Несие кешіріледі банкроттық туралы заң қабылданды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың банкроттығы туралы заңға қол қойды. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына сәйкес, енді мыңдаған қазақстандық өзін банкрот деп жариялай алады. Бұл осы жылдың наурыз айынан бастап іске асады деп күтілуде. Дегенмен тұрғындардың төленбеген несиелерін кешіретін заңға сәйкес оның қатаң тұстары мен өзіндік талаптары да жоқ емес.
Барлық несие өтеліп, өмірді жаңадан бастау жеке тұлғаларға қатысты. ҚР Қаржы вице-министрінің хабарлауынша, банкрот деп тану рәсімінің 3 түрі енгізіледі. Бұл рәсімді борышкердің өзі қолданады. Яғни, несие берушінің аталған рәсімді қолдануға құқығы болмайды.
Сонымен, ең біріншісі – соттан тыс банкроттық рәсім. Онымен банк алдындағы қарызы шамамен 5 млн теңгеге дейінгі адамдар қамтылады. Мұның өзінде бірнеше шарт ескеріледі. Мәселен, бір жыл ішінде ешқандай төлем жасамаған, меншігінде мүлкі жоқ, жеті жыл ішінде банкрот деп танылмаған және т.б. рәсімді «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырады.
Екінші рәсім – қарызы 4,9 миллион теңгеден асатындар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім туралы Қаржы вице-министрі: «Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды» деді.
Үшінші рәсімде азаматтар төлем қабілетін қайта қалпына келтіре алады. Ол үшін сот тәртібі арқылы 5 жылға дейін мерзімге қарызды бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі бар. Бұл жоспар банкпен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Осы рәсімге қатысушы азамат «банкрот» деген мәртебені алмайтындықтан оған банкрот болғаны үшін көрілетін салдар қолданылмайды. Бұл – үшінші рәсімнің артықшылығы.
Банкроттың салдары туралы айтсақ, ең негізгісі банкрот деп танылған адам 5 жылға дейін несие алу құқығынан айырылады. Екіншіден, азаматтар 7 жыл мерзім өткеннен кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіліп, бақылауда болады.
Соңғы жылдары халықтың банк алдындағы қарызы өсіп отырғаны белгілі. Статистикалық деректер бойынша тұтынушылық несие үшін жеке адамдардың қарызы 4 трлн теңгеден асқан. Жалпы, халықтың 27 пайызы банк алдында берешек. Әрине, сарапшылар жеке азаматтардың қарызын кешіру ел экономикасы үшін тиімсіз екенін айтады. Дегенмен әлем елдерінде бар тәжірибені енгізу арнайы заң қабылдау арқылы іске аспақ.
Алпауыт Америкада кез келген қарыз алушы өзін бакрот деп тануына 3 ай уақыт жұмсайды. Оның өзінде тек 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялау құқығына ие бола алатын американдықтардың барлық қарызы кешірілмейді. Ал кейбір мемлекеттерде осы рәсімге жүгінген азаматтар белгілі қызметте, мәселен, коммерциялық ұйымдарда, мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органында т.б. жұмыс істей алмайды. Ал Аустралиялықтар бүкіл мүлкін кредиторға өткізу арқылы 3,5 мың доллар мөлшеріндегі қарызын өтеп, банкрот атанады.
– Жаңа Заңды қабылдау арқылы банкке көп жылдан бері берешегі бар азаматтар жеңілдеп қалатыны рас. Өзінің тапқан-таянғаны ішіп-жемінен аспайтын қара халықтың жағдайына қарасу деп түсінеміз. Мемлекетке де мұндай қадамға бару оңай емес. Дегенмен әлеуметтік жағдайды жақсартудың жолы – банкке берешек қарыздан құтылу. Адамдар тұтынушылық несиені бекерден бекер алмайы. Бірі баласын оқытса, енді бірі той жасап, үйлі болады. Бұрын да біраз адамдардың банкке қарызы өтелгенде қуанғандарды көрдік. Бірақ оның салдарына да мән беру керек. Заңның аты заң. Ешкім адамды ештеңеге мәжбүрлемейді. Өзін банкрот деп тануға адамның өзі жүгінеді және ол біраз уақыт алады. Сонымен қатар банкрот болған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Және де 7 жылдан кейін ғана қайтадан осы рәсімге жүгіне алады. Барлығын таразыға салып ойланып жасау керек, – дейді банк саласының ардагері Құралай Әбілқайырова.
Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтардың 90 пайызының басында несиесі бар. Яғни әрбір 100 адамның 90 пайызы несие алған. Осы 100 адамның 13-і – несиесін уақытылы төлей алмағандар. Сондықтан алдағы уақытта «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға жүгінетіндердің қатары да қалың болатыны сөзсіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, аталған Заң арқылы несиесін төлей алмағандар өзін банкрот деп жариялай алады. Күрмеуі қиын мәселенің шешімі осылай Заңмен бекітілгеннен кейін оның тиімділігі уақыт меншігіндегі мәселе болып қала беремек.
Бибісара ЖАНӘЛІ