Бала тәрбиесіне кім жауапты: мектеп пе, ата-ана ма?
Бала тәрбиесіне кім жауапты? Мектеп пе, ата-ана ма? Қарапайым болып көрінгенімен күрделі әрі терең зерттеуді қажет ететін бұл сауалға қатысты пікірлер бүгінде екіге бөлінеді. Мектеп мұғалімдері баланың басты ұстазы ата-ана екенін алға тартып, барлық тәрбиенің бастауы отбасынан басталатынын айтса, жұмысбасты әрі өзгерістерге бейім жастағы жеткіншек баласын көбіне бақылаусыз қалдыратын ата-аналар барлық жауапкершілікті мектепке ысыруға дайын тұрады. Бүгін осы тақырыпты қаламымызға арқау етіп, жан-жақты сараптап көруді жөн көрдік.
Тәртіпсіздік тек қуалай ма?
Қанның тазалығын және жеті атаға дейін қыз алыспаған халқымыздың қасиетін айтып, мақтанғанда қазақтың алдына ешкім түсе қоймас. Өйткені, тектілік феномені ауызекі тілде ғана емес, ғылымда да дәлелденген. «Батырдың баласы батыр, ақынның баласы ақын болады» деп топшылайтындар да көп. Ал тәртіпсіздің, басбұзардың баласы ше? Тәртіпсіздік тек қуалайды деген қаншалықты рас? Бұл туралы ахундар мен ишандар шыққан әулеттің түлегі, ауданға белгілі батагөй қария Рақымжан Бәйменовтің пікірін білдік.
«Ұзақ жылдар білім саласында жұмыс істеп, халықтың баласына білім бердік. Сонда аңғарғаным, тәрбие де, тәрбиесіздік те тек қуалайды екен. Ата-анасы жақсының баласы да жақсы, өнегелі, үлгілі болады. Ал ата-анасы ішімдікке, басқа да жаман әдеттерге бейім отбасынан шыққан балалардың сабақ үлгеріме де, тәртібі де нашар болып келеді. Сондықтан тәрбиесіздік тек қуалайды деп санаймын. Бірақ адамның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, көзқарасы мен сенімін, тіпті қалыптасып қалған әдетін өзгертуге болады. Ол үшін үлкен жұмыс істеу керек. Адамның әр сәті, әр сағаты бақылауда болып, нақты мақсат пен талап қойылса, өзгермейтін, ретке келмейтін дүние жоқ. Данышпан Абайдың қара сөздеріне зер салып көріңіздер» дейді қажы атанған қария.
Ардагердің сөзінен кейін Абайдың қара сөздерін парақтадық. Отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» депті Абай Құнанбайұлы. Демек, сөзге еруге де, өзгеруге де болады. Ол адамның өзіне, ортасына тікелей байланысты дүние. Осы ретте, қырық жылдан астам еңбек өтілі бар ардагер-ұстаз Күлшат Қалмағанбетованы әңгімеге тарттық. Ұлағатты ұстаз әр адамның өмірін бөлек, жеке-дара қарастыру қажеттігін айтып, ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп, бұл тақырыпта біржақты пікір білдіруге болмайтынын алға тартты. Себебі, еңбек жолында жақсы отбасынан шығып, жаман азамат болып өсіп-жетілгендерді кездестіріпті. Сәйкесінше, ата-анасының білімі, пайым-парасаты төмен болса да баласының жақсы азамат болып, өмірден өз орнын тапқанын да көрген.
«Қырық жылдық еңбек өтілімізде бірнеше буынға білім бердік, қызықты да, қиындықты да қатар көрдік. Мен ата-анасы нашар бала нашар оқушы болады дегенге келіспеймін. Сонымен қатар ата-анасы жақсы баланың да жақсы болуы екіталай. Бір жылдары мектебімізде жақсы отбасының баласы білім алды. Ата-анасы сондай қарапайым, адал, керемет жандар еді. Бірақ баласы бұзықтыққа бейімдеу болды. Баласының теріс қылығы үшін ата-анасының ұялып, жұрт алдында жабырқаған сәттерін көзбен көрдік. Мұндайда қалай бұл бала ата-анасына ұқсамаған деп ойлайтынбыз. Ал бір жылдары мектебімізде ата-анасы ішкілікке жақын, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар білім алды. Қызығы сол, олардың сабақ үлгерімі жақсы, белсенділігі де өте жоғары еді. Бәрі үздік оқып, өмірден өз орындарын тапты. Міне, көрдіңіз бе? Өмір деген осылай... Баланың адам болуына да, арам болуына да өскен ортасымен қатар, өзінің таным-түсінігі, түйсігі әсер етеді. Әрине, оған мектептің де, мұғалімдердің де, ата-анасының ықпалы болады. Мен қолайсыз бала қолайсыз отбасының жемісі деп айта алмаймын» дейді ардагер-ұстаз Күлшат Қалмағанбетова.
