Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құжат қабылдау наурызда басталады

Құжат қабылдау наурызда басталады

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2022 жылдың 30 желтоқ­санында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабі­леттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданды. Осы Заңның негізгі мақсаты – азаматтардың қа­рыздық жүктемесін азайту, өнімді экономикалық қызметке оралу, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздарды төлеуді ынталандыру. Енді кез келген банк алдында берешегі бар адам өзін банкрот деп жариялауына болады. Бірақ оның негізгі шарттары мен салдары барын ескерген жөн.

Заңда көрсетілгендей, соттан тыс банкрот­тық, сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру, яғни адамдар 3 рәсімнің бі­ріне жүгіне алады. Жеке тоқталатын болсақ, соттан тыс банкроттық бойынша екінші дең­гейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектер бойынша ғана қолданылады. Оның шарттары – борышкердің берешегі 1 600 АЕК-тен 5 520 000 теңгеден аспауы және 12 айдан артық өтелмеген болуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік­тері (жылжымайтын мүлік, жер және көлік құралдары) болмауы қажет. Ақпарат E.gov.kz сайтында қолжетімді. Тағы ескеретін жағдай, банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаттың болуы тиіс. Бұл рә­сім­дегі ерекше шарттары: 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар үшін борышты өтемеу кезеңінің бөлігінде 1-шарт ес­керілмейді. Сондай-ақ егер қарыз 5 жылдан ар­тық өтелмесе, жоғарыда аталған барлық шарт­тар ескерілмейді.

Екінші рәсім сот банкроттығы бойынша сот­пен қарастырылады. Өтініш борышкердің тұр­ғылықты жері бойынша сотқа беріледі. Оның шарттары: барлық кредиторлар алдын­дағы қарыздың барлық түрі бойынша қолданылады. Осы рәсімде борышкер нені білуі керек деген сауалға аудан бойынша Мем­ле­кеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Ордабаев жауап береді:

– Біріншіден, сот банкроттығы барысында борыш­кердің мүлкі сауда-саттықта сатыла­ды. Екіншіден, егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот бан­­кроттығы барысында алып қоюға құқылы. Үшіншіден, егер жалғыз тұрғын үй ке­піл болып табылмаса, ол мүліктік массаға ен­гізілмейді. Бұл рәсімде қаржы басқарушысы та­ғайындалады және қаржы басқарушысы­ның қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есе­бінен жүргізіледі. Банкроттықты жүргізу мерзімі – 6 айға ұзарту мүмкіндігімен 6 ай. Аталған рәсімді қолдану барысында шектеулер де бар. Ол шектеудің алғашқысы мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру) бойынша мәмілелер жа­сау­ға тыйым салынады. Екіншіден, рәсімді жүр­гізу кезеңінде шетелге шығуға тыйым салы­нады.

Жаңа заңдағы үшінші рәсім – төлем қабілет­ті­лігін қалпына келтіру. Бұл рәсім сотпен қарас­тырылады. Өтініш борышкердің тұрғы­лық­ты жері бойынша сотқа беріледі. Оның негізгі шарты – қарыздың мөлшері тиесілі мүліктің құнынан аспауы тиіс. Ал сауықтыру шаралары бойынша мүліктің бір бөлігін сатуға, мүлікті жалға беруге болады. Сондай-ақ жаңасын сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау және т.б.

Бұл рәсімге жүгінген адамдар артықшы­лық­тарға ие болады. Ең бастысы, «Банкрот» мәртебесі берілмейді. Теріс салдарсыз, яғни қаржылық мониторинг жүргізілмейді, несие алуға шектеулер болмайды. Қарыздар бо­йынша бөліп төлеуді 5 жылға дейін жүргізе алады. Шетелге шығуға шектеу берілмейді. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу кезінде қаржы басқарушысының көмегі болады. Қарыздың бір бөлігін есептен шығару мүмкіндігі де қарастырылған.

Ескере кететін жағдай, банкроттық рәсі­мін қолданудың салдары да бар. Банкрот деп жариялаған адамға банктерден және мик­ро­қаржы ұйымдарынан 5 жыл қарыз алу­ға тыйым салынады. Сонымен қатар қайта бан­крот­тық 7 жылдан кейін мүмкін болса, бан­крот­тықтан кейін 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау мониторингі жүзеге асырылады.

Айта кету керек, банкроттық өтініштер 2023 жылдың наурыз айынан бастап қабылданады.

«ТТ» ақпарат

Фото: ашық дереккөз
14 қаңтар 2023 ж. 534 0