заңдарға өзгерістер енгізіліп, қоғамда заң үстемдігін берік орнықтыру көзделді. Бұл ретте, Прокуратура саласында да жарқын бастамалар жүзеге асуда. Баршаңызға мәлім, былтыр 5 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жария түрде еліміз үшін ең маңызды 6 заңға қол қойды. Сол құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы. Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» заңға Конституциялық Заң мәртебесі беріліп, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының құқық қорғау функциясы біршама күшейтілді. Бұл – еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң. Заңның мақсаты – Прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру және құзыретін кеңейту, – деді аудан прокуроры.
А.Кемалов БАҚ өкілдерімен кездесуде өткен жылы қылмыстылық ахуал көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға (114/101-ге) төмендегенін айтты. Қылмыс санаттарына қарай бөлсек, аса ауыр қылмыс (3/3) бір деңгейде қалыптасса, ауыр қылмыс 10%-ға (39/35) өсім алған. Орташа қылмыс 17%-ға (34/28), онша ауыр емес қылмыс 38%-ға (13/8) азайған.
– Өсім алған жекелеген қылмыс түрлеріне тоқталсам, ауыр зиян келтіру +50% (2-ден 3-ке), қарақшылық +100% (0-ден 1-ге), қорқытып алу +100% (0-ден 1-ге), мал ұрлығы +50% (8-ден 18-ге), бұзақылық +100% (0-ден 3-ке), есірткі қылмысы +41% (12-ден 17-ге), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомлық +100% (0-ден 1-ге), жол көлік қылмыстары +62% (8-ден 13-ке) өсен. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында аудан прокуратурасының үйлестіруімен қылмыстық қудалау органы қызметкерлерінің қатысуымен 7 рет ведомствоаралық жедел мәжіліс өткізіліп, жаңа жұмыс жоспары әзірленіп, атқарылуы тиіс іс-шаралар жүйесі бекітілді. БАҚ-қа, әлеуметтік желілерге, мақала, посттар, ескертпелер жарияланып,құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Интернет алаяқтықтар бойынша арнайы бейнероликтер жасалып, түрлі әлеуметтік желілерге таратылды. Сонымен қатар кент және ауылдық округ көшелеріне алаяқтық және қаржы пирамида қылмысының алдын алу бағытында 10 (он) билборд орнатылды, – деді Асқар Жаметұлы.
Сондай-ақ аудан прокуроры көшелер мен қоғамдық орындарда, елді мекендер мен кент орталықтарында 5 бағыт бойынша 10 учаскелік полиция қызметкерлері күнделікті бекітілген кестеге сәйкес аралау, тексеру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Учаскелік полиция инспекторларымен рейдтік тексерулер ұйымдастырылып, заңсыз айналымда жүрген атыс қару және өзге де құралдарын анықтау бойынша да жиналыстар тұрақты түрде өткізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар аудандық прокуратураның басты назарында.
– Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, болдырмау үшін полиция қызметкерлерімен мал тасымалдауға арналған автокөліктердің бағыттамасыз немесе малдың ветеринарлық паспортсыз тасымалдаудың деректері анықтау бойынша профилактикалық тексеру жүргізілуде. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында аудандық прокуратура тарапынан кәсіпкерлер палатасымен бірлесе кәсіпкерлік субъектілермен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде өкілетті органдар тарапынан кәсіпкерлердің қызметін заңсыз тексеру немесе қалып жұмыс жасауына кедергі келтіру мәселесі бойынша құқықтық түсіндірме жүргізілді. Кәсіпкер құқықтарын қорғау бағытында құрылған мобильді топ құрылып, оның жұмысы туралы ақпарат берілді. Мәселен, «Олжа» жеке кәсіпкеріне ҚК-нің 197-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңсыз басталу фактісі анықталып, сол күні аудан прокуратурасымен қылмыстық іс тоқтатылды. Алдағы уақытта өсім алған қылмыс санаттарының төмендеуіне қол жеткізілуіне және аумақтағы тұрақтылық пен заңдылықтың сақталуына байланысты тұрақты түрде қадағалау күшейтілді. Қоғамдық мүдделерді қорғау бағытында жүргізілген тексерулермен 32 (20) ұсынулар енгізіліп, 78 (17) тұлға тәртіптік, 39 тұлға әкімшілік (29) жауаптылыққа тартылса, мемлекет пайдасына 26,5 млн. теңге (6,1 млн.) өндіріліп, 10555(11123) адамның құқықтары қорғалды. Бюджетқаржысын толықтыру бағытында Мемлекеттік органдарда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайына мониторинг жүргізіліп, заңдылықты бұзушылықтарға жол берілгені анықталды, – деді аудан прокуроры.