Иә, екі пікір иесінің де айтқан сөзінің жаны бар. Бірақ жасөспірім шақтағы бала психологиясын зерттеушілер адам бойындағы кейбір аурулардың тұқым қуалайтыны секілді кейбір әдеттердің де тек қуалайтынын жасырмайды. Сол себепті ұл-қызым текті елдің рухы биік ұрпағы болсын деген әр ата-ана баласының қызығушылығынан бастап, арманына, мақсатына, тіпті күнделікті іс-әрекеті мен әдетіне мән беруі қажет.
Қолайсыз бала қайдан шығады?
Отбасылық қарым-қатынастар туралы лекция оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген белгілі психолог Сымбат
Абдрахманова бүгінде баланы ата-ана емес, телефон, әлеуметтік желілер тәрбиелеп жатқанын айтады. Ал телефонға телмірген бала түрлі әлеуметтік желіден адам айтса сенгісіз ақпараттарды санасына сіңіріп жатқаны жасырын емес. Сондықтан кәсіби маман қолайсыз оқушы балаларының тәрбиесі қараусыз қалған отбасыдан шығады деп санайды.
– Барлық мәселе бірінші кезекте ата-анаға байланысты. Өйткені, кез келген бала өмірге келгенде мұғаліммен, қоршаған ортамен емес, әуелі ата-анамен табысады, соның қарауында болады. Сөздің шыны керек, баласы өмірге келгеннен кейін 2-3 жасынан бастап қолына телефон беріп қоятын ата-аналар көп. Баласымен сөйлеспейтіндер, оның қызығушылығына мән бермейтіндер де көбейді. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Тіпті, өте жұмысбасты ата-аналар кейде балаларының туған күнін де ұмытып кетіп жатады. Мұның бәрі көңіл бөлмеудің, баланы екінші орынға қоюдың салдары, – дейді білікті психолог.
Ойлап қарасақ, психологтың пікірі рас. Қазір көп ата-ана баласының тәртібін, тәрбиесін, білім деңгейін күнделікті бақылауда ұстамақ түгілі, оның нені ұнатып, нені ұнатпайтынын, тіпті, күні бойы немен айналысқанын да білмейді. Яғни, сананы нарық билеген заманның ата-аналары перзентінің бүгіні мен болашағына аса көңіл бөлмейді. Содан бала қараусыз қалады да ата-ананың емес әлеуметтік желінің, қоғамдық формациялардың ықпалында болады. Статистикалық ақпараттар балалар арасында соңғы жылдары болып жатқан қорқынышты оқиғалар ата-ана мен бала арасындағы осындай суық қарым-қатынастың кесірінен орын алып жатқанын айғақтайды.
– Менің қабылдауыма ата-аналар көп келеді. Олар «Балам ашушаң болып кетті. Мінезінде түсініксіз өзгерістер болуда. Соны маман ретінде қарап, кеңес беріңізші» дейді. Мен ата-ананы да, баланы да бірге отырғызып бірдей сұрақ қоямын. Ата-анасынан баласы туралы, баласынан ата-анасы туралы сұраймын. Мәселен, баласының мектепте кіммен бір партада отыратынын, бүгін неше сабақ болғанын, арманы қандай екенін сұрасам, осы қарапайым сұрақтардың жауабын білмейтін ата-аналар кездеседі. Балалары да ата-аналары туралы өте аз мәлімет біледі немесе жұмыс орнын айтумен ғана шектеледі. Бұл ата-ана мен бала арасындағы алшақтық ұлғайғанын білдіреді. Психолог ретінде әрбір ата-анаға балаға өте көп көңіл бөлудің маңызды екенін айтқым келеді, – дейді Сымбат Абдрахманова.
Білікті психологтың пікірін Сырдария ауданының өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақасов қуаттай түсті. Ол баланың бос уақыты мейілінше көп болса, оның жат әдетке ұрыну қаупі де соншалықты артатынын айтады. Бізбен әңгімелесу барысында өнер ұжымының басшысы баланың кішкентайынан түрлі үйірмелерге қатысуына жол ашып, оның талантын шыңдауға ата-ана жіті көңіл бөлу керектігіне назар аударды.
– Сырдария ауданының өнер мектебінде 9 үйірме жұмыс істейді, оған 350-ге жуық оқушы қатысады. Кейде баласын үйірмеге әкеліп, оны күтіп отыратын ата-аналарды көріп, пікірлесемін. Олар баласынан көп үміт күтетінін айтып, болашағына сеніммен қарайды. Бұл – үлкен қуаныш, жетістік. Мұндайда әр ата-ана осылай баласына көңіл бөлсе, олардың бос уақытын жақсы істерге арнаса деп ойлаймыз. Баланың бос уақыты дұрыс жоспарланса, болашағы да жақсы болады, – дейді аудандық өнер мектебінің директоры.
Бұдан қолайсыз оқушы баласының тәрбиесі қараусыз отбасыдан шығатынын ұғамыз. Ал балаларын бақылауда ұстап, бос уақытын дұрыс жоспарлай білген отбасыдан үлгілі балалар түлеп-ұшары белгілі. Өмірде де, қызметте де өзіндік орны бар азаматтардың кәсіби мол тәжірибесіне сүйеніп, біз де балаға барынша көңіл бөлген дұрыс екенін айтқымыз келеді. Бір сөзбен айтқанда, баланың бүгіні – оның ертеңгі болашағының негізі. Сол себепті, әрбір ата-ана баласының тәрбиесін бақылаусыз, қараусыз қалдырмауы қажет.
Мұғалімдердің мәртебесін кім ойлайды?
Сөз жоқ, қоғамда бала тәрбиесіне мектеп жауапты деп, жауапкершіліктің басым бөлігін педагогикалық ұжымға сілтей салатындар бар. Ал қай мұғалім оқушының жаман болғанын қалайды?! Бұл ретте, мұғалімдердің де заңмен реттелген мәртебесін ойлауымыз керек.
Жасыратын несі бар, сенбі-жексенбі және кейбір мерекелік күндері мұғалімдердің қатысуымен «Педагогикалық патруль» кезекшіліктері ұйымдастырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, түнгі мезгілде мұғалімдер көшелерді аралап, оқушылардың беймезгіл уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрмеуін бақылайды. Бұл іске көбіне жас мұғалімдер жауапты болып, «Педагогикалық патруль» кезекшіліктері соларға жүктеледі. Ал жас мұғалімдердің арасында әлі тұрмыс құрмаған бойжеткендер мен жас аналар көп екені белгілі. Осы ретте, заңды сұрақ, орынды мәселе туындайды. Мұғалім де бала тәрбиелеп отырған ата-ана емес пе? Демек, оның да үйінде мектеп жасындағы баласы бар. Мұғалім «Педагогикалық патруль» кезекшілігінде жүргенде баласы бірдеңеге ұрынса, кім жауап береді? Сондай-ақ түнде көше аралап жүргенде мұғалімді ит қауып, басқа да оқыс жағдайға ұрынса, не болмақ? Басы ашық сұрақ көп, берілер жауап мардымсыз.
Бұл мәселе жақында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген кеңейтілген мәжілісте де көтерілді. Ақжарма ауылындағы №130 Абай орта мектебінің директоры Ж.Ашықбаев аудандық прокуратура өкіліне сұрақты төтесінен қойды. «Мұғалімдер баланың мектептегі, сабақ уақытысындағы тәртібіне тікелей жауапты. Ал түнгі мезгілдегі тәлім-тәрбиесіне бірінші кезекте ата-анасы жауап беруі керек деп есептейміз. Бірінші кезекте баласын бақылаусыз қалдырған ата-ана жауаптылыққа тартылуы қажет. Сіздер түнгі мезгілде қандай да бір мектептің немесе сыныптың оқушысы бақылаусыз, ата-анасының қарауынсыз жүрсе, сол сыныптың жетекшісінен бастап тиісті мамандарына тәртіптік шара көру жөнінде ұсыныс хат жазасыздар. Бұл қаншалықты заңды, қаншалықты әділ?» деді Ж.Ашықбаев.
Мектеп директоры көтерген мәселені кеңейтілген мәжіліске қатысушы сынып жетекшілері, психолог мамандар, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар түгел дерлік қолдады. Расында да оқушы түнгі мезгілде ата-анасының бақылауынсыз жүрсе, сөйтіп құқықбұзушылық жасаса, ата-анасы жауап беруі керек. Бұл логикаға да сай келеді. Бірақ аудандық прокуратура өкілі Д.Ұзақбаев бұл сұраққа «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңға сүйеніп, қысқа әрі нұсқа жауап берді. Заңға сәйкес, мектеп жасындағы баланың құқықбұзуына білім беру ұйымы да жауапты екен, ал шара көру жөніндегі ұсыныс бойынша білім бөлімі шешім қабылдайды.