Айта кету керек, жобалау-сметалық құжаттама қаулы тізбесінде көрсетілген сомадан жоғары екеніне қарамастан, абаттандыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен өткізілгені анықталған. Осыған орай, аудандық прокуратураның нұсқамасымен кінәлі тұлғаларға ӘҚБТК-нің 207-бабының 11-бөлігімен 3 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 918 900 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ су ресурстарының тиімді пайдаланылуына және ол үшін ақы төлеу барысында су пайдаланушы субъектілердің қызметіне жүргізілген талдауда ҚР Су Кодексінің талаптары сақталмай, су пайдаланудың есебін жүргізу және ол үшін ақыны өндіру бағытында тараптар арасында жасалған шарттардың талаптары бұзылғандығы белгілі болған. Нәтижесімен «Казсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалына тұтынушылармен егін науқанында пайдаланылған су ресурстары үшін қалыптасқан 52 693 077 теңге қарыздарды мемлекет пайдасына өндірілді.
– Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына жүргізілген талдауда аудан аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау, тасымалдау, қайта өңдеуге қатысты шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтіні анықталып, аудан әкімінің тиісті қаулысымен заңдылықты бұзушылықтар жойылды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйді жалдауда шарттардың орындалу барысы мен олар бойынша тарифтерді бекіту заңдылығына жүргізілген тексерумен тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алушылардан төлем алуға негіз болатын төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесі бекітілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу заңдылығына талдауда ауыл шаруашылық дақылдарын тексеру және сараптамадан өткізу үшін Инспекцияға ұсынылмай, зертханалық сараптама нәтижелері алынбастан пайдаланылғаны анықталып, ұсыну енгізіліп, нәтижесімен 25 шаруа қожалықтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Асқар Кемалов.
Сырдария аудандық прокуратурасы мүгедек жандардың құқықтарын қорғауды да басты назарда ұстауда. Мәселен, әлеуметтік қызметкерлердің жұмысына тиісті түрде бақылау жүргізбеген және мүгедектердің әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етпеген тиісті лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Мұнан бөлек жер туралы заңнама талаптарының сақталуы бағытында жайылымдық алқаптарды беру кезінде және пайдаланылмайтын жайылымдарды анықтау бойынша жалпы көлемі 49876 га құрайтын 366 жер учаскесі анықталып, аудандық прокуратурамен ұсыну енгізіліп, нәтижесімен 16631 га құрайтын кадастрлық құны 29 453 400 тг құрайтын 25 жер учаскесі мемлекетке қайтарылған. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
– Аудан бойынша білім беру және мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымдарында балаларды автокөліктермен тасымалдауда олардың денсаулығына кері әсер ететін факторларды анықтау және автокөліктердің талаптарға сәйкестігіне жүргізілген талдауда заңдылықтың бұзушылықтар анықталған. Талдау барысында мектеп автокөліктерін пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама нормаларының сақталмайтындығы бекітілді. Кәсіпкер құқықтарын қорғау бағытында аудан бойынша мектептерде білім алушыларды тамақпен қамтамасыз ету шаралары тоқтағанын, шартты одан әрі орындауға мүмкіндік болмай, алынған тағамдар бұзылу барысында екенін, кәсіпкердің құқығына нұқсан келу дерегі аудан прокуратурасымен жүргізілген талдау жұмысының барысында анықталды. Нәтижесімен білім алушыларды тамақпен қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құқығын қалпына келтіру мақсатында олармен жасалған шартты шағым жасау кезеңіне ұзарту шараларын қабылдау үшін аудан прокуратурасының білім бөліміне енгізілген ұсынуымен жалпы 637 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, – деді аудан прокуроры.
Журналистермен кездесу соңында аудан прокуроры қадағалау аумағында қылмыстылықпен күрес, оны алдын алу, азаматтардың конституциямен белгіленген құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету прокуратура органдарының басты мақсаты болып қала беретінін айтты.