Бұл мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков те пікір білдірді. Ол әріптестерінің еңбегін жоққа шығармайтынын айтып, мұғалім мәртебесін бірінші кезекке қою қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін көтеру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілу керектігін жеткізді. Түнгі мезгілде бақылаусыз жүрген балалар бойынша сынып жетекшісіне тәртіптік шара бірден көрілмейтінін, әрбір ұсыныс бойынша жан-жақты зерттеліп, зерделеніп барып шешім қабылданатынын айтып өтті. «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деген халық даналығын негізге алсақ, қалай болғанда да баланың түнгі мезгілде оқыс жағдайға ұрынуына бірінші кезекте ата-ана жауапты болуы керек. Мұны мектепке, сынып жетекшісіне ысыру әсте дұрыс емес. Баланы өмірге әкелген соң оны дұрыс бағып-қағуды, тұрақты бақылауда ұстауды да тереңірек ойлауымыз қажет» дейді бөлім басшысы.
Баланың бас ұстазы – ата-ана
Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, адал, білімді азамат болғанын қалайды. Баласының болашағынан көп үміт күтіп, армандайтын ата-аналардың бәрі отбасының бақыты – Отанның бақыты екенін түсінеді. Расында да бала тәрбиесінің алтын қазығы – өз отбасысы. Сондықтан қай ғылымға, қай ілімге сүйенсек те, «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, алғыр, еңбексүйгіш етіп тәрбиелеген дұрыс.
Ардақты ардагер Шәкі Оспановтың асыл жары, көпбалалы ана Қарақас әжені ауданда білмейтін жан кемде-кем. Алтын құрсақты ана бала тәрбиесінде отбасының алатын рөлі жоғары екенін айтады.
– Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Тәрбиенің негізі әкенің қанымен, ананың әлдиімен бойға сіңеді. Соңғы жылдары отбасында ғана емес, қоғамда әкелердің, ер азаматтардың рөлі төмендегендей. Оған кейде заманды кінәлап жатамыз. Меніңше, заманды кінәлаудың қажеті жоқ. Мысалы, мен қанша жасым үлкен болса да ер адам отырған жерде бата бермеймін. Өйткені, жаратылысым әйел. Ал әйел адам ерден бір саты төмен тұруы тиіс. Мен әйел басыммен бата берсем, оны көрген менен кейінгілер де солай жасауы мүмкін. Ал ол ортада жастар, балалар отырса ше?! Олар көргенін істейді ғой. Содан отбасылық құндылықтар әлсірейді. Міне, бала тәрбиесі деген осындайдан басталады. Әр отбасынан әкенің айбары, ананың ақылы сезіліп тұрса, ол отбасыдан шыққан бала жаман болмайды, – дейді ардагер ана.
Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне баса мән берудің маңыздылығын аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлы кеңінен айтып жүр. Ол қазақ халқының бұл ұстанымы дінге де, салт-дәстүрге де сай келетінін айтады. Тіпті, баласы үшін ата-анасы жауап беретіні қасиетті кітапта да, хадистерде де жазылыпты.
– «Баланы жастан» деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ. Баланы жас, әлі ешнәрсе білмейді, өсе келе бәрін түсінеді деп ойлау – үлкен қателік. Бала тәрбиесі ата-ана үшін әр сағат, әр күн сайын үздіксіз жүргізілетін аса жауапты, күрделі процесс. Тәрбиенің түп негізі – отбасынан басталады, оны қоғамдық қатынастардың қандай саласы болса да алмастыра алмайды, – дейді Асхат Асқарұлы.
Баланың мінез-құлқы, әдет-дағдысы отбасында қалыптасатыны белгілі. Ал отбасының тірегі – ата-ана десек, ананың тілегі – баласының жақсы азамат болып, өмірден өз орнын табуы. Сондықтан бала тәрбиесінде отбасының да, ата-ананың да алатын орны ерекше. Түйіндей айтқанда, әрбір ата-ана баланың бас ұстазы өзі екенін жадынан шығармауы қажет. Ол үшін жеке жауапкершілік танытудың маңызы орасан зор.
Түйін. ҚР Ата Заңының 27-бабының екінші тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінсе, келесі тармақта «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп жазылған. Бұдан біз ата-ананың бала алдында, баланың ата-ана алдында жауапкершілігі заңмен реттелгенін ұғамыз. Ал заңнан да жоғары құндылықтар бар екені тағы аян. Оны ата-бабаларымыз «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш-ақ ауыз сөзге топтастырған. Сондықтан ұятты болмау үшін тәртіпке бағынып, балаға қатысты тәлім-тәрбиеге әрқайсымыз аса мән беруіміз қажет.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